Үкімет • 12 Қыркүйек, 2024

Инвестиция және елдік мүдде

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен палата­ның жалпы отырысы өтіп, оның күн тәртібінде негізінен әлеу­меттік, құқықтық мәселе­лерді қарастырған заң жобалары қаралды. Сондай-ақ бірқа­тар халық­аралық келісімді ратифи­каци­я­лауға бағытталған заңдар қабылданды. Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа алды.

Инвестиция және елдік мүдде

Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Нақтылап айтсақ, жалпы отырыс­та ал­дымен «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодекске өз­герістер мен толықтырулар ен­гізу туралы мәселе қаралды. Одан кейін БҰҰ бөлуді бақылау жөнін­дегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсы­натын Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ ара­сындағы өзара түсіністік туралы ме­мо­рандумды ратификациялау бағы­тындағы заң жобасы күн тәртібіне қойылып, тиісті шешімі шығарылды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Франция, Қырғызстан үкіметтері арасындағы кейбір келісімдерді және 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары талқыға салынды.

Депутаттар Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалар­дағы жобаларды дамыту үшін ұзақ­мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісім мен биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылауға келгенде баяндамашыны біраз «тергеді». Жалпы, бұл келісімнің мақсаты – Қазақстанда телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту.

Бұл мәселе бойынша Премьер-ми­нистрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баян­дама жасады. Министр бұл келісімде Қазақстан аумағында іске асырылатын жобаларға қатарлық компаниялар инвестиция салатын шарттардың тізбесі қамтылғанын атап өтті.

– Келісім инвесторлар үшін тәуе­кел­дерді азайтуды, тартымды инвес­ти­­циялық орта қалыптастыруды көз­дей отырып, елімізге жалпы сомасы 20 млрд долларға жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, келісімде елімізде телекоммуникация, энергетика, газ өндіру және тасымалдау, қаржы салаларын қоса алғанда, 9 бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру көзделеді, – деді баяндамашы.

Аталған тоғыз жобаның ішіндегі біреуі «Bereke bank» АҚ-ның 100% акциясын «Lesha bank»-тың сатып алуына қатысты болып отыр.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бұл жоба Мемлекет бас­шы­сының былтырғы Жолдауында қам­тылған банк саласындағы бәсекелестікті арт­тыру мақсатында елге 3 сенімді шетел­дік банкті тарту тапсырмасы аясында іске асырылып отыр. Министр қайт­кен күнде де бұл жобаны іске асы­ру қаржы жүйесіне жаңа капитал тар­туға мүмкіндік беретінін алға тартты.

Баяндамашы «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату жобасына да тоқталды.

– «Қазақтелеком» АҚ-ның «Мобайл Телеком-Сервис» компа­ниясын қатар­лық «Power International holding» компаниясына сатуы телекоммуникация саласын ырық­тан­дыруға және бәсекелестіктің өсуіне ықпал етпек. Қатарлық «Power International holding» компа­ниясы­ның Теле2-ге салған инвестициялары озық технологияларды енгізуге, телекоммуникациялық ин­­фрақұрылымды кеңейтуге, халық­ара­лық стандарттарға сәйкес бизнес-процестер­ді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді Н.Байбазаров.

Сондай-ақ ол бұл келісімде газ өңдеу зауыттарын салу жөніндегі 3 жоба бар екенін де атап өтті. Ол жобаларды іске асыру Қашаған кен орнының ресурстық базасын ұтымды пайдалануға, елдің ішкі қажеттіліктерін жабу үшін тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

– Газ өңдеу зауыттарының іске қосылуы жылына 6,9 млрд текше метр тауарлық газды, 410 мың тонна сұйы­тылған көмірсутек газын, 60 мың тонна газ конденсатын және 770 мың тонна күкірт өндіруге мүмкіндік береді. Газ өндеу зауыттарының әрқайсысын іске қосу құрылыс кезеңінде – 2 000, пайдалану кезеңінде 600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, – деген министр Н.Байбазаров аталған жобалар елімізде тауарлық газ өндірісінің көлемін 18%-ға ұлғайтатынын айтты.

Сондай-ақ келісім аясында қазақ­стандық тарап қатарлық инвестиция­лар үшін тұрақты салық режімін, Қазақ­стан аумағында қатарлық инвестиция­ларды қорғауды қамтамасыз етпек.

 

Мемлекеттік мүдденің басымдығы

Баяндамадан кейінгі сұрақ-жауап кезеңінде депутат Әділ Жұбанов жоғарыда аталған 9 жобаның ішін­дегі ГӨЗ-1 газ өңдеу зауытының құрылысы 2021 жылы басталғанын, қазір­гі жоспар бойынша құрылысы аяқталатын уақыт келгенін айтты. Яғни салынып біткелі тұрған зауытты шетелдік инвесторларға берудің қандай қажеттіліктен туғанын сұрады. Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов бұл сұраққа көп ойланбас­тан «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазынаның» шешімі екенін жеткізіп, қысқа қайырды.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров шетелдік инвестицияға қар­сы­лығымыздың жоқтығын, бірақ инвес­тиция шарттары ұлттық мүддемізге сәйкес келуі керектігіне тоқталды.

