Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2024

Бес бірдей құрылыс компаниясы сан соғып қалды

63 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Павлодарлық құрылыс компаниялары алаяқ фирманың қитұрқы әрекетінен миллиондаған шығынға ұшырап отыр. Аралық мердігерден құрылыс және жөндеу жобаларын қабылдап алған жергілікті кәсіпорындар атқарған жұмыстары үшін тиесілі төлемдерін ала алмай, сан соғып қалды. Мәселеге қазір прокуратура органдары араласып жатыр.

Бес бірдей құрылыс компаниясы сан соғып қалды

Мәселе былай, заң­ды мекен­жайы Шым­кент қала­сын­да ор­наласқан «ГрадСтрой­Сервис» ЖШС мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы Павло­дар облысы бойынша 9 жобаны ұтып алған. Үлгілік шарттар Жетекші мектебінің ғимара­тын күрделі жөндеу, Ақсудағы Сарышыға­нақ мектебінің ғимаратын күр­делі жөндеу және ауласын абаттан­дыру, об­лыстық мамандандырылған ба­ла­лар үйінің қасбетін күрде­лі жөндеу және ауласын абаттандыру, ақпараттық техно­ло­гиялар колледжінің аула­сын жөн­деу, Ертіс аулында спорт құ­рылыстарын салу және дене­шынықтыру-сауық­тыру ке­шенін абаттандыру, сондай-ақ Ақсудағы тұр­ғын үй­лер аулаларын абаттандыру бо­йын­ша жасалған. Шарт тармақ­та­рында орындаушы тапсырыс берушінің келісімінсіз өзінің міндеттемелерін толықтай немесе ішінара өзге субъектіге бере алмайтыны ­туралы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Алайда «ГрадСтройСервис» ЖШС өзі ұтып алған жобаларды атқару міндетін бір деммен аралық мердігер «ADS-N group» ЖШС-не аудара салған. Ал соңғы аталған фирманың құрылыс саласындағы тәжірибесі атымен жоқ көрінеді.

– «ADS-N group» ЖШС ара­лық мердігер ретінде павло­дар­лық бес компаниямен, атап айтқанда, «Santeh Expert PV», «Күн Жарық», «СК ГенСтрой­План», «Асфальтобетон-­ПВ», «ИНТЕРЛАЙТ Павлодар» жа­уапкер­шілігі шектеулі серік­тес­тіктерімен жұмыс­ты атқару туралы келісімге келеді. «ADS-N group» ЖШС де оңтүстік өңір­ден, 2022 жылы Түркістан об­лысындағы Жеті­сай қаласында тіркелген. Кәсіпорын штаты­ның есебінде бір ғана адам – ди­ректор ғана есепте тұр. Ал «Град­СтройСер­вис» ЖШС-ында өз міндеттемелерін өзгеге беру туралы тапсырыс берушімен жасаған жазбаша келісімі жоқ. Негізгі шарттарда жобадағы жұ­мысты бірлесіп орындай­­тын мердігерлер тартылған жағ­дай­да тап­сырыс берушіге барлық аралық мердігермен жасалған келісімдердің көшірмесін ұсы­натыны көрсетілген. Бұған ­қоса аралық мердігерде (яғни «ADS-N group» ЖШС) орындала­тын жұмыс көлемдерін өзге ара­лық мердігерге беру құқығы заң жүзінде болмаған. Ғимарат­тар мемлекеттік сатып алулар­дың мәні болғандықтан, оған ережелерде тыйым салынған, – деп түсіндірді зардап шегу­ші бес компанияның құқығын қорғаушы адвокат Алмагүл Бахралинова.

