27 Сәуір, 2015

Қызылордада қазақ күресінен «Сыр барысы» анықталды

393 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
сыр-барысы1ҚЫЗЫЛОРДА. 27 сәуір. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қазақ күресінен Қызылорда облыстық «Алтын белбеу» турнирі мәресіне жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Алтын белбеу» жарысы айдан астам уақытқа созылды. Боз кілемдегі балуандар үш кезең бойынша төрт жас деңгейінде сынға түсті. Елді мекендерден басталған биылғы жарыстың аудандық, қалалық, облыстық іріктеу турларына барлығы 7 152 спортшы қатысты. Жарыстың үшінші кезеңі – шешуші сынға Байқоңыр және Қызылорда қалалары мен аудандардан 256 палуан қатысты. Ең кіші жас ерекшелігі бойынша Қызылорда қаласының спортшылары жақсы қырынан көрінді. Ал жасөспірімдер арасында Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары, жастардан Қызылорда қаласының спортшылары өздерінің мықтылықтарын байқатты. Ересектер арасында Қармақшы ауданынан келген палуандар да бірнеше жүлдеге қол жеткізді. Түйе палуан сайысына 22 спортшы қатысты. Олардың арасында Аралдың палуаны Нұрым Сәлімгереев «Сыр барысы» атанды. Оған «Алтын белбеу» белдігі мен 1 млн. 200 мың теңгенің сертификаты табысталды. «Сыр арланы» атағын иемденген Руслан Әбдіразақовқа (Жалағаш ауд.) 700 мың теңгенің сертификаты берілсе, «Сыр сұңқары» – Айбек Серікбаевқа 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сондай-ақ, әр жас ерекшеліктері бойынша 1, 2 және 3-орындарды иеленген спортшылар алғыс хаттармен марапатталып, оларға да қаржылай сыйлықтар берілді. Осы сайыс қорытындысы бойынша 5 шілде күні Астана қаласында Қазақстан Президентінің жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Қызылорда облысынан Нұрым Сәлімгереев пен Руслан Әбдіразақов қатысатын болды. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz. сыр-барысы