Фото:Оқу-ағарту министрлігі
IOI-2024-ке 90 мемлекет үміт артқан 350 оқушы қатысты.
Қазақстан құрамасы сапынан Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Максим Цой, Атырау облыстық №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мансұр Таймас, Алматы қаласындағы мектептің 11-сынып оқушысы Назар Серазитдинов күміс медаль иеленді. Ал Қызылорда облыстық «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ахмет Иса қола жүлде қанжығалады.
Оқу-ағарту министрлігі шәкірттерін жоғары жетістіктерге жетелеген команда жетекшілері Темірлан Сатылханов пен Айбар Қуанышбайға ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға біржолғы сыйақы беріледі. Осы сында күміс медаль еншілеген 3 оқушыға – 1000 АЕК, қола медаль иеленген 1 оқушыға – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы табысталады.