Әскер • 11 Қыркүйек, 2024

Әскери лицейдегі тәлімді дәріс

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсы­лықов Алматыдағы «Арыстан» лицейінде білім алып жатқан тәрбиеленушілермен кездесіп, әскери маман­дықтың сырымен бөлісті.

Әскери лицейдегі тәлімді дәріс

«Арыстан» мамандан­­ды­­рыл­ған лицейінің бас­ты­ғы, ­генерал-лейтенант Мұрат Май­кеев оқу орны­ның жаб­дықталуы, тәрбиелену­ші­лер үшін бос уақыттың ұйым­дас­тырылуы, спорттық іс-ша­раларды өткізу үшін жасалып жатқан өзгеріс туралы айтып берді.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов казармаға, оқу кабинеттеріне, атыс тиріне, бокс және басқа да спорт түр­лерімен айналысуға арналған спорт залдарында болды. Тәрбиеленушілер арасында жүзуден өткен жарысқа қатысқан жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Кездесуде жас жеткін­шек­­терге Қарулы күштер­дің әр түріндегі қызмет ерекше­лік­теріне қызығушылық танытып, осы тұрғыда мамандыққа бару және офицер ретінде қалыптасу туралы сұрақтар қойды.

– Біздің отбасымызда әс­кери адам болған жоқ. Әкем – мерзімді әскери қыз­мет­те болған кісі. Одан соң көп жылдар бойы ауыл шаруа­шылығында еңбек етті, ал анамыз мұғалім болып жұмыс істеді. Мен жүрек қалауымен әскери училищені таңдадым. Қызметте әрдайым спортпен шұғылдануға мүмкіндік болды. Қызметті мотоатқыш­тар взводының командирінен бастаған уақытта генерал болам деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. Өз мінде­тім­ді адал орындауым, қиын­дықтарға мойымауым мені осы жетістіктерге жеткізді. Мен сіздерге әрдайым табанды болып, мақсаттарыңызды айқындап, спортпен шұғыл­дануға кеңес беремін. Сонда міндетті түрде жетістікке жете­сіздер, – деді ол жас «арыстан­дықтарға».

Генерал-полковник Отанға қызмет ету құрметті де қасиетті парыз екенін атап өтіп, оларды Қарулы күштер қатарына қосылуға шақырды. Жастарға әскери институттарға түсу шарттары, лицейде оқығаннан кейін игере алатын әскери мамандықтар, оның ішінде шетелдік әскери оқу орындарында және әскерде қызмет еткеннен кейінгі жеңілдіктер туралы айтып берді.

Кездесу соңында лицей тәрбиеленушілері өз күшімен дайындаған концерт беріп, естелік суретке түсті.