Президент Жолдауында халықтың құқықтық мәдениеті артып, қоғамда оң өзгерістер байқалып келе жатқанын атап өтті. «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр», деді Қ.Тоқаев.
Әділетті Қазақстан орнықтырудың басты ұраны да, құралы да заң мен тәртіп болуы керек. Бұл, әсіресе бүгінде түрлі пікірлер мен көзқарастардың тайталасы ушыға түсіп, кейде жеке адамның ар-намысын аяқасты ететін, кейде Құдайға да, Құранға да қарсы шығып, ата салтты мансұқтап, үлкендердің айтқанына құлақ асудан да қалып бара жатқан қоғам үшін ауадай қажет. Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының осы үш қағидасы, яғни заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм барлық отандасымызды ортақ мүдде мен мақсатқа жұмылдыратын басты идеологиясы болуға тиіс.
Осы орайда Мемлекет басшысының ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жоюға мән бергені, «Банктер туралы» жаңа заң керек екенін алға тартқаны бекер емес. Қазір халық банктерге сене бермейді. Тіпті банктерді «халықты ашықтан ашық тонаушы» ретінде санау көзқарасы да жоқ емес. «Банктер туралы» жаңа заң ендігі арада қарапайым халыққа түсінікті боларлықтай етіп жазылуы керек. «Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады» деген Мемлекет басшысының бірауыз сөзі үлкен ойға жетелейді. Қазақ банктері әлем бойынша ең көп пайда табатын банктер санатында болса, онда еліміздегі банктер беретін несиенің пайыздық мөлшерлемесі неге ұдайы жоғары болып келеді? Қарапайым халықтың банктерде сақтап отырған қаржысына төлентетін үстеменің пайыздық мөлшері неге төмен? Осы екі мәселе банктер халық мүддесінен гөрі өз пайдасын көбірек ойлайтынын аңғартса керек. Сосын «банктік құпия» деген желеумен отандық банктер қызметі, табысы жөніндегі ақпараттарды жариялай бермейді. Біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Олай болса, банктердің де ашықтығын жолға қою керек. Кейде осы банктердің қызметіндегі ашықтықтың жоқтығынан да болар, еліміз бойынша жыл сайын өте көп мөлшерде қаржы шетелдерге заңсыз шығарылып келді. Міне, қоғамды толғандыратын осы мәселелер банктер туралы әзірленетін жаңа заңда айқын көрініс табуы қажет.
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Президентіміз «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», деді. Бұл ретте мемлекет тарапынан әлеуметтік шығыстардың біртіндеп ұлғайтылып жатқаны да – ақиқат. Қазіргі уақытта бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалуы, балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылуы, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатқаны жақсы. Әсіресе «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасының іске қосылып, 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 млрд-тан аса теңгенің аударылуы – Жаңа Қазақстанның бір жақсылығы.
Дегенмен қазір қоғамда масылдық пиғылдың етек алып бара жатқаны алаңдатады. «Бізде шын мәнінде әлі де болса, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес» деген Президент сөзінің төркінін түсінсек, әлеуметтік көмек пен түрлі қайырымдылық қорларына қол жайып отыратын «мұқтаждар» аз емес.
Әрине, қайырымдылық керек. Бірақ қайырымдылық жасауды да әсіре науқаншылдыққа айналдырудың пайдасынан зияны басымдау түсіп жатқандай. Тіпті осы қайырымдылықты желеу етіп, жеке-дара қорлар ашып алып, қаржылай көмек сұрап жататындар көбейіп барады. Кейбіреулерге қайырымдылық қорларын басқару мансап әрі өз күнін күйттеудің бірі амалы болып отырғандай. Ендігі арада қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігі орын алсын десек, осы қайырымдылық та заң аясында ғана жасалуына мән берілуі керек. Мемлекет басшысының алдағы жылдың басынан бастап Үкіметке «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру жөнінде беріп отырған тапсырмасын орындау кезінде осы жағдай қатты ескерілгені абзал.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі болғанымен, жеріміздің 5 пайызын ғана орман-тоғай алып жатқанын баса айтты. Табиғаттың әралуандығын сақтау мақсатында орман алқаптарын көбейту еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өте маңызды. Адам баласы табиғат пен қоршаған орта алдындағы өз жауапкершілігін саналы түрде толықтай сезіне алуға тиіс. Кейде «Табиғатты қорғайық, сақтайық!» деп орман алқаптарының маңына бадырайтып осы ұранды жазып қоятынымыз бар. Сондайда табиғатты кімнен қорғау керек, кім сақтауы керек сауалдың да ойға оралатыны бар. Сол даламыз бен орман-тоғайымызды мекендеген аңдар мен ұшқан құстар өз ортасына залал келтіріп жатпаған болар. Ақиқатында, табиғатты да, айнала қоршаған ортаны да ластап жатқандар – біз, адамдармыз. Бұл орайда табиғатты сақтауда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының маңызы орасан. Президентіміз мұның тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама екенін, «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысқанын ерекше атап өтті. Осылайша, табиғатты тазарту арқылы өз жан дүниесін бірге тазартып жатқан азаматтардың ізгі, адалдық пен әділдікке ұмтылған кейпін тануымыз керек.
«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық» деген Қ.Тоқаевтың мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру жөніндегі тұжырымы мемлекет пен қоғам арасындағы диалогті одан әрі жаңа сапалы деңгейге шығарудағы маңызы зор. Бұл ретте әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу талабы жүзеге асырыла бастағаны еліміздегі саяси жүйенің жетіле түсуіне оң ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізіліп, содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланыпты.
«Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бірреттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», деп Президентіміз әкімдерді халықтың өзі сайлауы саяси әдістің біріне айналатынын қуаттай түсті.
Алайда осы арада біздің қоғамның әлі де болса бұрынғы билік партиясы қалыптастырып кеткен үрдіске сенімсіздікпен қарайтыны жасырын емес. Біздіңше, «Amanat» демократиялық жолдан таймауы керек. Мысалы, кез келген деңгейдегі әкімдік сайлауында тек осы партияның өкілі ғана жеңіске жетуі керек деген түсінік дұрыс емес. Тіпті кей жағдайда «Amanat» мүшесі әкімдікке өтпей қалып, басқа партиялардың өкілдері сайланып кетіп жатса, бұдан қауіп пен қатер көрудің, бұған кінәліні іздеу, жазалау үрдісінен мүлдем арылуға тиіспіз.
«Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру» дей келіп Президент цифрлық технологиялардың жаппай енуінен көбейіп бара жатқан түрлі алаяқтықты түп-тамырымен жоюды, түрлі экстремистердің, оның ішінде діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қарсы тұрар заң мен тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, азаматтардың қауіпсіздігін барынша күшейтуді құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге жүктеді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа, сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс екені нақты айтылды. Президент сөзімен айтсақ, біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