27 Қаңтар, 2015

Басты мақсат – тапшылықты болдырмау

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Үкімет Үйі-ПарламенТұтынушыларды жылу және электр энергиясымен қазіргі қыс қысқан мерзімде қамтамасыз ету қаншалықты жолға қойылған? Міне, бұл мәселе кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Электр энергетикасы және көмір: қорытындылар мен перспективалар» деген тақырыппен өткен Үкімет сағатында кеңінен талқыланды. «Электр энергетикасы саласының еліміздің экономи­калық және әлеуметтік дамуында атқаратын рөлі зор. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясында және «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында еліміздің «жасыл» даму жолына көшуі қажеттігін айтып, тиімді және тұрақты экономика құру міндетін қойды. Сондай-ақ, энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамытуды мақсат етті. Елбасы тапсырмасын орындау үшін осы саланы дамыту туралы орта және ұзақ мерзімді Үкімет бағдарламасы қабылданды. Электр энергиясы мен көмір өндіру саласын дамыту, инвестициялау, оларды тарату, үнемдеу, энергия тапшылығын болдырмау, тарифтерді сақтау және басқа да өзекті мәселелер әрқашан халықтың және депутаттар корпусының назарында», деді вице-спикер. Бұдан кейін депутаттар алдында арнайы баяндама жасаған Энергетика министрі Владимир Школьник Халықаралық сарап­тама агенттігінің мәліметіне сүйіне отырып, соңғы 40 жылда әлемдік қуат пайдалану көлемі 2-2,5 есеге артқандығын жеткізді. Министрдің мәліметіне қарағанда, мұнай, көмір, газ сияқты қазба байлықтарын тұтыну әлемде 2,12 есеге ұлғайған. Әрбір ел өз мүмкіндігінше дәстүрлі, баламалы және қалпына келетін энергия­ларды тұтынса, мұнай баламасымен есептегенде ол 13,4 миллиард тоннаны құрапты. Соның мұнай 31 пайызын, таскөмір – 29, ядролық энергия – 4,8 пайыз, гидро қуаты 2,4 және өзгелері болып кете береді. Ал Қазақстанда болса (2013 жылдың қорытындысы бойынша), отын түрі жөнінен генерация көздерінің үлесі: көмірде – 73,2 пайыз; газда – 18,2 пайыз және су электр стансаларында 8,1 пайыз. Бұл ретте, 2014 жылы электр энергиясын тұтыну 91,6 млрд. кВтсағ құрағандығын немесе 2013 жылмен салыстырғанда 102,2 пайызға артқандығын көруге болады. Сала басшысының сөзінен белгілі болғандай, алты жыл шекті тарифті іске асыру есебінен  жыл сайынғы инвестиция көлемі 5 есеге артқан және бүгінгі күні 700 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Бұл өз кезегінде қолданыстағы 5000 МВт-ны жаңғыртуға және қосымша 1700 МВт электр қуатын енгізуге мүмкіндік бар екендігі белгілі болды. 2015 жылға жос­парланып отырған инвестиция көлемі 178 млрд. теңгені құрайды. Негізгі жабдықтардың тозуы бойынша еліміздегі ірі электр стансаларының авариялық тоқтауының жылдық саны 2008 жылы 131 тоқтаудан 2013 жылы 39 тоқтауға дейін төмендеген. В.Школьник еліміздің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясы және Орталық Азия мемлекеттерінің энергия жүйелерімен параллельді режімде тұрақты жұмыс істеуде екендігін жеткізді. Қырғыз тарапының Нарын-Сырдария ГЭС-і судың жиналып қалу аумағы көлеміне байланысты Қырғызстан үкіметінің қол жеткізілген уағдаластығы шеңберінде 2014-2015 жылдары күзгі-қысқы кезеңде 1,0 млрд.кВсағ көлеміндегі Қазақстан электр энергиясын Қырғызстанға жеткізуді ұйымдастырғаны да аталмай қалмады. Өзбекстан энергия жүйесі тарапынан қуатты рұқсатсыз алу жалғасуда екендігі, олардың тұтынған қуатына төлем жүргізбей келе жатқандығы да атап көрсетілді. Қазіргі уақытта Қазақстаннан электр энергиясын экспорттау мүмкіндігі жоғарылауда екен. Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2019 жылдан бастап жалпы электр энергетикалық нарығын құру жоспарлануда көрінеді. Қазақстанның энергетикалық саласын отынмен қамтамасыз ету жайы да атап өтілді. Еліміз айтарлықтай көмір қорларына ие және 400-ден астам кен орындарында тас және қоңыр көмірлер бар. Теңгерімдік қоры 33,6 млрд. тонна, оның ішінде тас көмір – 21,3 млрд.тоннаны, қоңыр көмір 12,3 млрд. тоннаны құрайды. 2014 жылдың 1 қаңтары жағдайында Қазақстан Республикасы бекітілген көмір қоры бойынша әлемде 7-ші орынды иеленеді. Көмір өндірудің қазіргі деңгейінде оның қоры 300 жылдан астам уақытқа жетеді. Қазіргі кезде республиканың көмір саласы 74% электр энер­гиясының өндірілуін, кокс-хи­миялық өндірістің 100 пайыздық жүктемесін, коммуналдық-тұр­мыстық секторды және халықтың отынға қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. Сөз орайы келгенде елімізде «Цинхуа» қытай энергетикалық корпорация­сы» ААҚ қатысуымен көмірді кешенді қайта өңдеу жобасын іске асыру жоспарлануда екенін атап кетейік. Болжанған негізгі өнімдер: бензин, дизель отыны, электр энергиясы және әртүрлі химиялық өнімдер болып табылады. Талқыланған тақырыпқа Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин қосымша баяндама жасады. Сондай-ақ, отырыс барысында депутаттар өз сауалдарын қойып, пікірлерін де ортаға салып жатты. Депутат Жексенбай Дүйсебаев елімізде өндіріліп жатқан электр қуатының 20 пайызы далаға кетіп жатқандығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, 1 кв/сағат электр энергиясын өндіру үшін 0,6 кг көмір жағу керек болса, 12 миллион тонна көмір ауаны босқа жылытуға кетіп жатыр. Мұндай пікірмен келіспеген министр «энергия үнемдеу» өзгелермен салыстырғанда, жаман еместігіне сендірді. Бақытжан Ертаевтың сұрағына берген жауабында министр атом электр стансасын салуға екі алаң таңдалып алынғанын жеткізді. Оның біреуіне ресейлік технологияны тарту көзделсе, екіншісіне перспективалы станса ретінде жапондық «Toshiba Westinghouse» компаниясы қарастырылып отырылғаны белгілі болды. Министр АЭС-тің әрбір блогын салу оның құрылымына қарай 3-4 млрд. доллардың шамасында айқындалуы мүмкіндігін де жеткізді. Жалпы, екі стансаның бірі Курчатов қаласы маңынан салынуы керек болса, екіншісін Бал­қаш көліне жақын жерге салу жоспарланған. Алайда минис­тр қазір елімізде артық электр энер­гиясының жинақталып қалған­дығын тілге тиек ете келіп, енді оны импорттау мәселесі туындап отырғандығына да назар аудартты. Отырысты қорытындылаған С.Дьяченко Үкіметтің тарифтерге шектеу қоюы арқасында электр энергетика саласына инвестиция көбейгендігін, ол еліміздің экономикасына және оның дамуына  оң әсерін беруде екендігін ерекше атады. «Электр энергиясын, көмір өндіру және жаңартылған энергия көздерін дамыту жөнінде атқарған жұмыстар туралы толық ақпарат берілді», деді палата Төрағасының орынбасары. Жалпы, кешегі отырыста кейбір сұрақтарға жауап беруге дайын болмады ма, министр оларға жазбаша жауап берейін деген сөзді көп қолданды. Сол үшін ескертпе де алды. Дей тұрғанмен, көптеген сауалдарға жан-жақты жауаптар берілді. Отырыс қорытындысы бойынша, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».