СУРЕТТЕ: мерген Жәнібек Құлмырзаев
Бұл сайыстар «Пута», «Qalqan» және қазақ танымындағы «Zhamby» стильдері бойынша өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні мергендер «Пута» стилінен сынға түсті. Бұл түрдің ерекшелігі – «Пута» атты құмыра пішіндес (ерлер – 70 метр, әйелдер – 60 метр) нысанаға бір дүркін кезек-кезек 9 оқ жұмсайды. Оқ құмыра мүсінге дарыған сайын бір-бір ұпайдан беріледі. Жарыс ережесі бойынша екі садақшы қатар сынға түсіп, жеңілгені жарыстан шығып отырады.
Аталған жарыс барысында соңғы турда мажар спортшысымен мергендік сынасқан еліміздің ерлер құрамасының мүшесі Жәнібек Құлмырзаев қарсыласын 13:10 есебімен жеңіп, алтын медаль иесі атанды. Марапаттау рәсімі кезінде баспасөз өкілдеріне сұхбат берген Жәнібек Әбдіуәлиұлы: «Ұлттық құрамада менен басқа 6 азамат бар. Бұлардың барлығы дерлік алтын алуға лайықты. Бірақ бұл мәртебе маған бұйырғанына қуаныштымын», деді.
Осы сайыс түрі бойынша өнер көрсеткен ұлттық құрама мүшесі, дәстүрлі садақ атумен айналысқанына екі-ақ жыл болған қарындасымыз, Қазақстан кубогі және ел біріншілігінің жеңімпазы Айкөркем Батихан мен Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды.
Ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовтің айтуына қарағанда, мергендер дүбірлі додаға жақсы дайындықпен келіпті. Жарысқа дайындық барысында құрама Малайзия еліне барып оқу-жаттығу жиынын өткізіп келген. «Өйткені малай жұртының садақшылары әлемдік деңгейде биік мәртебеге ие. Олардан көп нәрсе үйрендік. Соның нәтижесі осы», дейді бас бапкер.