Медицина • 10 Қыркүйек, 2024

Елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті әзірленеді

36 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында бюджет міндеттемелері мен мүмкіндіктері тұрғысынан сәйкестендірілген базалық мемлекеттік медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды тапсырды. «Одан асып кеткен қаржы сақтандыру жүйесі арқылы төленуі керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осыған орай пакет жобасы бүгін денсаулық сақтау министрінің төрағалығымен, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары және ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының қатысуымен өткен аппарат отырысында қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакеті әзірленеді

Медициналық көмектің бірыңғай пакеті – кепілдендірілген және сақтандыру қызметтерінің арасындағы қайталануды жоятын медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға жасалған нақты қадам. Медициналық көмек ретке келтіріліп, анағұрлым түсінікті бола түседі, әрбір қазақстандық сақтандыру пакетіне не кіретінін және қажетті медициналық қызметтерді қалай алатынын білетін болады.

«Сонымен қатар отырыста әлеуметтік әл-ауқатының деңгейі қиын және шұғыл көмекті қажет ететін азаматтар үшін МӘМС-ке жарнаны жергілікті атқарушы органдар есебінен төлеу туралы мәселе көтерілді. Мұндай тәсіл қазіргі таңда сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырған 1 миллионнан астам қазақстандықтардың медициналық қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді», - делінген хабарламада.

Бұған дейін жоба кәсіби медициналық қоғамдастық арасында талқыланды. Аталған бастама 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жүйені толықтай 2027 жылға қарай енгізу көзделуде, бұл міндетті медициналық сақтандырумен (МӘМС) халықтың 95%-дан кем емес бөлігін қамтуға септік етеді.