Кәмшат Ақкемер ауылында туып өсіп, 19 жыл бұрын өз ауылының Батухан есімді жігітіне тұрмысқа шықты. Ақтөбе педагогикалық институтын бастауыш мектеп мұғалімі мамандығымен бітірсе де, бастапқыда балаларына қараймын деп үйінде отырды. Ересектері кішкентайларын қарауға жарағанда, балабақшаға тәрбиеші болып кіріп, сосын бастауыш сынып мұғалімдігіне ауысты.
Биыл 3-сыныпты оқытуды бастады. Ақкемер – шағын ауыл, Кәмшаттың оқушыларының саны да көп емес. Соған қарамастан оның назары өз балаларына қарағанда, мектептегі оқушыларына көбірек түседі. Ол әр оқушысына тұлға ретінде қарайды. Үйінде енесі бар, балалары – әжесінің айналасында.
«Осы шаңыраққа келін болып түскеніме 19 жыл болды. Содан бері ата-енемізбен бірге тұрып келдік. Атам үш жыл бұрын өмірден озды. Енем – қасымызда. Жолдасым – көпбалалы үйдің кенжесі. Өзім де – алты баланың кішісімін. Келін болып түскенде енемнің анасы да бізбен бірге тұрды. Үлкенге бағынып өскенбіз. Бала-шағаның тіршілігі, ағайын-туыстың шаруасына келгенде күйеуім, енем үшеуіміз ойласамыз. Кесімді сөзін енем айтады. Кейде өз ұсынысымды білдіремін. Ұрыспай, ақылмен ұғысуға тырысамыз. Әділетсіздікке төзбеймін, бірақ сабырлымын. Бұл – шешемнің тәрбиесі. Ол сабырлы кісі еді. Анамның сабырлылығы өзіме жұққан-ау деп кейде ойлап қоямын», дейді Кәмшат.
Шаңырақ құрған жастардың ұғыспай жататын жағдайлары жиі кездеседі. Мұндай жағдайда не істеу керек, екі жақтың ата-анасы қандай бағыт береді деген сұраққа келгенде Кәмшаттың өз ұстанымы бар. «Жастарға ештеңе айта алмаймын. Өйткені әркімнің өз ақылы өзінде ғой. Дегенмен шаңырақтың түтіні түзу ұшуына әйелге ақыл-парасат, сабыр мен ерекше төзім керек. Сыйластық та бірінші орында тұруға тиіс. Үй болған соң реніш болып тұрады ғой», дейді ойланып.
Кәмшат Майлықызы – екі жыл бұрын бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен облыстық олимпиада жүлдегері. Сабақ кезінде жаңашыл әдістерді қолданып, олимпиада, жарыстарға оқушыларды көп қатыстырғаны үшін мектебінің жаңашыл ұстазы атанды.
«Бала тәрбиелеу мен оқытудағы басты ұстанымым – адал бәсекелестік және өзара көмек. Оқушыларым өте алғыр. Бірін бірі артқа тастамайды, біріне бірі қамқор. Берілген тапсырманы ертерек бітіріп тастаған оқушым үлгермей жатқан балаға көмектеседі. Өз ойларын ашық айтады, батыл. «Қала мен ауыл мектебі оқушыларының арасындағы айырмашылық күн сайын ұлғайып бара жатыр. Сіз оны сезесіз бе?» деймін мен.
«Әрине, ауыл мектебі мен қала мектебінің айырмашылығы бар. Тіпті балалар арасында да айырмашылық бар. Ауыл баласы ұяң, биязы, ойланып сөйлейді, үлкеннің сөзін бөлмейді. Оқушыларымның осы қасиетін жан-жаққа жарыстарға барғанда көп байқаймын. Сондықтан да батыл бол деп оларға күш-жігер береміз. Екінші жағынан, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық жағдайы жақсарып келеді. Әсіресе жаңартылған оқу бағдарламасы енгізіліп, оған байланыс әлсіз болғанда көп қиындық көргеніміз рас. Интернет тек мектепте болды. Мұғалімдер кезекпен келіп, ұзақ сарылып отырып, сабаққа қажетті материалдарды жүктеп, үйге келіп шығарып аламыз. Күні-түні мектепте жүретін күндер де болды. Қазір Ақкемерде әрбір үйде интернет байланысы бар, жол жақсы, ауызсу құбыры тартылған. Газ өткізіледі деп жатыр. Ауылым өзіме ұнайды», дейді Кәмшат.
Қымбатшылық қысқан уақытта оқуға дайындаудың қиындығын жақсы түсінетін көпбалалы ұстаз балаларын ешкімнен кем қалдырмай өсіріп келеді. Жолдасы мектепте күзетшілік жұмыс істейді. Ол тамыз айында елімізде жүзеге асырылған «Мектепке жол» акциясы ауылдағы ата-аналарға жақсы көмек болды деген пікірде. Оның үстіне Ақкемер ауылының жан-жақта жүрген азаматтарының тамыз айының ортасында ауылға келіп, әр баланың оқу құралдарын, киім-кешегі мен сөмкесін әкеліп беретіні – жақсы үрдіс. Биыл да осы қайырымдылық ісі қайталанды.
Кәмшат ауылға көшіп келген әрбір отбасына әріптестерімен бірге көмектесуге даяр.
«Мектебіміздің жабылып қалмауы үшін келген әрбір оқушы біз үшін өте маңызды. Оларды ортамызға тартып, қажетін өзіміз жеткіземіз. Шыны керек, мен көпбалалы ана ретінде берілетін 13 мың теңгеден басқа көмек алмайды екенмін. Жыл сайын әр баланы оқуға дайындау кезінде ересегінің сыймай қалған киімін кішкентайға кигізіп, үнемдегеннің өзінде әр балаға 50-60 мың теңге жұмсалатын. Отбасым шүкір, балаларға төленетін жәрдемақы, жолдасымның табысы, өзімнің табысым бар, ешкімнен кем емеспіз. Соған қарамастан, тамыз айының ортасы туа қарбаласқа кіріп кетеміз. Биыл «Мектепке жол» арқылы ауылдағы ата-аналар жақсы көмек алды», дейді ұстаз.
Ауылдың сәні мектеп, ақылшысы ұстаз болып қалған қазіргі кезеңде бала саны тым аз болып жатса да, ауыл мектебінің жабылмауы керек. Ақкемер ауылы мектебінің 30 мұғалімі осы істің алдында келеді. Ынтымағы мол, береке ұйысқан ауылда кез келген шаруаны мұғалімдер бір-бірімен ақылдаспай шешпейді. Олар әр үйдегі ахуалды оқушысының қабағынан, киімінен біледі. Біледі де, сол жұқалау отбасының баласын демеп жібереді. Осы істің алдында көпбалалы ана Кәмшат жүр.
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы