Саясат • 12 Қыркүйек, 2024

Құқық бұзушылық мәселесі қаралды

75 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрінің, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің, сондай-ақ Қаржы мониторингі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері төрағаларының қатысуымен Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

Құқық бұзушылық мәселесі қаралды

Жиында интернет-алаяқтық­қа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан аса қылмыс ашылғанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтел­генін баяндады. 914 қыл­мыс­кер ұсталды. Жалған нөмір­лер­ден түскен 58 млн қоңы­рау бұғатталды. Еліміздің 5 қала­сын­да 19 SIM-бокс және 6 мың­нан аса тіркелмеген SIM-кар­талары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұр­ған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несие­лерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда.

ҚМА мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қар­жы­лық шығынының алдын алды. «Киберқадағалау» жүйесі 8 мың­нан астам алаяқтық сипат­­тағы сайтты бұғаттады. Азамат­тар­ға компаниялар мен олар­дың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгі­лерін дербес тексеруге мүмкін­дік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан аса өтініш қаралды.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі арқылы интернет-алаяқ­­тық, онлайн-казино және қар­­жы пирамидаларын жарнамалауды анықтау тұрғысында ақ­параттық алаңға мониторинг жүр­гізу барысында жыл басынан бері заңсыз мазмұндағы 12 мың материал мен сілтемелерге қол жеткізуді шектеді. Кибер­қауіп­­­сіздік мәдениетін дамыту ша­­ра­­лары нәтижесінде халық­тың қауіп-қатер туралы хабардар бо­лу деңгейі 80,4%-ға дейін өсті.

Премьер-министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқанын, барлық қажетті деректі алуға мүмкіндік беретін заманауи хакерлік бағдарламалар қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшей­ту тапсырылды. Мәселен, осы сан­аттағы қылмыстық істер­ді тір­кеудің ұзаққа созылуы мәсе­лесін шешу үшін қаржы пи­ра­мидалары белгілерін анық­таудың нақты тетігін әзір­леу және бекіту тапсырылды.

«Мемлекет басшысы интер­нет-қылмыстарды ерте анықтау мен жолын кесу мәселесіне баса назар аудара отырып, олар­ға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді бірнеше рет тап­сырды. Онлайн-кредит­тер­ді ресімдеуге, банктік жинақ­тарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Ұрланған ақша «дроперлер» дейтіндердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналады. Олар – негізінен жұмыссыз азаматтар, көбінесе «жеңіл» ақшаға құныққан жас­тар. Қазір заңнамада «дроперлерге» қатысты ешқандай жауапкершілік қаралмаған. Оның үстіне ақпараттық база­дағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сон­дық­тан мүдделі мемле­кет­тік ор­гандар банк шоттарын, кар­таларды, жеке куәлік­тегі дерек­терді, телефон нөмір­лерінің базаларын бөтен адам­дарға қасақана бергені үшін жауап­кершілікті енгізу мәсе­лесін пысықтауы қажет», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар алаяқтарға қарыз беруге жол бермеу мақ­сатын­да онлайн-кредит­терді ресім­­деу кезінде ақпарат­тық қауіп­­сіздік жүйесін күшейту жөнін­­де шаралар қабылдау қажет. Мұн­да онлайн-кредитті ресімдеу кезі­нде жеке басын сәйкестендіру рәсім­дерін қайта қарау тапсырыл­ды. Сондай-ақ ҚНР-да онлайн-не­сие­лерді алаяқтық шабуылдар­дан сақтандыру мәселесін қарастырады.

Ведомствоаралық комиссия қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде вандализм мен бұзақылыққа қарсы іс-қи­мыл мәселелерін қарады. Жыл басынан бері еліміз бойынша қылмыстық құқық бұзу­шы­лықтар саны 4%-ға, тонау 14%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 18,5%-ға төмендеген. Бүгінгі таңда осындай 13,7 мыңға жуық қылмыс ашылды. «Мүлдем төзбеу» қағидатына сәйкес 9,4 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіл­ді, бұл былтырғы көрсет­кіш­терден 45%-ға жоғары. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 856 стихиялық қоқыс орны анықталды. Бейнекамералар көмегімен 6,5 мың қылмыс пен 435 мың әкімшілік құқық бұзу­шылық анықталды. Жалпы, соң­ғы 3 жылда қабылданған шара­лар нәтижесінде қылмыс­тық құ­қық бұзушылықтар саны 2 есе азайды.

