27 Сәуір, 2015

Елбасының сайлаудағы жеңісі Сыр өңірінде де аталып өтілді (фото)

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
27.04.2015-KZ Forum 03ҚЫЗЫЛОРДА. 27 сәуір. Қызылордада Елбасының сенімді өкілдері, Сыр жастары бас қосқан «Тарих таңдаған, халық қолдаған» атты жеңімпаздар форумы өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жиналған 2 000 адам президенттік сайлауда жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа осылайша өз құрметтерін көрсетті. Өңір басшысы Қырымбек Көшербаев Сыр елі халқына саяси науқанда белсенділік танытқандары үшін алғыс айтып, кешегі сайлаудағы Елбасы жеңісі баршаға ортақ қуаныш екендігін атап өтті. «Сын сәтте сыр бермеген Сыр жұртшылығын ортақ жеңіспен шын жүректен құттықтаймын. Сайлауды ұйымдастырып, оны өткізуге ат салысқан барлық азаматтарға, әсіресе, жастарға, әрбір жерлеске Елбасының атынан ризашылығымды білдіріп, рахмет айтамын. Сіздер қосқан үн Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары болып жаңғыратынына кәміл сенеміз. Өйткені президенттік сайлау арқылы халқымыз бүгінін байыптайтын, болашағын бекемдейтін саналы таңдау жасады. Бұл жарқын жеңісіміз көшіміздің түзу, көкжиегіміздің шуақты, бағытымыздың дұрыс екендігін тағы да айғақтай түседі», – деді Қырымбек Елеуұлы. Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 97,7 пайызы сенім білдірген. Қызылордалықтар да саяси науқанда белсенділік танытып, халықтың 97,52 пайызы сайлауға қатысты. Сондай-ақ, бүгінгі жеңімпаздар форумында қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен Сыр жастары жалынды сөздерін айтып, қуаныштарымен бөлісті. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz. 27.04.2015-KZ Forum 01 27.04.2015-KZ Forum 02 27.04.2015-KZ Forum 04