Отбасы • Кеше

Әкенің тәрбиесі – қабағы

89 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біз – әкенің қабағына байланып өскен ұрпақтың өкіліміз. Әкенің қабағы өзгеріп бара жатса, белбеуді тартып, жинала бастайтынбыз. Бұл бізді ер-азамат ретінде жеке жауапкершілікке, отбасы ішіндегі сыйластыққа үйретті. Бала өр мінезді, асқақ рухты, намысты болып ер жетсе, әке діңгегінің мықты болғаны.

Әкенің тәрбиесі – қабағы

Қазіргі қоғамда әке қабағынан бейхабар ер балалардың өсіп келе жатқаны – ойлантатын жайт. Заманауи әкелердің біразы баламды асырасам, күнделікті керек-жарағына ақша беріп, қажеттіліктерін өтеп отырсам жеткілікті деп есептейді. Шынында, қазақ халқында әке тәрбиесі сан қырлы және ол бала өмірінің барлық жағын қамтиды. Онсыз тәрбие де толыққанды болмайды.

Көлік саласының білгірі, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеуғазы Тоқтағанов әкелер институты отбасы құнды­лық­та­рының негізі ретінде жаңғыруы керек дейді.

– Баяғыда қаламгер Асқар Тоқмағамбе­тов­тің бір сықағында қыз бен жігіттің: «От жақсам, күлді сен шығарасың, сиыр саусам, бұзауды сен тартасың», деген күлдіргі мо­нологі болатын. Қазіргі жас отбасылардан осы тірлікті жиі байқаймын. Күйеуі арланбас­тан әйелімен таласа-тармаса ыдыс жуып, алдына алжапқыш байлап тамақ пісіріп жүреді. Мен шаңырақ көтергелі жатқанда марқұм анам болашақ келінін шақырып алыпты да: «Қарағым, балам – енді сенікі. Бірақ екеуміздің арамызда қалатын бір келісім бар. Ер-азаматың – арың да барың, оны қазан-ошаққа жолатпа», депті. Оны зайыбым кейін айтты ғой. Кейде дастарқанда тұрған ыдысты өзге жерге қояйын десең, «үйде апаратын адам бар ғой, әйелдің тірлігіне араласпа», дейтін жарықтық жолдасым. Екеуміз 48 жыл отасып, өмірге әкелген екі ұл, бір қызымызды арлы, абыройлы етіп тәрбиеледік. Балаларымнан жеті немере, үш шөбере сүйіп отырмын. Қазір жеңгең бұл өмірде жоқ болғанымен, оның балаларымызға сіңіріп кеткен тәрбиесі олар үшін әлі күнге өмірлік азық болып келеді. Себебі мар­құм зайыбым өз отбасында әке тәрбиесін дұ­рыс алып шыққан, – деп бастады әңгімесін аға­мыз.

Төлеуғазы Төкілұлының пікірінше, отба­сындағы әкенің рөлі деген мәселе кейінгі уақытта сирек көтерілетін тақырыпқа айналып кетті. Себебі зорлық-зомбылық, әйел­дердің құқығын қорғау мәселесі алға шыққалы, еркек кіндіктілер абырой-беделден жұр­дай болып барады. Бұл – халқымыздың ежелден жалғасқан отбасылық институтына төнген үлкен қатер. Әр халық өз ұлттық ерекшеліктері арқылы ұрпақ көшін жалғастырып, отбасылық құндылықтарды лайықты сақтай білуі керек. Ал қазақ отбасыларында әкенің беделі анасынан жо­ғары тұруы ежелден әбден мойындалған әрі рухани-тәрбиелік тұрғыдан дұрыс болып есеп­теледі.

– Әкенің қабағы дегенді бала жастан құ­ла­­ғымызға құ­йып, санамызға сіңіріп өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Дастарқандағы астан әке­міз­ден бұрын алмайтынбыз, әкеміз кешке жұмыстан ораларда үй ауласының таза тұрғанын қадағалайтынбыз. Байқамай бірдеңе бүлдіріп қойсаң, анамыздың «әкең біліп қоймасын» деген бір-ақ ауыз сөзі жөнге салар еді. Ал бүгінде барлығы керісінше. Отбасында жанжал туындаса, міндетті түрде үйдің ер-азаматы кінәлі болып шығады. Бұл – болашақ ана болатын қызға дұрыс тәрбиенің сіңірілмеуінен. Яғни оның анасы әкесінің беделін мойындамаған, балаларының алдында абыройын төмендеткен деп ойлаймын. Оның үстіне қазір қоғамда ажырасқан отбасылар өте көп. Әлгіндей отбасылардағы әйелдер ұлдарының құлағына «сенің әкең барып тұрған ақымақ, оңбаған, онымен араласпа, айтқан тілін алма», деп құйып тастаса, одан өткен қасірет жоқ. Анасына қарап өскен ер бала көбіне ынжық келеді, өзін қоғамда қор, қыз балалардан төмен санайды. Бұл да әкелер институтының әлсіреуіне негіз болып отырған фактор, – дейді ағамыз.

Еліміз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңын қабылдау арқылы тек жазалау жағын күшейте алды. Ал ер-азаматтардың жауапкершілігін рухани тұрғыдан дамыту жағы ескерілмей қалғаны өкінішті. Осыдан барып әкелердің рөлі төмендей беретіні – айғақ нәрсе.

– Көп салаларда ер-азаматтардың алатын еңбекақылары айтарлықтай төмендеп кетті. Отбасын бағуға жетпейді. Бұл да ер адамға психологиялық тұрғыдан жағымсыз әсер етеді. Анау бір жылдары мектептерде ер адамдар азайып кетті деп дабыл қақтық. Расында, мәселе болды. Ұстаздардың еңбекақысы лайықты деңгейге жетіп еді, қазір мектептерде ер мұғалімдер көбейе бастады. Қуантарлық емес пе? Осындай жағымды факторларды кез келген салада жасауға болады. Ер-азамат беделінің биіктігі, ер адамның ірілігі деген құндылықтарды мектептерде оқыту керек, – дейді профессор.

Төлеуғазы Төкілұлының балалары бүгін­де әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Неме­релерінің алды білім қуып, бүгінде сала докторы атанып үлгерген. Профессордың өзі ақсақалдық жасқа жетсе де, жергілікті жоғары оқу орнында маман даярлаудан қолын үзген емес. Ал бос уақытын немере-шөберелеріне бөліп, өнегелі әңгімелердің тиегін ағытады.

 

ПАВЛОДАР