Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Намыс пен жігер әйгіленбек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүбірлі додаға дайындықты пысықтаған кеңесте байрақты бәсеке жоғары деңгейде ұйымдастырылып, халқымыздың терең тарихы мен мәдениетін, қонақжайлық қасиетін көрсетуге тиіс екенін, меймандар мен спортшыларға қажетті жағдай жасау аса маңызды екенін ескертті. Сайыстарды қабылдайтын инфрақұрылым жаңғыртылып, спорт кешендеріне күрделі жөндеу қарқынды жүргізілді. Ұлттық ойындарды қабылдайтын кешендер маңынан жаңа нысандар да соғылып, сайыстар ғана емес, мәдени іс-шаралар өтетін этноауыл бой көтерді.
Елімізде бұған дейін қысқы Азия ойындары, студенттер арасында бүкіләлемдік қысқы Универсиада сынды дүбірлі додалар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Енді міне, этноспорт аламанының түңлігі түрілетін де сәт жақын.
Қашанда «тойдың болғанынан боладысы қызық». Жұмылған жұдырықтай ынтымақпен өрбіген әзірлік жұмыстары да тиянақталды. Ұйымдастыру алқасы барлық шараны жүйелі жүргізілгенін айтты. Көшпелілер ойындарында сайысқа қосылатын аттар мен құсбегілік додасында қырағылығы сыналатын құстарды ұстайтын орын қажетті ветеринарлық-санитарлық стандартқа сай келеді. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев пен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Бақдәулет Сәбитов ұйымдастыру алқасы да, қатысушылар да сақадай-сай әзір екенін жеткізді
Суретті түсірген – Ерлбол ЕРДЕНБЕК
А.Қондыбаев дүбірлі аламанға жалпы саны 560 ат әкелінгенін атап өтті. Оның ішінде 114 жүйрікті ат спорты ойындарына қатысатын ұлттық құрама мүшелері мініп шықса, 300-ге жуық қылқұйрық көшпелілер ойындарына қатысатын шетелдік командаларға уақытша беріледі. Қырғызстан, Моңғолия, Қытай сынды елдерден келетін делегация өз аттарын мініп шығады. Этноспорт аламанына қатысатын аттардың барлығы да «Арғымақ» ат спорты кешенінде және «Қазанат» ипподромында арнайы соғылған қорада тұрады.
Ал дәстүрлі аңшылық өнер сайысында («Құсбегілік») көрермендер 45 қыранның өнерін тамашалайды. Бұл ұлттық құраманың құстары, сондай-ақ Моңғолия мен Қырғызстаннан қырандар, сұңқарлар мен қаршығаларын құсбегілер өздері әкелмек. Бір аптаға ұласатын айтулы іс-шарада 1 300 ерікті жұмылдырылады. Абылай Қондыбаев еріктілер бірнеше бағыт бойынша қызмет атқаратынын айтты.
«Додаға дейін үміткерлерден 4 500-ден аса өтінім келіп түскен, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Түрікменстан, және Гана Республикасынан да ерікті болуға ықылас танытқандар бар. Іріктеуден өткен көмекшілер енді қонақтарды қарсы алу, спорттық алаңдарда жұмыс істеу, транспорт, тамақтандыру бағыттары бойынша жұмыс атқарады», деді ол.
Аталған дирекция өкілі ертең салтанатты ашылу рәсімі өтетін «Астана Арена» стадионына қатысушыларды автобуспен жеткізу қызметі іске қосылатынын айтты. Көрермендерге этноауыл, «Қазанат» ипподромы, «Арғымақ» ат спорты кешендеріне өз көліктерімен баруға рұқсат етілмейді. Ойындар кезінде қоғамдық автобустар еш кедергісіз өз кестесімен қатынайды. Сондай-ақ 7–13 қыркүйек аралығында, яғни жарыс күндері көрермендер үшін арнайы шатл басс ұйымдастырылады.
«Әр күні сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін «Астана Арена» стадионы, ЭКСПО және республикалық Бас мешітте автобустар жанкүйерлерді осы спорттық нысандарға ақысыз тасымалдайды. Одан басқа қалалық қоғамдық көліктер ақылы түрде аталған үш нысанға барады», деді спикер.
2014 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан көшпелілер ойындарында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Астана төрін ұсынатын дүбірлі додаға 89 елден 2 430 қатысушы тіркелген. Оның ішінде жаттықтырушылар, спортшылар, мәдени және ғылыми жобаларға қатысатын ғалымдар, зерттеушілер де бар. Медальдің жалпы саны – 581 дана. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жүлде қоры – 250 млн теңге. Сыйақы қаражаты ойындардың бас серіктесі «Халық банк» тарапынан бөлініп отыр.
