Президент • 10 Қыркүйек, 2024

Мемлекет басшысы «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауытына барды

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шойын құю зауытымен танысудан басталды. Аталған кәсіпорын өңірдің индустриялық аймағында орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы «KamLitKZ» ЖШС шойын құю зауытына барды

Фото: Ақорда

Президент жүк көліктеріне арналған қосалқы бөлшектер шығаратын өндіріс орнын аралап көрді. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Гуртовой зауытта жылына 45 мың тонна шойын құймасы өндірілетінін айтты. Құны 78,2 миллиард теңге болатын жобаны іске асыру нәтижесінде 500 жұмыс орны ашылды.

1

Мемлекет басшысына жобаға Қазақстанның инженерлері мен технологтары атсалысып жатқаны баяндалды. Сонымен қатар әлемдік деңгейдегі тәжірибелі инжиниринг компанияларының сарапшылары мен еуропалық машина жасаушылар тартылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа шойын қорыту және қалыпқа құю, сондай-ақ бұйымды өңдеу секілді жұмыстардың толық процесі көрсетілді.

Зауыт барлық заманауи талапқа сай келеді. Автоматтандыру және энергиялық тиімділік деңгейі жоғары болғандықтан, қоршаған ортаға әсері аз. Қазіргі уақытта мұнда 30 робот бар. Олар анағұрлым күрделі әрі ауыр технологиялық операцияларды орындайды.

Бұдан соң зауытта еңбек ететін отандық жас инженерлермен әңгімелесті.

«Бүгінде біз жұмысшы мамандарды қолдап жатырмыз. Ол жөнінде Жолдауымда да айттым. Келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияладық. Еңбек – қашан да құнды. Бұл жерде кіл жастар жұмыс істейді екен. Біз ірі және шағын кәсіпорындарда қызмет ететін мамандарды, әсіресе жастарды міндетті түрде қолдаймыз. Елімізде еңбек өтілі 100, 200 жылды құрайтын, тіпті одан да асатын жұмысшылар әулеті бар. Сондықтан біз осындай отбасыларға, әулеттерге құрмет көрсетеміз. Сіздер секілді жастардың өмір жолы енді басталып жатыр. Еліміздің дамуына зор үлес қосатындарыңызға сенімдімін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жаңа өндірілген цилиндрлар блогына қолтаңба қалдырып, жоба қатысушыларына Қазақстанның машина жасау кластерін дамытуға үлес қосқаны үшін алғыс айтты.

2

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірге инвестиция тарту жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, индустриялық сектордағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, металлургия, машина жасау және логистика салаларындағы жаңа жобалар туралы баяндады.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жоспар іске асырылған кезде, жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсіп, жыл сайынғы бюджет түсімі 75 миллиард теңгеге ұлғаяды. Сондай-ақ орташа жалақы мөлшері 1,5 есе артып, 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.