Жемқорлық • 10 Қыркүйек, 2024

«Заңсыз субұрқақ салып, миллиард теңге ұрлаған». Болат Мажағұловтың ұсталу себебі айтылды

127 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловтың ұсталғанын растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Заңсыз субұрқақ салып, миллиард теңге ұрлаған». Болат Мажағұловтың ұсталу себебі айтылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

«2016 жылы Астана күні мерекесіне орай салынған «Күн» («Есіл өзеніндегі жарық-иллюминациялық және от шоуы») субұрқағының құрылысы кезінде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілмей, тікелей келісімшарттар жасалған», делінген хабарламада.

Субұрқақ жобалық құжаттамасыз және мемлекеттік сараптамадан өтпей салынған.

Сондай-ақ құрылыс барысында техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін сапасыз материалдар қолданылған. 

Нәтижесінде аталған нысан 2017 жылдан бастап жұмыс істемей, қазіргі таңда апатты жағдайда тұр. 

Ұрланған қаражаттың көлемі 1 млрд теңгеден асып отыр. 

«Астана қаласының «Мәдениет басқармасы» ММ-нің бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында оның 3 коммерциялық нысаны, 2 автотұрақ орны және Астана қаласында премиум санаттағы пәтері бар екендігі анықталды», деп хабарлады ҚМА.

Аталған іс бойынша күдіктілердің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды. 

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.