«ADS-N group» компания­сы осындай талаптарға қа­ра­­мастан, павлодарлық бес ара­лық мердігермен өз бетінше келі­сімге келген. Ал жергілікті кәсіп­орындар жұмыс­тарды ме­желі мерзімде толық орындап шыққан. Алайда «ADS-N group» ЖШС жұмыстардың орындалғаны туралы актіге әлі күнге қол қоймай, төлем жасаудан қашып отыр. Аралық мердігерлер оны сотқа беріпті. Өкінішке қарай, шарттар бойынша берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі орындалар емес. Жобаларға тапсырыс беруші мекемелер орындал­ған жұмыстар үшін төлемді то­лық түрде «ГрадСтройСервис» ЖШС-ның есепшот­тарына аударып жібергенімен, одан пав­ло­дарлық құрылысшыларға соқыр тиын да бұйырмай отыр. Себебі аралық фирма «ADS-N group» жабылып қалған.

– Біз «ГрадСтройСервис» ЖШС-на ша­ғымданып бар­дық. Ондағылар тиесілі соманы «ADS-N group» компаниясына төлегенін және барлық өндіріп алу туралы шағымдар­ды соларға жіберу керектігін жеткізді. Мәселені байыптай келе, «ADS-N group» ЖШС Әді­лет министрлігінің борышкерлер реестрінде тұрғанын және ол субъекті ретінде жұмысын тоқ­татқанын анықтадық. Ал оның иелігінде өндіріп алуға жата­тын мүлік атымен жоқ. Біздің ойы­мызша, «ГрадСтройСервис» ЖШС бұл күмәнді алаяқтық схе­маны алдын ала ойластырған. Ол қаржылық пайда табу үшін «ADS-N group» сияқты бір күндік жалған фирманы әдейі құрған деген пікірдеміз. Осылайша, аралық мердігерлерге тиесілі төлемдерді беруден заңсыз түрде жалтарып отырғаны анық, – дейді адвокат.

Алмагүл Бахралинованың айтуынша, «ГрадСтройСервис» мемлекеттік сатып алулар порталында әлі де шарттар жасасып, әлгіндей күмәнді схемаларды қолданып жатыр. Фирма ұтып алған тендерлерін күмән­ді әрі са­лада мүлде тәжірибесі жоқ ком­панияларға ұстата сала­ды екен. Әрі қарай ол жо­ға­рыдағыдай сценариймен жал­­ғасын тауып, салдарынан жұмысын адал атқарып отырған аралық мердігерлер сан соғып қалып жатыр.

– «Santeh Expert PV», «Күн Жа­рық», «СК ГенСтройПлан», «Асфальтобетон-­ПВ», «ИНТЕР­ЛАЙТ Павлодар» жауапкер­ші­лігі шектеулі серіктестіктері қазіргі уақытта ­өте үлкен со­ма­дағы шығындарға батып отыр. Олар әлгі жобаларды өз қа­ражатта­рына атқарып шық­ты. Енді төленуге тиіс қара­жат есе­бінен қызметкерлердің еңбек­ақысы, материалдарға, техни­каларға және өзге де бағыттар­ға жұмсалған шығындар жабылуы керек еді. Мәселеге жа­уапты органдар, әсіресе, про­куратура кеңінен араласып, «ГрадСтройСервис» мен «ADS-N group» компанияларын жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Адал кәсіпкерлер­дің құқығы аяққа тапталып ­отыр. Олардың тиесілі төлем­дері қай­тарылуы керек, – дейді А.Бахралинова.

Павлодар облысы проку­ро­рының көмекшісі Асхат Атикеев бұл мәселеге ең әуелі ішкі мем­лекеттік аудит департаменті тартылатынын мәлімдеді. Егер мекеме құрылыс компанияла­рына шығынның шынымен кел­тірілгенін анықтаса, онда тексе­ру материалдарының қорытын­дысы қадағалаушы органға тап­сырылып, қылмыстық іс қоз­ғалады. Қазіргі уақытта бұл түйт­кілге өңірлік кәсіпкерлер палатасы да араласып, мүдделі органдардың өзара байланысын үйлестіруге кірісті.

 

Павлодар облысы