Ғылыми бағдарламаға 12 елден 75 қатысушы тіркелген. Конференция 9 қыркүйек күні өтсе, мәдениет бағыты бойынша Этноауылда 100-ден аса мәдени іс-шараға 5 600 қатысушы үлес қосады. Оның ішінде этностық мәдени топ өкілдері мен дәстүрлі һәм эстрада әншілері, бишілер бар. Этноауыл бүгіннен жұмысын бастайды.
А.Қондыбаев іс-шараға дайындықтың соңғы кезеңі қарқынды жүргізілгенін атап өтіп, ақпараттық қолдау көрсетіп, маңызды оқиғаны насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне дирекция ұжымы атынан алғысын білдірді.
«Біз Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылуын асыға күтіп отырмыз. Осы айтулы оқиға қарсаңында дайындық қызу жүріп жатыр және біз қатысушыларды жоғары деңгейде қарсы алатынымызға сенімдімін», деді ол.
Қонақтарды қабылдау үшін елордадағы 20 қонақүй мен 331 көлік құралы жұмылдырылады. Қатысушылар үшін қонақүйлерден спорттық нысандарға арнайы шатл басстар ұйымдастырылады.
«Ертең Қазмедиа орталығында журналистердің ақпарат таратуына ыңғайлы болуы үшін ойындардың ашылу салтанаты тікелей эфирден көрсетіледі. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпелілер ойындары кезінде «Қазанат» ипподромында, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, «Алау» мұз айдыны кешенінде баспасөз орталықтары жұмыс істейді. Этноауылда арнайы студия ретінде жабдықталған киіз үй құрылады», деді А.Қондыбаев.
Спикер ойындардан ақпарат таратуға тек отандық қана емес, халықаралық БАҚ өкілдерінің де қызығушылығы жоғары екеніне тоқталды. Баспасөз аккредитациясына жалпы саны 64 елден 1 185 өтінім түскен. Олардың ішінде CNN, BBC, Euronews және т.б. әлемдік жетекші ақпарат құралдарының өкілдері де бар.
А.Қондыбаев көшпелілер ойындарын тамашалаушылар үшін наурыз айының соңын ала билеттер сатыла басталғанын айтты. Ересектерге арналған билеттерінің құны 500-ден 15 000 теңге аралығында сатылады. Ал билеттердің орташа бағасы – 3 600 теңге. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, оқушыларға жеңілдіктер қарастырылып, билет бағасы арзандатылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов Қазақстан құрамасындағы 216 спортшы 21 спорт түрінен де додаға қосылатынын атап өтті.
«Биыл ақпан айынан бері 11 ұлттық спорт түрлері бойынша 42 оқу-жаттығу жиындары өтті. Астана қаласында барлық 21 спорт түрінен команда мүшелері әзірліктерін пысықтап, ертең басталатын дүбірлі додада ел үмітін ақтайтынына сенім білдіреміз», деді Б.Сәбитов.
Бүгін «Көшпелілер ғаламы» этноауылдың салтанатты ашылу рәсімімен басталатын дүбірлі дода 13 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жорықтың мәнді мәресі
Көшпелілер ойындарының қарсаңында басталған халықаралық марафон-бәйге бүгін мәресіне жетеді. Солтүстік Қазақстан облысының Ботай қонысынан басталған бес күндік бәйге елордада аяқталады. Күн сайын 100 шақырымды өндірген қатысушылар аттарының тасырқамауын тілеп, жүлде қоры қомақты доданың бәйгесін олжалаудан үмітті.
«Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйге биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай атқа қонған шабандоздар жер апшысын қуырып көмбеге таяп келеді. Халықаралық марафон-бәйгеге қосылған Қырғызстанның құрама командасының қарқыны қатты болған еді. Топты бастап, үш кезеңді де өзгелерден оқ бойы озып келген Қырғызстан құрамасы көшбасшылық атақтан айырылды. Себебі кешегі төртінші кезеңде команда шабандоздарының бір емес, үш аты бірдей сайыстан шығып қалды. Жаңа қырғыз тұқымды жылқыларын мінген шабандоздардан жасақталған команданы бастап келген бапкер Жеңісбек Батырқұлов үш кезеңді көштің алдында жүрген шәкірттерінің талпынысына қуанғанын, бірақ аттарының болдырып әлсіздік танытқанына өкініш білдірді.
«Әттеген-ай дейміз, «білмейтін жердің ой-қыры көп» деген. Біз мұндай жорыққа тұңғыш рет қатысқандықтан тәжірибе кемшін түсті. Төртінші кезеңде үш атымыз тасырқап сайыстан шығарылды. Өкінішті, әрине. 500 шақырымдық марафон-бәйгенің көп бөлігін еңсеріп, мәреге жақын қалғанда осындай күйге тап болдық. Десе де Астана қаласына дейін қалған екі арғымағымызбен шауып барамыз», деді бапкер.
