Бір күнде баспанасынан айырылған 30 мыңнан аса құлсарылықтың кейбірі ағайын-туысын жағалап кетті. Көпшілігі Құлсары мен Атырау қаласындағы, көршілес Маңғыстау облысындағы жанашыр жандардың үйі мен эвакуациялық пункттерді, «Теңіз» кен орнындағы жатақханалардың қуықтай бөлмесін уақытша паналауға мәжбүр болғаны белгілі.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін Құлсары қаласында жаңа шағын аудан бой көтерді. Шағын аудан «Болашақ» деп аталады. Мұнда 100 тұрғын үй салуға жергілікті 8 мердігер компания тартылды. Жаңадан бой көтерген 80 үйдің құрылысына «Қазақстан халқына» қоры демеушілік танытты. Ал 20 үйді салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді.
«Мердігерлер жұмысты маусым айында бастады. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінді. Жұмыс екі ауысыммен – күндіз де, түнде де жалғасты. Жаңа үйлерге су, газ, электр желісі тартылды. Осы кезге дейін 62 үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Енді 58 үйдің құрылысын қыркүйектің соңына дейін аяқтау көзделіп отыр», деді Н.Құсайынов.
Тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігердің бірі – «Армандастар Атырау» ЖШС. Бұл серіктестік 14 үйдің құрылысын жүргізген. Серіктестік директоры Амандық Иманбаевтың айтуына қарағанда, құрылыс жұмысына отандық материалдарды пайдалануға басымдық берілген. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауданынан тас әкелінген.
«Қазақстан халқына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, Құлсары қаласындағы 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 миллиард 640 миллион теңге бөлініпті. Мұнда 1 үйді салуға шамамен 31 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «Etalon Project Group» ЖШС дайындаған екен. Серіктестік дизайнның сақталуына жіті бақылау жүргізіп отыр. Ал техникалық қадағалауды «ZAF-Стройсервис» ЖШС жүзеге асырып келеді.
Тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға құрылысы толық аяқталған 62 үйдің кілті тапсырылды. Тұрғындар қуанышын бөлісуге келген Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, енді шағын ауданда жаңа тұрғын үйлермен бірге 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ шағын аллеялар салынады.
«Биыл көктем маусымы қапылыспен өтті. Енді қиын күндер артта қалды. Біз үлкен сынақты абыроймен еңсердік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш-жігерімізді салдық. Енді бұл шағын ауданды дамыту бағдарламасы қолға алынады. Алдағы жылы әлеуметтік нысандардың қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені де салынады», деді Серік Шәпкенов.
Жаңа баспананың кілтін алған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бір-бірін құттықтап, кейбіреуі көзіне жас алды. Ал балалары қызыл лента байланған кілтті ұстауға ұмтылып, бір-бірімен таласып жатты.
«Бұрын Автожолшылар шағын ауданында тұрған едім. Көктемде үйімді тасқын су басып, тұруға жарамсыз болып қалды. Содан бері жаңа баспанамыз болса деп аңсап жүр едім. Енді, міне, жаңа үйдің кілтін алып, қуанып тұрмын», дейді Шолпан Назарова.
Бірнеше айдан соң Аманғали Төлегенов те жаңа баспанаға ие болды. Ол отбасымен «Теңіз» кен орнындағы жатақханада шілдеге дейін тұрыпты. Кейін жатақхананы босатуды сұрапты. Оның отбасында 5 адам бар. Кейінгі 1,5 айдан бері баспана жалдап отыр.
«Әйелім екеуміз өтемақы алуға құжат тапсырдық. Қазір жасым – 62-де. Мұндай жаста ауыр жұмысты атқару қиынға соғады. Жас жігіт болсам, құрылыс жұмысын атқарар едім», дейді ол.
«Болашақ» шағын аудан аталғанымен, Құлсары қаласына дейінгі аралықта едәуір қашықтық бар. Бірақ мұны қызметтік көлікпен жүретін жергілікті әкімдіктің өкілдері «Құлсарыға тиіп тұр ғой» деп басқаша сипаттайды. Екі аралыққа қоғамдық көлік қатынамаса, әсіресе егде жастағы тұрғындар мен оқушыларға Құлсарыға жаяу жету оңайға соқпайды. Алдағы уақытта осы мәселе де ескерілгені жөн.
Өтемақы алғандардың бірқатары Құлсарыдағы баспаналарын жөндеуден өткізіп, кейбірі жаңасын сатып алған. Мәселен, су тасқынынан зардап шеккендердің қатарында Қадырбек Қоспақов та бар. Оның үйіне 5 сәуірде тасқын су кірген.
«Тасқын су тез келді. Тіпті заттарымызды жинауға, киімдерімізді алуға үлгермедік. Құжаттарымызды ғана алып, баспанамызды тастап кетуге мәжбүр болдық. Су деңгейі тез көтеріліп, 20 күнде үйіміз жарамсыз болып қалды. Сол себептен көршілес Маңғыстау облысындағы Боранқұл ауылына барып, уақытша паналадық. Кейін Жылыой аудандық әкімдігінен көмек берілді», дейді Қ.Қоспақов.
Оның айтуынша, арнайы комиссияның мүшелері бұрынғы үйіне зерделеу жүргізген. Содан соң бағалау комиссиясының мамандары оның үйін жарамсыз деп тануға шешім шығарыпты.
«Маусым айына дейін отбасымыз туралы мәліметтерді, жарамсыз деп танылған үйімнің құжаттарын арнайы комиссияға тапсырған едік. Комиссия өтемақыға берілетін қаржыны есептеп берді. Бес жұмыс күнінде арнайы есепшотыма өтемақы қаржысы түсті. Өтемақыға берілген қаржының мөлшері көңілімнен шықты», дейді Қ.Қоспақов.
Ол өтемақы қаржысын алған соң жаңа баспана сатып алуға бекініпті. Сөйтіп, Атырау, Ақтау, Ақтөбе қаласынан сатып алу нұсқасын қарастырған. «Жаңа баспана іздеп, біраз жүріп қалдық. Өтемақы қаржысына өзге қалалардан үй сатып алатындай мүмкіндік болды. Бірақ туған жер ыстық болады екен. Басқа қалаға көшіп кете алмадық. Сол себептен Құлсарыдан екі қабатты коттедж сатып алдық. Жақында көшіп келдік», деді ол.
Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың дерегіне қарағанда, өңірлік комиссия мүшелері тасқын судың салдарынан 300 кәсіпкерлік нысанның бүлінгені анықталған. Соған байланысты Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы төлеу жүріп жатыр.
«Осы кезге дейін өңірлік комиссияның 15 отырысы өтті. Соның қорытындысымен 288 кәсіпкердің өтініші қанағаттандырылды. Кәсіпкерлерге өтемақы төлеу үшін 2,6 млрд теңге бөлінді», деп мәлімдеді С.Сабыров.
42 кәсіпкердің өтініші Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 10 желтоқсанға дейін қаралады. Жалпы, кәсіпкерлердің шығындарын есептеу жұмысына 13 бағалау компаниясынан 58 маман тартылған. Нысандары бүлінген кәсіпкерлер есептелген өтемақыға қатысты шағым түсірмепті.
Атырау облысы