13 Маусым, 2015

ҰБТ-ның оң өзгерістері

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-850Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ағымдағы жылдың ҰБТ қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Онда Білім және ғылым министрлігі, білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов ұлттық тестілеудің соңғы ақпараттарымен бөлісті. Үстіміздегі жылы мектепті 124 346 оқушы бітірді, оның 84 248-і қазақ тілінде оқитын оқушылар болса, 40 098-і орыс тілінде оқитындар. Осы жылғы ҰБТ-ның орташа балы 2,6% өсті және 79,5 балды құрады, дей келе С.Нүсіпов ҰБТ енгізілгелі бері алғаш рет қазақ тілінде оқитындар мен орыс тіліндегі бітірушілердің нәтижелері теңескендігін атап өтті. Сонымен қатар, 4397 үміткердің 2205-і «Алтын белгі» алып, жеңіс мәресінен көрінген. Биылғы жылы тестілеудің ең жоғары ұпайы 125-ті иеленген бітірушілер саны 5 болса, 100-ден жоғары жинағандар саны 14 420 болыпты. Мыңнан озған түлектерді атап өтер болсақ, олар Гүлназ Ердосова, Риана Мустафина, Сымбат Самат, Лаура Абдазимова, Анастасия Яковлева, деді комитет төрағасы. Ал жоғары оқу орнына түсу үшін 50 балдық шекті дең­гей­ден өткен түлектер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 пай­ызға артқандығын айтқан С.Нүсі­пов республикалық апел­ля­ция­лық комиссияға түлек­тер­ден 347 арыздың 131-і қанағ­ат­тандырылғандығын көлденең тартты. Бұл орайда, ол осы жылдағы ҰБТ қорытындысының өткен жыл­мен салыстырғанда алға жылжы­ғандығы, ол жүйені жетілдіру жұмыстарының арқасында болғанын атап көрсетті. Бірқатар себептерге байланысты өзгертілген ҰБТ жүйесі, айтар болсақ – аттестат бағасын бағамдау, шалғай аймақтарда қосымша бекеттердің ашылуы, аймақтардың тестке дайындығын бағалаудың жаңа әдістерін қолдану секілді өзгерістер биылғы тестілеудің оң нәтижесіне қол жеткізуге сеп болды, деді ол. Сонымен қатар, ҰБТ тапсыратын түлектерге арнап 535 мың дайындық тест сұрақтары және 172 560 әдістемелік құралдар шығарылып, тестілеу өткізіліпті. Бесінші пән ретінде аз таңдалатын дүниежүзі тарихы 27% , химия пәні 21%, ағылшын тілі 20%, қа­зақ және орыс әдебиеттері 7-8% жаңартылды, деді өз сөзінде С.Нүсіпов. Оның айтуы бойынша үсті­міз­дегі жылдың тестілеу барысын жіті бақылап, түлектер үшін психо­логиялық жағдай жасауға аталған министрлік тарапынан 2 мың азамат бас-аяғы 165 бекетте қызмет атқарған. Ал мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы кабинеттер жасақталып, оларды медицина қызметкерлері қадағалаған. Айта кетерлігі, тест нәтижесін жариялау үшін арнайы ақпараттық технологиялар қолданылған екен. Бұл әдіс бітірушілердің психологиялық ахуалын жеңілдетуге септігін тигізген. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».