Жорық сайысының бас дәрігері Еркебұлан Қосаев шабандоз да, олар тақымдаған арғымақтар да қатаң бақылауда болатынын айтады.
«Ботай қонысынан Астана қаласына дейін 500 шақырым қашықтықтың бағыты арнайы картаға сызылып белгіленген. Шабандоздардың әрқайсысына да карта беріледі және аттарға чип орнатылған. Мойын мүшесіне, қалың етіне батырмай терінің астына орнатылған чип арқылы олардың әр 100 шақырымды қалай жүріп өткенін монитордан бақылаймыз. Қатысушылар карта бойынша қанша шақырымды шауып өтті, болмаса неше уақыт бөкен желіске салғанын, тіпті өрге келгенде өгізаяңмен жүрген уақыттарының барлығын чип арқылы есепке аламыз. Бағыттан адасып қиыс кетсе, кейін ол мәселе де төрешілер алқасының отырысында талқыланады. Чип салудағы мақсат – қатысушылардың орта жолда ат ауыстырып мінуіне жол бермеу. Мәреге жеткен соң келесі кезеңді бастамас бұрын шабандоздардың денсаулығын, аттардың жағдайын ветеринар мамандар жіті бақылап, сырқатын байқаса, сайысқа жібермейді», деді Е.Қосаев.
Халықаралық марафон бәйгенің бас төрешісі Серік Әбжанов сайыс әділетті өтіп жатқанын атап өтті.
«Бұл бәйге емес, жорық. Мұны шатастырмау керек. Басты мақсат командадағы бес аттың да төрт көзі түгел көмбеден көрінуі керек. Бірақ кей команда мүшелері уақыттан ұтамыз деп тіпті 50 шақырымды бір сағаттан аса уақытта өндіріп, аттарын зорықтырып та алғаны жасырын емес. Төртінші кезеңде қатысушылар Жалтыр елді мекенінен шығып, Тоғанасқа дейін 100 шақырым жолды жүріп өтті. Жолай бағыт бойынша бірнеше суат, бақылау пункті орналасқан. Жорық ережесі бойынша қатысушылар аттары шөлдемесе де суатқа аялдауға міндетті. Өйткені шабандоздың жағдайы қалай екенін де бақылауға міндеттіміз. Егер адасқан жағдайда осы бақылау пунктіндегі мамандар бағытты көрсетіп жөн сілтейді», деді бас төреші.
С.Әбжанов қатысушы командаларға ережені бұзса, айыппұл салынатынын да ескертті. Тіпті бұған дейін бірнеше команда айып арқалап та үлгеріпті. Мысалы, әр кезеңді бастар алдында командалар реттік саны бойынша мәреден жорықты бастайды. Сол уақытта дайын болмай кешігіп шықса, айып арқалайды. Ветеринарлық бақылау орталығының мамандары тексеретін мезетте аттарын әкелмесе де ұпайы төмендейді.
Халықаралық марафон-бәйгесінің ережесі бойынша соңғы мәреге дейін, яғни 500 шақырымды команда мүшелерінің кемінде үшеуі жүріп өтуі міндетті. Егер үш немесе төрт аты орта жолда сайыстан шығып қалса, бәйге берілмейді.
АҚШ құрамасы келді
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан додаға қосылатын АҚШ құрамасы кеше елордаға ұшып келді. Ковбойларды астаналықтар салтанатпен қарсы алып, ән-жырдан шашу шашып, ұлттық тағам түрлерінен дәм татқызды.
Этноспорт аламанына үшінші мәрте келген ковбойлар бұған дейін қырғыздың көкбөрі ойынынан додаға қосылып ысылды. Америкалық көкпаршылар наурыз айында Астанаға арнайы келіп, көкпардан ұлттық құрама мүшелерімен жолдастық кездесу өткізіп, төл ойынымыздың қыр-сырын үйренген еді. Көшпелілер додасына АҚШ құрамасын бастап келген команда капитаны Скотт Симмерман көкпар ойынына бозбала шағынан қызыққанын, ат үстіндегі ептілік пен білек күші сыналатын сайыстың әдіс-тәсілін команда мүшелері де тәуір меңгергенін айтты.
«Көкпар спортына деген қызығушылық бізді Қазақстанға бастап әкелді. Ковбойлардың қалай ойқастайтынын паш етеміз, бастысы, біз мінетін арғымақтар әлсіз болмаса екен дейміз. Дүбірлі додада үздіктер қатарынан көрінуге барымызды саламыз. Жанкүйерлеріміздің сенімін ақтап, көрермендерге тартысты ойын сыйлағымыз келеді», деді С.Симмерман.