Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2024

Жол торабы іске қосылды

67 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тоғыз жолдың торабына айналған Алматы облысында жаңа жол торабы іске қосылып, көлік жүргізушілерінің тынысын кеңейтіп, қуанышын еселеді. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын рес­публикалық маңызы бар «Шамалған стансасының айналма жолы» автомобиль жолының қайта жаңарту жұмысын аяқтап, ресми түрде көлік қозғалысын ашты. Бұл жол төрт жолақты және І-б техникалық санатына жатады.

Жол торабы іске қосылды

Ұзындығы 6 шақырым болатын учаске «Ор­талық-Оңтүстік» (Ас­тана – Қарағанды – Балқаш-Алматы) көлік дәлізінің негізгі құрамдас бөлігі және еліміздің көлік инфрақұрылымының дамуында маңызды рөл ат­қа­рады.

Қайта жаңарту барысында жер төсемін орналастыру, теміржол торабы арқылы өтетін эстакада, өтпежол, екі көлік қи­ылысы, суөткізгіш құбырлар секілді жасанды құрылыстары салынып, кешенді жұ­мыстар атқарылды. Бүкіл учаске бойынша жолдың үс­тіңгі қабатына қиыршық тасты-мастикалық асфальтбе­тон тө­селген. Сондай-ақ жарық­тандыру және су­өткізгіш жүйесі орнатылып, жол белгілері, тосқауылдар мен таң­балау сынды әрлеу жұ­мыс­ы жүргізілді. Жолдың қол­даныстағы учаскелерінде бекіту және орташа жөндеу жұ­мыстары жүзеге асты.

Жылдың басынан бері жол-құрылыс материалдарын да­йындау, оның ішінде қиыр­шық тас, құм, темірбетон конструкциялары, тосқауылдар мен қоршаулар, жол белгілері мен жарықтандыру элементтері жасалды. Қарқынды іс-қимылдың нәтижесінде құрылыс белгі­ленген мерзімде аяқталып, тран­зиттік қозғалыстың уақы­ты­лы ашылуына мүмкіндік берді.

Жобаны жүзеге асыру үшін асфальтбетон және бетон араластыру зауыты, 81 бірлік тех­ника мен 256 жұмысшы жұмыл­дырылды.

«Биыл 3,1 мың ша­қырым республикалық автожолдарда қайта жаңарту және құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 1,5 мың ша­қы­рымда жұмыс жылдың соңына дейін аяқталады. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жоғары сапалы жолдар жалпыхалықтық мін­детке айналуы тиіс. Сапалы жол­­дар болмаса, елімізде еш­қан­дай ілгерілеушілік туралы сөз болуы мүмкін емес», деген еді. Осыған сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасын орын­дау мақсатында біздің тарапымыздан ауқымды жұ­мыс жүргізілуде. Бұл айналма жол­дың ұзындығы 6 ша­қырым, құны 25,6 млрд тең­ге, шамамен төрт жыл уа­қыт көлемінде салынды. Осы жо­баның бүкіл облыс үшін маңызы зор, себебі ол кө­лік ағынын айтарлықтай же­ңіл­детеді, жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартады, сонымен қатар біздің ел арқылы өтетін транзиттің артуына да септігін тигізеді, қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттырады. Бұл жол тек осы ауданның ғана емес, жалпы облыстың дамуына да оң әсерін тигізеді», деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар