Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 10 Қыркүйек, 2024

Бүгін отандастарымыз 8 спорт түрінен жүлдеге таласады

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрлігі V Дүниежүзілік көшпелілер ойынында 10 қыркүйек күні аламанға шығатын ел спортшыларының жарыс кестесін жариялады, деп жазады Egemen.kz.

Бүгін отандастарымыз 8 спорт түрінен жүлдеге таласады

Фото: Ерлан Омар «EQ»

Бүгін де спорт сүйер қауымды тартысты бәсекелер күтіп тұр. Соның алғашқысы көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы сағат 10.00-де АҚШ-тан келген ковбойлармен күш сынасады. 

Ал ипподром маңындағы этноауылда сағат 9.00-де жамбы ату спортының түркі стилінен жерлестеріміз шеберлігін ортаға салады. 

Этноауылда аударыспақтан үш салмақ дәрежесінде жарыстар өтсе, «Арғымақ» ат-спорт кешенінде сағат 10.00-де дәстүрлі садақ атудан «қалқан» нысанасы бойынша сайыс басталады. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Олар: Динара Жақсылықова, Фариза Сабыржан, Айкөркем Батихан және Ажар Төлеуқанова. Ерлер арасында: Ербол Тапенов, Бақберген Сәлімов,  Қасымхан Қанат, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов және Жәнібек Құлмырзаев.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдердің әрқайсы 4 салмақ дәрежесінде бозкілемге шығады.

Ел намысын ерлер арасында Ерсін Сейітқазынов (82 келі), Ерасыл Жанатаев (90 келі), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі), Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі), әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі), Роза Нысантайқызы (70 келі), Зәмзәгүл Файзолланова (77 келі), Альбина Бахиева (+77 келі) қорғайды.

«Алау» мұз сарайында кураш өтеді. Бұл бәсекеде Ернұр Сүлеймен (60 келі), Айбек Қазақбаев (66 келі), Нұрдін Шаймерден (73 келі) және Алтынай Нұрханова (57 келі) жүлдеге таласады.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен жарысқа Бердіқұл Әлтай (90 келіге дейін), Еркебұлан Ерлан (105 келіге дейін) және Ольга Душаева (75 келіге дейін) қатысады. 

«Алау» мұз сарайында ерлер арасында бес табаннан және әйелдер арасында бес асықтан жартылай финалдық бәсеке өтеді. Асық атудан ел намысын 8 спортшы қорғайды. Олар – Нуркисса Молжигитов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан. Финалдық ойындар 11 қыркүйекте өтеді.

«Думан» қонақ үйі және спорт кешенінде сағат 10.00-де тоғызқұмалақтан жартылай финалдық ойындар басталады. Қазақстан сапында Бексұлтан Бостандықов, Әуелбай Ерсұлтан, Мөлдір Серікқызы мен Аңсаған Қожанасіп сынға түседі.