Сонымен қатар көшелерде жа­салған қылмыстың көбеюі бай­қалады. Үкімет басшысы бір­қатар өңірдің әкімдерін тың­дап, қауіпсіздікті қамтама­сыз ету шараларын күшейтуді тапсырды.

«Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіз­дік камералары бар жер­лерде құқық бұзушылық­тар аз. Олар қоғамды тәртіпке үйретеді. Жол қауіпсіздігін қам­та­масыз ету саласында жаңа технология­ларды қол­дану жақсы нәтиже көрсе­тіп отыр. Енді бұл жұмысты қоғамдық тәртіп саласында да дамыту қажет. Бей­не­бақылау камералары­ның желісін кеңейтіп қана қой­май, олардың сапасын күшейте отырып, жеке басын сәйкестен­діру мүмкіндігімен цифрлық интел­лек­туалдық жүйелерге көшу­ді жү­зеге асыру қажет. Осыған бай­ланысты, өңір әкімдіктері қоғам­дық орындарда, тұрғын үйлер­дің аулаларында және азамат­тар жаппай жиналатын орынд­арында бейнебақы­лау ка­ме­ра­ларының санын көбей­­ту бойынша жұмысты ұйымдас­тырсын», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын Қызылсуат ауылына жақын маң­да Астана қаласының ай­нал­ма жолында болған жағдайға аударды. Бұрын ха­бар­ланғандай, ауыр жүк көлігі­нің жүргізушілері пайда табу үшін автокөліктерді автоматты түрде өлшеу жүйесін бұзуға тырысқан. Бұл шара өз кезегінде жолдардың сақ­талуын қамтамасыз етуге және олардың бұзылуын болдыр­мау­ға бағытталған. Көлік бақы­лауынан өтуден бас тарту және жауапкершіліктен жалтару фактілерін ескере отырып, Көлік министрлігіне Ішкі істер, Мәдениет және ақпарат ми­нистрліктерімен бірлесіп тиісті түсіндіру жұмыстарын күшейту және ауыр салмақты көлік құралдарының жүруіне сапалы бақылауды қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ абат­тандыруға зиян келтіру, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тас­тау сияқты басқа да мәселелер бо­йынша жұмысты күшейту тапсырылды.

«Жекелеген өңірлерде қал­дық­тарды шығару және сақ­тау үшін инфрақұрылым мен жағ­дайлар жасауға жеткі­лікті көңіл бөлінбейді. Биыл Ақмола облысының Қоянды кенті­нің маңында жеке кәсіп­орын­дардың тұрмыстық қал­дық­тарды төгіп, заңсыз поли­гон­­дар­ды салу фактілері тіркел­ді. Біз қалалы жерлерде уақ­тылы шығарылмаған қоқыс­тардың автомобиль жол­дарының бо­йында жиналып жа­татынын жиі көреміз. Мұн­дай көрініс әсіресе жеке тұрғын үйлер орналасқан аудандарында байқалады. Бұған жол беріл­мейді», деп атап өткен Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар ми­нистр­­лігіне қалдықтарды бас­қару және қоқыс шығаратын ұйым­дардың қызметін бақылау тетіктерін күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Мәселені қарау қорытын­дысы бойынша Үкімет басшысы қауіпсіздікті қам­та­­масыз ету үшін ең ұсақ құқық бұзушылықтарға да әдіс­темелік реакциялар қажет екенін атап өтті. Көшелердегі, қоғам­дық орындардағы жалпы тәртіп шешуші рөл атқара­ды және қылмыс пен құқық бұзу­шылықтың жалпы дең­гейіне әсер етеді. Бұзу­шы­лық­тардың барлық түріне төз­беу­шілік танытуды көздейтін «сынған терезелер» тео­риясына сәйкес, тіпті болмашы құқық бұзушылықтарға жол беру қылмыстың, соның ішін­де ауыр қылмыстардың көбеюі­не әкеледі. Премьер-ми­нистр бұзақы­лыққа қарсы іс-қи­мыл­да орталық рөл жергі­лікті атқару­шы органдарға беріліп отыр­ғанын атап өтіп, өңір­лердегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, күн тәр­тібін­де кәмелетке толмаған­дар ара­сындағы құқық бұзушы­лықтың алдын алу мәселесі қаралды.

