ЖОЛДАУ • 06 Қыркүйек, 2024

Әр бағыты бірлікке үндейді

48 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бас қосып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауына қатысты пікір алмасып, ортақ мүдделер төңірегінде ой бөлісті.

Әр бағыты бірлікке үндейді

Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы­ның орынбасары – Қазақстан Прези­дент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының мең­герушісі Марат Әзілханов,  Пар­ла­мент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту коми­тетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлес­тіктерінің, ҚХА қоғам­дық құрылымдары мен «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында жиынға қатысушылар жалпыұлт­тық бірлікті нығай­туға, азамат­тардың құқық­тық мәдениетінің деңгейін арт­тыруға, саяси және қоғам­дық өмірді жаңарту­ға, жастарды патриотизмге тәрбиелеуге, Қазақ­стан тарихы мен мәдение­тін құрметтеуге бағыттал­ған жобаларды іске асыру мәсе­лелері төңірегінде пікір алмасты.

Марат Әзілханов өз сөзінде ҚХА мүшелеріне Ассамблеяның «Жүректен-жүрекке» және «Мектеп­ке жол» ауқымды қайырым­дылық акцияларына бел­сенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асырудағы Ассамблеяның қызметі мен рөлін атап өтті.

– Дәл қазір алдымызда тұрған басты міндет – Жол­даудың әрбір тармағын жүзе­ге асыру үшін нақты қадам­дарды ойластыру және соған сәйкес күш біріктіріп, әрекет ету. Алдымен негізгі тақырыпқа көшпес бұ­рын барлықтарыңызға «Жүрек­тен-жүрекке» және «Мектеп­ке жол» ауқымды қайы­рым­ды­лық акцияларына бір кісі­дей атсалысып, үлкен үлес қос­қан­дарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Соңғы онкүндікте біздің жұмыс ерекше қарқын алып, 260 млн теңгеге шамамен 6 500-дей баланы мектепке дайындадық. Бұл қоғамда атап өтуге тұрарлық береке мен бірліктің үлкен жетістігі.

Жалпы, еліміздің даму жолындағы басты саяси құжатқа баланатын Жолдауда мемлекеттік саясаттың барлық саласы мейлінше қамтылған, әсіресе экономикалық, әлеу­меттік мәселелерге басым­­дық беріліп отыр. Десе де, Пре­зидент айтқан барлық бастама, ұсыныстар мен тапсырмалар Әділетті Қазақстан құру жолындағы ортақ мүддеге келіп тоғысады.

Сонымен қатар Президент айтқан негізгі міндеттердің бірі – елімізді жайлы және қауіпсіз өмір сүру аймағына айналдыру Ассамблеяның да әрбір мүшесінің міндеті ретінде қарастырылуы қажет екендігі айқындалды. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында біздің қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екенін ерекше атап өтті. «Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана әділетті, таза, қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», деді Президент. Яғни қоғамда заң мен тәртіп қағидатын тереңінен бекітуге ерекше назар аударудың маңызы зор,  деді М.Әзілханов.

Одан кейін сөз алған Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы біздің мемлекет пен қоғамды терең трансформациялаудың жал­ға­сы, алдағы жылдардағы дамуын айқындайтын бағдары екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды бағыттарға назар аударды. Олардың қатарында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын нығайту мәселелері де бар. Президент этносаралық қатынастар саласын одан әрі дамытуға айрықша назар аударатын, оны ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететін сала екеніне тағы да ерекше тоқталды. Бұл ретте, Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық келісімді нығайту мен жалпыұлттық бірегейлікті қа­лыптастыру, осы бағытта халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік органдар жұмысына жаңашыл тәсіл­дерді енгізу, этномәдени бірлес­тіктер әлеуетін тиімді пайда­лану тұрғысында жұмыс­ты қолға алған, – деді Ғ.Шойкин.

Мәжіліс депутаты Генна­дий Шиповских биыл­ғы Жолдаудың басты ерек­шеліктеріне тоқталды.

– Бірінші кезекте менің өзіме жақын жұмысшы мамандықтарды көтермелеу, олардың мәртебесін арттырып, жағдай жасау бағытындағы Президент тапсырмасы көңіліме қонды. Бүгінде расында ел аумағында кадр тапшылығы анық сезіледі, яғни техникалық мамандықтар қат болып тұр. Сондықтан жұмысшы мамандықтарды барынша дәріптеп, олардың таны­малдылығын арттыру тұр­ғысындағы Мемлекет басшы­сының тапсырмасы өте тиімді шешім болды, – деді Мәжіліс депутаты.

Басқосуда сөз сөйлеп, азаматтық ойларын жеткізген өзге де ҚХА мүшелері Әділетті Қазақстан құру жолындағы байыпты бастамалар мен нақты ұсыныстар төңірегіне ұйысып, отандастарымызды ортақ істе аянып қалмауға үндеді.