Қоғам • 06 Қыркүйек, 2024

AMANAT фракциясы уақыт белдеуі мәселесін Мәжілісте қарауды ұсынды

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының жиыны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

AMANAT фракциясы уақыт белдеуі мәселесін Мәжілісте қарауды ұсынды

Фото: Әли Ғалым

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге сапары кезінде жиналған халықтың барлық проблемалық мәселесі жүйеленіп, оны шешу үшін Үкіметке жолданатынын атап өтті. Бұл жұмыстың қорытындысы жыл соңында Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде ашық қаралады.

Әли Ғалым

Осы орайда, бірқатар депутат Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, Жетісу облыстары тұрғындарын толғандырған ең өзекті мәселелердің қатарында UTC+5 уақыт форматына көшу екенін атап өтті. Кездесулер барысында азаматтар депутаттарға дәл осы мәселеге байланысты туындаған қолайсыздықтар туралы көп дәлел келтірді – түн ортасында таң атады, әдеттегіден әлдеқайда ерте қараңғы түседі. Мұның бәрі адамдардың күнделікті өміріне кері әсер етеді.

Бұған қоса, бастамашыл азаматтар тобы осы мәселе бойынша тиісті петиция жариялап, ол қоғамда қызу талқыға түсті. Жуырда өткен Мәжілістің пленарлық отырысында бұл мәселені «AMANAT» фракциясының мүшесі, Шығыс Қазақстан облысынан сайланған бірмандатты депутат Лұқбек Тумашинов көтерді. Алайда, Сауда және интеграция министрінің аталған мәселе үш жылдан кейін қаралады деген жауабын халық қалаулылары жеткіліксіз деп таныды.

Аталған мәселе бойынша депутаттар Лұқбек Тумашинов, Ринат Заитов, Юлия Кучинская, Дәулет Мұқаев, Нұртай Сабильянов, Асхат Аймағамбетов, Дүйсенбай Тұрғанов және өзге де азаматтар пікір білдірді.

Осы тақырып төңірегіндегі қоғамдық үлкен резонансты ескере отырып, талқылау нәтижесінде фракция депутаттары мүдделі мемлекеттік органдардың, ғалымдардың, сарапшылардың және өңірлердегі өкілдердің қатысуымен алдағы уақытта өтетін Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде уақыт белдеуін ауыстыру мәселесін ашық қарау туралы шешім қабылдады. Отырыс қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, оны Үкіметке ұсыну жоспарға алынған.