Сурет: kaz-impex.kz
Алдағы уақытта кәсіпорындар майлық, дәретхана қағазы, дымқыл майлық, дәптер, картон және гофрленген қаптамалар шығаратын болады. Барлық өнім елдің ішкі қажеттіліктеріне бағытталады. Бүгінгі күнге жоспарланған 7 жобаның екеуі Шымкент қаласында іске қосылды. Олар – дымқыл майлық пен ПКС маркалы картон өндіретін кәсіпорындар. Бұған салынған инвестицияның жалпы сомасы 300 млн теңгені құрап, 40 жаңа жұмыс орны құрылды.
Осы жылға жоспарланған барлық өндіріс көлемі шамамен 20 млрд теңгені құрайды. Олардың ішінде дымқыл майлық, маска, жеке қорғаныс құралдары, картон қағаз және гофрленген картон өндірісі бар. Бұл нысандардың ашылуы 300 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа кәсіпорындар өнімінің 20%-дан астамын жақын және алыс шетелдерге экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорындардың басым көпшілігі Шымкент және Алматы қалаларында орналасқан.
Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу, талдау дирекциясы атап өткендей, алдағы уақытта салада құны 35 млрд болатын 500-ден астам жұмыс орнын құрумен қатар тағы 9 жоба пысықталып отыр. Отандық және шетелдік инвесторлармен бірлесіп майлық, жұмыртқа науасы, гофротара, қағаз қаптар өндірісін іске қосу жоспарланған.
«Жалпы, целлюлоза-қағаз өнеркәсібінің инвестициялық портфель құны 57,6 млрд теңге болатын 25 жобаны қамтиды. Оларды іске асыру 1,1 мың жаңа жұмыс орнын құруды көздейді», делінген «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу, талдау дирекциясы хабарламасында.
Айта кетейік, салаға инвестиция тарту мақсатында республикалық және жергілікті деңгейлерде арнайы-экономикалық аймақтар шеңберінде инвестициялық преференциялар, несиелеудің жеңілдікті шарттары, салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.