Кәмелетке толмағандардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында зорлық-зомбылық үшін жауап­кершілік заң жүзінде қатаң­датылды. Атап айтқанда, тату­ласу алынып тасталды, кәме­летке толмағандарды зорла­ғаны үшін тек өмір бойына бас бостандығынан айыру қарас­тырылған (бұрын – 20 жыл бас бостандығынан айыру). Жы­ныстық зорлық-зомбылық және суицидті насихаттау үшін қылмыстық жауапкершілік ен­гізілді. Кәмелетке толма­ғандар арасындағы құқық бұзу­шылықтарға қарсы іс-қимыл шеңберінде балалар арасында қорқытудың және буллингтің алдын алу жөніндегі шаралар күшейтілді. Қорқыту, буллинг пен кибербуллингтің құрбаны болған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі қабылданды.

Биылғы оқу жылында елі­міздің 110 мектебінде Зият­кер­лік мектептермен бірлесе отырып, буллингке қарсы Kiva қанатқақты бағдарламалары, сондай-ақ 50 мектепте «ДосболLike» бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесі бойын­ша бағ­дарламаларды бас­қа мек­­тептерге енгізу туралы шешім қабылданады. Биыл бала тәрбиесі бойынша міндет­темелерді орындамағаны үшін 70 қылмыстық іс қозғалған. Бала­лардың түнгі уақытта үй­ден тыс жерде болғаны үшін 84 мыңнан аса ата-ана жауапқа тартылды. Осыған байланыс­ты 6,5 мың мектепте ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары ашылды. Сынып жетекшілері рөлінің маңыздылығын ескере отырып, мұғалімге сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін арттыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Сонымен қатар құрдастарына теріс әсер ететін 1 700 заңсыз «көшбасшы» анықталып, бақылауға алынды. Жалпы, кейінгі 5 жылда жасөс­пірімдер арасындағы қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға, биыл 5%-ға төмендеді.

Премьер-министр Олжас Бектенов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін одан әрі төмендету бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Қажетті қолдауға мұқтаж отбасыларды анықтау шараларын күшейту үшін отбасының цифрлық картасының функционалдығын кеңейту тапсырылды. Сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зом­былық және суицид көрі­ністерін анықтаудың жаңа тәсілдерін әзірлей отырып, оқу орындарының психологиялық қызметінің жұмысын күшейту қажет. Қаржы министрлігіне кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сатуға жол бермеу жөніндегі жұмысты жандандыру тап­сырыл­ды. Бұған қоса бала­ның психологиялық және физи­калық дамуына зиян келтіретін құқыққа қарсы маз­мұнға қол жеткізуді шектеуді көздейтін қосымшаны әзірлеу мәселесі пысықталады.

Отырысты қорытындылай келе, О.Бектенов Мемле­кет басшысы Жолдауда аза­мат­­тардың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуді стратегия­лық басымдықпен айқындаға­нын атап өтті. Үкімет отандас­тары­­мыз­дың жайлы әрі қауіп­сіз өмірін қамтамасыз ету үшін жұмысты күшейту мақсатын­да барлық шараны қабыл­дайды. Ішкі істер ми­нистр­лігіне күш-жігерді шоғыр­ландыру бойынша жаңа тәсіл­дер­ді іске асыру және құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алудың жаңа әрі тиімді жүйесін құру тапсырылды.