Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Атырау облысында болды
Үкімет басшысы алдымен “Атырау” сауықтыру кешенінде өткен “Нұр Отан” ХДП-ның “Біз Көшбасшымен біргеміз” атты форумына және мектеп түлектерінің “Ақжелкен-2010” шарасына қатысты. ҰБТ қорытындысы бойынша жүз баллдан жоғары жинап, мектепті үздік бітірген түлектермен кездесті.
Биыл атыраулық мектеп бітірушілер арасынан Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық “Дарын” мектеп-интернатының түлегі Айжамал Ерғалиева 125 балл жинап, өте жоғары нәтижеге қол жеткізген еді. Оған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов “Алтын белгі” мен аттестат тапсырды. Биыл өңірде 74 түлек “Алтын белгі”, 41 оқушы “Үздік аттестат” иегері атанды. Сол түлектер атынан сөз алған Жақсылық Нұрмаханов өз қатарластарымен бірге тәуелсіз Қазақстанды гүлденген және болашағы зор мемлекетке айналдыруға атсалысатынын атап өтті.
– Қазір жоғары технология мен дамыған инновацияның дәуірі. Біздің еліміз де жаңа дәуір талабымен өркендеп, экономикасы қарқын алып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда алдымызда тұрған айқын мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді, – деді Кәрім Қажымқанұлы атыраулық түлектерді мектеп бітіру қуанышымен құттықтап. – Біздің еліміз әлемдік деңгейдегі білім сапасын жетілдіруді бірінші орынға қойып отыр. Еліміз индустриялық-инновациялық даму жолына түсті. Осы бағдарлама аясында Атырауда 4 ірі кәсіпорын іске қосылмақ. Бұл – жаңа жұмыс орны, жас мамандарға сұраныс. Дағдарыстан кейінгі дамуға бет алған еліміз үшін басты құндылық – бәсекеге қабілетті ұлт. Бәріміз барлық мақсатты жұмыстарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, “Нұр Отан” партиясымен бірге іске асырамыз.
Бұдан кейін Кәрім Мәсімов 2005 жылы құрылған “Каспиан техникал ресурсес” оқу орталығының жұмысымен танысты. Оқу орталығының қызметі –мұнай-газ секторында жұмыс жасау үшін кадрларды қайта дайындықтан өткізу. Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған орталықтың жалпы аумағы –540 шаршы метр, 10 ангары бар. Оқыту 14 мамандық бойынша жүргізіледі. Үкімет басшысы оқу орталығынан арнайы курс бітірушілерге “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында техникалық мамандықтардың сертификаттарын табыс етті.
Премьер-Министр Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеруге түрлі қызмет көрсететін өзен портында да болды. Өзен порты 1964 жылы құрылған болатын. 2008 жылы “Іскер” консорциумына басқаруға берілді. Қазіргі уақытта порт аумағында қазақстандық “Іскер” және италиялық “Skema” компанияларымен бірлесе “Қашаған” кеніші үшін 12 модульді ғимаратты дайындау, құрастыру, тасымалдау жөнінде бірлескен жоба іске асырылуда. Оған тапсырыс беруші – Аджип ҚКО компаниясы. Нысанда жұмыс жасауға тартылған 1000 адамның 964-і жергілікті мамандар.
Өңірдегі балық өнеркәсібінің көшбасшысы саналған “Атыраубалықты” мемлекет иелігіне қайтару үдерісі аяқталып келеді. Осы кәсіпорын негізінде енді “Жайық Балық” кәсіпорнын құру жоспары бар. Премьер-Министр балық өңдеу кәсіпорнын дамытуға қолдау болатынын айта келіп, Жайық өзенінің арнасын қалпына келтіру Ресей арқылы шешілетін мәселе. Ресей Үкіметінің басшысымен кездесуде бұл мәселені көтеретін боламын. Екіншіден, балық пен қара уылдырықты тасымалдауда контрабанда барын білеміз. Әсіресе, бұған құқық қорғау органдары тарапынан қатысы барлар болса, олар енді қатаң жазаланады. Бұл мәселені бақылауға алып, контрабанданы жоямыз, – деді.
Облысқа жұмыс сапары барысында Кәрім Мәсімов “Алмагүл” шағын ауданында медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі Жұмажан Елеусізова “Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Бюджет қызметкерлеріне, тұрмысы төмен отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсетіп отырған Елбасына рахмет” деді қуанышын жасыра алмай.
Мұнайлы Атырауда салынып жатқан ірі нысанның бірі – Аджип ҚКО компаниясының мұнай және газды кешенді дайындайтын “Болашақ” қондырғысы. Үкімет басшысы кешенді аралап, мұнай мен газ дайындау қондырғыларымен танысты. Бұл қондырғы мұнай мен газды халықаралық рынокқа шығаратын мұнай құбырларымен тасымалдау үшін дайындауға мүмкіндік береді.
“Болашақ” зауытының құрылысымен танысқан соң Кәрім Мәсімов келісім міндеттемелерін сақтау, инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру, Аджип ҚКО, НКОК, “Теңізшевройл” компанияларының экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысы туралы мәселелерді талқылаған кеңес өткізді. Онда Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев бірінші кезекте аймақтың экологиялық жағдайына байланысты неғұрлым өткір мәселелерді атады. Өкінішке қарай, көптеген мұнай компаниялары табиғат қорғау шараларын іске асыруда өздерінің тікелей міндеттерін орындауға толық құлықты емес. Сондай-ақ, облыс әкімінің атап өткеніндей, шетелдік компаниялар тарапынан әлеуметтік инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруда да елеулі проблемалар кездеседі.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов шетелдік компаниялар басшыларына қазақстандық мазмұнды арттыру маңызын ескерте отырып, “Біз қазақстандық мүддені бәрінен жоғары қоямыз. Біз қазақстандық жұмысшы мүддесін қорғаймыз. Қазақстандық жұмысшылар шетелдіктермен бірдей жалақы алуы тиіс. Бұл үнемі бақылауда болады” деді. Осыған орай хабарлама жасаған НКОК консорциумының атқарушы директоры Пьер Оффан биылғы 6 айда 600 қазақстандық тұрақты жұмысқа тартылғанын, соған орай 50 шетелдік қызметтен қысқартылғанын жеткізді. Ал “Теңізшевройл” басшысы Тодд Леви соңғы 4 жылда еңбекақы 70 пайызға көтеріліп, енді еңбекақы төлеу жүйесі батыс елдерінің әдісіне негізделетінін мәлім етті.
Премьер-Министр жұмыс сапары барысында Атырау жылу-электр орталығын жаңғырту, тұрғын үй құрылысына арналған жеңіл панель шығару зауытының, сонымен бірге, медициналық бір реттік шприц шығару зауытының жұмысымен, Сарайшық тарихи-мемориалдық тарихи кешеніне қарасты археологиялық қазба орнымен танысты. Индустриялық-инновациялық бағдарламаның іске асырылуына оң баға берді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.