Қырық жылдан астам уақыт білім саласында еңбек еткен Жарқынбек Құлбайымбетов осылай дейді. Иә, бүгінде зейнеткер ұстаздың немерелері Ұлбала мен Махаббат атасының жолын жалғап, ұстаздық етіп жүр. Жалпы, Құлбайымбетовтер әулетін педагогтер династиясы деуге болады. Шаңырақтың отанасы, жарты ғасыр өмірін ұстаздыққа арнаған, Гүлзина Базарбекова математика пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Ал Жарқынбек ақсақалдың қарындасы Әсемгүл Құлбайымбетова қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» демекші, бүгінде қыздары – Гүлмира мен Ләззат та әке-ана жолын жалғап, шәкірт тәрбиелеп жүр. Келіндері Майра Жүсіпова география пәнінен сабақ берсе, Гүлнұр Құлбайымбетова қазақ тілінің маманы. Үш буын ұрпаққа ұстаздық еткен бұл әулеттің жалпы еңбек өтілін есептесеңіз, 150 жылдан асады екен.
Қасиетті Түркістан қаласында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған, сексеннің сеңгіріне шыққан Жарқынбек ақсақал өзін тың, ширақ сезінеді. Өткенді еске алып, бүгінгі қоғам өміріне, еңбектің бағалануы, еңбек адамының алар орнына қатысты да өз көзқарасын білдірген ақсақал мамандықтың жаманы жоқ екенін айтады. Ал ең асылы – ұстаздық деп есептейді. «Шәкірттің ұшқыр қиялын қияға самғататын, білім қайнарымен сусындататын да ұстаз. Қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөзінің жаны бар. Барлығы да мұғалімнің бізге берген сарқылмас білімі мен баға жетпес тәрбиесінен бастау алады емес пе?», дейді Жарқынбек ақсақал.
Кейіпкеріміз Жарқынбек Құлбайымбетов 1941 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданына қарасты Шойтөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, 1964 жылы Шымкент қаласындағы педагогика институтын физика, математика пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын Түркістан қаласындағы В.Куйбышев орта мектебінде бастайды. Азаматтық борышын Ресейде өтеп келген соң Сырдария орта мектебіне мұғалім болып орналасады, әрі сырттай оқыту мектебінің кеңес беру бөлімінің меңгерушісі болып еңбек жолын жалғастырады. Білікті маманға қашанда сұраныс жоғары. Жарқынбек Құлбайымбетұлының қарым-қабілетін ескерген басшылық оны 1969 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметіне шақырады. Араға екі жыл салып, қаланың білім саласына көптеген жаңашылдық енгізген маман С.Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры қызметіне бекітіледі. Осы мектепте жиырма жылдай қызмет атқарған Жақаң мектептің материалдық-техникалық базасының нығаюына, кадр сапасының артуына, оқушылардың жоғары деңгейде білім алуына жағдай жасайды. «С.Сейфуллин атындағы мектеп 1974 жылы пайдалануға берілді. Үлкен, жаңа, заманауи мұндай мектеп Түркістанда болмаған еді. Мен басшылықта болған жылдары сол мектепте қызмет атқарған мұғалімдердің жетеуі өзге білім ошақтарына директор болып барды. Бұл да көп жайды аңғартады. Сол керемет мектепте директор болғаныма, ондағы білікті ұстаздармен бірге жұмыс істегеніме әлі күнге дейін қатты қуанамын, сағынамын», дейді ардагер ұстаз сол бір жылдарды еске алып.
Білікті басшы 1984 жылы аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ал 1987 жылы аудандық білім бөлімі облыс көлемінде үздік деп танылған. Жарқынбек Құлбайымбетұлы 1999 жылдан бастап Түркістан қалалық білім бөлімі меңгерушісінің орынбасары, М.Әбенова атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болды. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған «Түркістан» лицейінің директорлығына 2002 жылы тағайындалды.
«Сол жылдары мектептерде Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі басталды. ҰБТ көрсеткіші бойынша 2003 жылы республикада мектебіміз ең үздік 100 мектептің ішінде 37-орынға ие болды. Келесі жылы 20-орынға көтерілдік. Ал 2005 жылы оқушылардың ҰБТ қорытындысы жоғары көрсеткішке жетіп, нәтижесінде үшінші орынға бір-ақ шықтық. Бұл бүкіл ұжымның тынбас еңбегінің жемісі болатын», дейді Жарқынбек ұстаз.
Мамандығына адалдық танытқан ұстаз зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да қарап отырмады. Тәжірибелі ұстазды 2005 жылы өзі еңбек еткен С.Сейфуллин атындағы №4 орта мектептің басшылығына қайта шақырды. Үш жылдан соң талай білімді, тәрбиелі шәкіртті түлетіп, білім саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жарқынбек ұстазды мектеп ұжымы үлкен абыроймен құрметті демалысқа шығарып салды.
Ақсақал бүгін де қоғам өмірінде белсенді, «Amanat» партиясы Түркістан қалалық филиалы саяси бюросының мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық білім саласы бойынша бірлестіктің төрағасы. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған кейіпкеріміздің шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде, шетелдерде түрлі салада қызмет атқарып жүр. Еңбегі жоғары бағаланған ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «КСРО-ның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің, ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық медальдарының иегері. Ал 2004 жылы «Жыл адамы», «Түркістан қаласының Құрметті азаматы» атанды.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, әлі де оқушыларымды, ұжымымды қимаймын. Кезінде басқа жұмысқа ауысып кетуге мүмкіндік болды. Түрлі ұсыныстар айтылды. Бірақ мен өз мамандығымнан алыстағым келмеді. Барлығынан бас тарттым, ол үшін өкінген емеспін. Еңбек жолымда қарапайым мектеп мұғалімінен бастап, директордың орынбасары, директор, басқа да лауазымды қызметтерді атқардым. Бүкіл өмірімді осы ұстаздыққа арнадым. Құдайға шүкір, еңбегім еленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін де алдым. Бір сөзбен айтқанда, марапаттан кенде болған жоқпын. Осының барлығы таза еңбектің арқасында келген дүние, абырой. Әрине еңбектің әділ бағаланғаны, марапат та керек болар. Алайда халықтың алғысы, шәкірттерімнің жетістігінен артық үлкен мәртебе, марапат жоқ, – дейді Жарқынбек Құлбайымбетов.
Білім сапасын арттыруға, білім жүйесіндегі өзгерістерге үнемі мән беріп, өз ой-пікірін айтып отыратын, бақытын ұстаздықтан тапқан, 4 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген Жарқынбек Құлбайымбетов – бүгінде 31 немере, 27 шөберенің атасы.
Түркістан облысы