Отбасы • 08 Қыркүйек, 2024

Мейірім салтанат құрған отбасы мерейлі болады

230 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отбасы – тәлім мен тәрбиені бойға сіңіріп, үлкен өмірге қанаттандыратын қастерлі орда. Әр адам осы ордада көріп, көкейге түйгенін, жадында жаттағанын қоғамда таратады. Сондықтан отбасындағы бала тәрбиесінің саналы, сапалы болуы -  қауіпсіз, құндылық құнын ұғатын қоғамның бастауы, деп жазады Egemen.kz.

Мейірім салтанат құрған отбасы мерейлі болады

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы институтының іргесін берік етудің маңызын әрдайым ерекше екшейді. Президентіміз өткен жылы мереке қарсаңында «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосатынын атап өткен еді.

Елімізде шаңырақтың шырайын келтіріп, еңбекте ерен атанып, қоғамда қырағылықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген өнегелі отбасылар жетерлік. Олардың ұл-қызын ұлттың өркендеуі жолында жұмыла жүк көтеруге баулып жүрген жанашырлығы мен тату-тәтті тірлігін көпке таныту, үздік үлгі ретінде көрсете білу маңызды. Осындай қағиданы алға тартқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы жеңімпаздары 6 қыркүйек күні Астанада бас қосты. Осы жылы 11 рет өткізілген байқауда әр өңірден суырылып шыққан 20 отбасы лауреат атанды. Мерекелік іс-шарада өнегелі отбасылар етене таныстырылып, қызыл кілем бойымен жүріп өтті. «Мерейлі отбасыларды» марапаттау кешінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ыстық ықыласпен жолдаған сәлемін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.

- «Мерейлі отбасы» байқауы – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда әр отбасы айрықша рөл атқарады. Елімізде адал еңбегімен көпке үлгі болып жүрген өнегелі әулеттер аз емес. Бүгінгі салтанатты кеш – соның айқын дәлелі. Бұл байқаудағы әрбір отбасының жеңісін бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейлі жетістігі деп бағалауға болады, - делінген Президенттің құттықтау хатында.

рр

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Президент Ұлттық құрылтайдың отырысында жариялаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымы ел идеологиясының іргетасы ретінде айрықша маңызға ие екенін тілге тиек етті. Осыдан соң сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева да жеңімпаздарды құттықтап, зор құрметін жеткізді.

Лауреат атанғандар арасында мегаполистегі мыңдаған отбасы арасынан алға шыққан шымкенттік Сыдықовтар отбасы да бар.

оо

Қара шаңырақтың иелері Анарбай Сыдықов ақсақал мен ақжаулықты Айсара Сыдықова университет қабырғасында танысып, сол шақтан бері қол ұстасып келе жатқанына - 48 жыл. Анарбай Сыдықов еңбекке ерте араласып ауыл шаруашылығы саласында қызмет етсе, Айсара әже бейнетті ғұмырында ұзақ жылдар кітапханашы болған. Бүгінде 8 перзентті жетілдіріп, олардан 26 немере, 8 шөбере сүйіп отырған, тамырлы әулиет. Сыдықовтар жаңа ғасырда да ұлттық салт-дәстүрден ажырамаған. Ұл-қыз тәрбилеудегі ұстанымы салтпен сабақтасып, дәстүрмен астасып жатыр. Шымкенттен шыққан үздік отбасы халықаралық бәйгелерде қазақ халқының бай құндылықтарын төрге шығарып келеді.

«Ұлттық құндылық сақталмаса ел, жұрт болмайды. Бізге бұл өсиетті ана-анамыз сіңірді. Осы ұстанымды абыроймен жалғай алсақ, отбасымыз үшін мерейлі мәртебе. Біз де өз кезегімізде ізімізді басқан ұрпақтарымызға адалдық пен қазақылықты насихаттаудан талмаймыз», дейді Анарбай Сыдықов.

Ата-әжесінің балғын шақтан құлаққа құйған өнегелі өсиетімен бойжеткен әулиеттің тұңғыш немересі Жамал Анарбай – киім дизайнері. Бүгінгі мәртебелі сәтте де отбасы мүшелерін әспеттеп тұрған ұлттық образдар Жамалдың қолынан шыққан. Ісмер ару Сыдықовтар тек мереке не наурызда ғана емес ұлттық киімді күнделікті киюді әдетке айналдырғанын айтты. 20 жасар ару этно ерекшеліктерді меңгеруге бала кезден ден қойған.

«Отбасымыз мәдениет мәнін ұқтыруға әрдайым ықыласты. Оның үстіне  әжем де, анам да – кітапханашы. Анам музейде де қызмет атқарған. Ұлттық тарихымызды кішкентай кезімізден анамның қасында жүріп санаға сіңірдік. Сонда оқып-тоқыған кітаптар мен көрген-білген жәдігерлер менің шығармашылығымның бастауы», деді Жамал Анарбай.

Биылғы лауреаттар арасында ең жас отбасы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы, Талшық ауылынан келген – Хасеновтер.

лл

Отағасы Нұрқасым мен отанасы Ақмарал Хасеновтердің биыл шаңырақ көтергеніне – 11 жыл. Нұрқасым Оразұлы мәдениет саласында тер төксе, Ақмарал Қуатқызы мектепте педагог-психолог қызметін атқарады. Облыстағы отбасылар арасында оқ бойы оза шыққан Хасеновтер 4 қыз тәрбиелеп отыр. Қызығы бұған дейін Нұрқасым Хасеновтің ата-анасы да «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынаған екен. Қоғамдық, қайырымдылық шаралардың ортасынан табылатын отбасы әлеуметтік желіде де белсенді.

«Заман талабына сай әлеуметтік желі қолданушысымын. Желілерде отбасылық құндылықтарды насихаттауға күш саламын. Біз бұл үрдісті танымал болу мақсатында емес, шаңырақтағы берекелі тыныс-тіршілікті үгіттеу мақсатында жүргіземіз. Облыстағы мәдени, спорттық шаралардың бас-қасынан табылу арқылы да миссиямызды жүзеге асырып келеміз», деді Нұрқасым Хасенов.

Жалындап тұрған жас отбасының жарасымды өмір сүрудегі қағидаларына да құлақ түрдік. 

«Ер адам қай салада болсын жетістікке үйдегі береке арқылы қол жеткізеді. Ал шаңырақтың ұйтқысы – әйел. Сондықтан жұбайымның мәртебесін әрдайым биіктетіп, құрметтеп отырамын. Үйдегі жылулық, мейірім қызғалдақ қыздарымның да бойына дарығанын қалаймын», деді Нұрқасым Хасенов.

«Мерейлі отбасы – 2024» байқауында топ жарған 20 отбасы арнайы алғыс хаттармен марапатталып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды. Мейірім салтанат құрған отбасы мерейлі болары сөзсіз.