Қаржы • 11 Қыркүйек, 2024

Қаржы нарығындағы өзгеріс

49 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нарық өрлеуі үшін елдегі қаржы саласы қағажу көрмеу керек. Бұл – күрделі де көпөлшемді ұғым. Қай экономистен сұрасаңыз да, «қаржы дағдарысы аяқасты келмейді, алдын ала міндетті түрде сездіреді» дейді. Сол себепті табан асты түйткіл тумас үшін мамандар бұл мәселені үнемі назарда ұстап отырады. Мұның бір мысалы – жақында өткен «Astana Finance Days» конференциясы. Онда Еуразия өңіріндегі қаржы саласының қазіргі заманғы мәселелері, үрдістері мен мүмкіндіктері талқыға түсті.

Қаржы нарығындағы өзгеріс

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Ауқымы кең кеңеске жыл сайын 3 000-нан ас­там адам қатысады. Олар­­дың қа­та­рын­да мемлекеттік ор­ган өкілдері, қаржы саласының же­текші сарапшылары, инвесторлар мен бизнес-көш­басшылар бар. Биыл мамандар қаржы сек­­то­­рындағы озық технология­лар, елі­­­міздің инвестициялық мүм­кін­­діктері, қаржының орнықты да­­­муға, қоғам­дағы оң өзге­ріс­­­­терге әсерін тал­қылауға жи­­­нал­ды.

Екі күнге созылған жауапты жиында сарапшылар әртүрлі тақырыпты қаузады. Әсіресе елдегі қаржы инсти­туттарының инвестициялық әлеуеті мен рөлі, деректерді қорғау, бизнес­те жасанды интеллектіні пайдалану, ерікті көміртегі нарығын құру, капитал нарығы, қаржы саласындағы технология­лар, корпоративтік және бөлшек сектор үшін ислам­дық қар­жылық шешімдер басты назарда болды. Талқыланған тақырыптар арасында жасанды интеллект жайы да бар.

«ЖИ дәуіріндегі құпиялылық: бизнес үшін өзгеріс үстіндегі сын-тегеуріндер және табыстың бейімді стратегиялары» тақырыбында мамандар зерттеулері мен нұсқау­лықтарын көрсетті. Жасанды интеллект технология­лары қарқынды дамып жатқандықтан, оны қаржы­лық қызметтер саласына интегра­циялау маңызды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) инно­вацияларды ынталан­дырып қана қоймай, дербес деректерді, жеке тұлғалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ететін сенімді нормативтік-құқық­тық база құру қажеттілігін түсініп, жоспар құрып отыр. Осы тұрғыда отандық бизнес­те жасанды интеллектінің үлесі қаншалықты деген сұрақ кім-кімді де қызықтыруы мүмкін.

– Бизнестің жасанды интел­лек­ті­ден көретін пайдасы – сатып алған бағдарламалық жасақ­та­масының бұрынғыдан да тиім­дірек бола түсе­тіні. Елімізде биз­н­ес жасанды интеллектіні өзді­гімен қолданбайды. Көбіне дайын­ софттарды пайдаланады. Сөйтіп, бағдарлама өндірушісі сол бағдар­ла­маларына жасанды интеллект қосып, клиентке жақсырақ шешім ұсынады. Мәселен, бұрын софт өнді­руші алгоритмі әлсіздеу чат-бот қолданып келген болса, оның жаңар­тылған нұсқасында жасанды интел­лект кірістіріліп, сапасы жақ­сара түскен бағдарламаны біздің биз­неске ұсынады деген сөз, – дейді ІT-сарапшы, «MSSP.GLOBAL» бас директоры Дәурен Салипов.

Конференцияда Ислам даму банкінің қолдауымен АХҚО және «CSQ Law» компания­сы дайындаған исламдық қаржы­лан­дыру жөніндегі елдік есептің таныстырылымы өтті. Есепте алғаш рет 13 000-ға жуық респондент арасында исламдық қаржы өнімдеріне әлеуетті нарықтық сұранысты бағалайтын кең ауқымды нарықтық зерттеу нәтижесіне негіз­делген деректер қамтылды.

– Біз осы маңызды бастама аясында АХҚО-мен ынтымақтастық орнатып жатырмыз. Бұл – үлкен қуаныш. Қазақстандағы исламдық қаржыландыру жөнін­дегі елдік есепте сектордың ағым­дағы жай-күйі мен болашағы туралы құнды талдау ұсынылған. Есеп АХҚО-да ұсынылған исламдық қаржыны дамытудың стратегиялық жос­па­рының саясаты жөніндегі ұсы­ныстармен тоқайласады. Бұл есепті елдегі қаржы мекемелері мен инвес­торлар исламдық қар­жы­ланды­рудың бүкіл әлеуетін пайдалану жұмысында басшылыққа алса болады, – деді Ислам даму банкі инс­титуты бас директорының міндетін атқарушы доктор Сами Әл-Сувайлем.