– Мәселен, келісімнің 2-бабында «салық режімі Қазақстан заңдарына тәуелді емес» деп жазылған. Бұған қоса 1-бапта «қосымша салық пре­ферен­циясы қарастырылады» делін­ген. Келіп жатқан инвестиция еліміздің заңдарына бағынбайтын болса, ертеңгі күні экономикалық үдерісті қалай қадағалаймыз? Сондай-ақ қосымшада «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясын сату туралы бабында «Мемлекеттік органдардың сатып алушының коммерциялық операциялық ісіне араласуына ты­йым салынады» деп жазылған. Қазір бұл компания мемлекеттің менші­гінде бола тұра біз олардың тәбетіне ие бола алмай отырмыз. Ал алдағы уақыт­та шетелдік инвесторға кететін болса, оған мемлекет араласа алмайтын болса, тариф, интернет ақысы қымбаттаған жағдайда біз қалай араласамыз оған, – деген Е.Саиров тариф қымбаттаса ауыртпалығы алдымен халыққа түсетінін жеткізді.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі мұндай бір пакетпен келген 20 млрд долларлық инвестиция еліміз тарихында бірінші рет болып отырғанын айтып өтті.

– Әрине, біз мұндай сомада инвестиция тартуға мүдделіміз. Жаңа салықтық жеңілдіктерге, қазір келіп жатқан өзге де инвесторларға келсек, біз арнайы шарттар арқылы осындай жеңілдіктерді беріп отырмыз. Өйткені инвесторлардың әлем бойынша қоятын инвестициялық шарттарының бірі осы салық мәселесіне келіп тіреледі. Әрине, қатарлықтар да мұндай салықтық жеңіл­діктерге ие болуды көздейді. Сон­дықтан біз бұл жерде ешқандай проблема көріп тұрған жоқпыз. Олардың құятын инвестициясына расында мүдделіміз. Жобалар іске асырылып, жұмыс орындары ашылып, жалпы, эко­номиканың алға жылжуы­на қолайлы жағдайлар туғызады.

«Мобайл Телеком-Сервиске» келе­тін болсақ, әрине, тарифтер мәсе­лесін реттейтін еліміздің өзге де заң­дары бар. Оның үстіне олар бәсеке­лес­тік ортада жұмыс істейтіндіктен, на­рық өзі реттейді. Егер компания тариф­ті қымбаттатып жіберетін болса, тұтынушысынан айырылады, – деген министр байланыс саласына төнгелі тұрған қауіптің жоқтығын меңзеді.

 

Келісімнің идеологиялық қаупі бар ма?

Депутат Ермұрат Бәпи араб елдерінен келетін инвестициялардың діни идеологиялық жүктемесі жоқ па деген сұраққа назар аударды. Өйткені аталған келісімде инвестицияның белгілі бір пайызы үкіметтік емес немесе діни ұйымдарға жұмсалады деген талап бар көрінеді.

– Осы талап біздің ұлттық мүд­демізге нұқсан келтіріп, сыртқы теріс діни идеологиялық қатерге соқтырмай ма? Осы жағы тексеріле ме? Жоқ әлде біз инвестицияға, осындай әріптестікке зәру болғаннан кейін қаржының бәрін қабылдай береміз бе, – деп сұрады Ермұрат Бапи баяндамашыдан.

Ал Н.Байбазаров бұл келісімді бар­лық мүдделі мемлекеттік органдар қарайтынын айтып өтті.

– Құжат құқық қорғау ор­гандарының сараптамасынан өтеді. Сондықтан бұл жерде ондай тәуекелдер жоқ деп ойлаймын. Қатар елі қазір бүкіл әлемде белсенді инвестициялық саясат жүргізіп келеді. Олар Еуропаның футбол клубтарына дейін сатып алып жатыр. Сон­дықтан олар өздерінің байлығын инвес­тициялап отыр. Бұл – дұрыс практика. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бізге осындай қомақты инвестиция қажет. Жақында біз Астанада Араб үйлестіру тобымен кездестік. Оған Ислам даму банкі Парсы шы­ға­нағының бүкіл мемлекеттік қор­ларының басшыларын бастап келді. Олар да Қазақстанға 7-10 млрд доллар көлемінде инвести­ция салуға дайын. Сондықтан бізге мұндай инвестициялар керек. Бірақ әрине, олардың жұмыс құрылымын, сапасын, шарттарын міндетті түрде қараймыз, – дейді Н.Байбазаров.

Қысқасы, Ұлттық экономика ми­нистрі мұндай инвесторларға рахмет айтуымыз керектігін ескертті.

Жалпы отырыстың күн тәртібінде «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратифика­ция­­­лау туралы» заңның жобасы да қа­рал­ды. Бұл келісімді ратифика­­ция­лау ТМД-ға қатысушы мемлекет­тер­дің жануарлардың инфекциялық ауру­ларының таралуын болғызбау, жа­нуарлардың аса қауіпті ауру­лары­ның зер­т­хана­лық диагностикасын жетіл­діру, мик­роорганизмдердің (штам­­дар­дың) ұлттық коллекция­ларын толық­тыру және келісімге қатысу­шы мемле­кет­тердің аумақтарын эпизо­отиялардан қорғау жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік бермек.

 

Алаңдатарлық мәселелер айтылды

Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға бағытталған сауалдарын жолдады.

Депутат Темір Қырықбаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жасырын есірткі зертханаларындағы қылмысты ашу, қылмыскерлерді ұстау бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілгенімен олардың саны артып бара жатқанын жеткізді. Мәселен, 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 68, 2023 жылы 81 есірткі зертханасы, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу каналы жойылыпты. Тек ресми статистика бойынша кейінгі 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен.

Депутат Ерболат Сатыбалдин ұшақтың бағасы күн санап аспандап бара жатқанын атап өтті. Көлік министрі Марат Қарабаевқа баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтық авиация саласындағы құзырлы органның жұмысын ширатуды ескертті.

Ал депутат Наталья Дементьева Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға мектептегі ыстық тамақтану проблемасын жүйелі шешу бағытындағы бірқатар ұсынысын жолдады.