Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Теңге ілу спортының «Қос құлаш» деп аталатын сынында Рахат Қамбаров қос сайыстың қорытындысы бойынша қарсылас шақ келтірмеді. Ол алғашқы кезеңде жарыс жолының оң және сол жақ қапталына қойылған төрт теңгені белгіленген уақытта түгел ілді. Осылайша, отандасымыз ойынның алғашқы кезеңінен-ақ қарсыластарын қапыда қалдыруға тырысты. Бұл кезеңде отандасымыз 8 ұпай еншілеп, көш бастаса, Қырғызстан спортшысы 6 ұпайды олжалап, мықтылығын байқатты. Ә дегеннен үздік үштікке ілескен Моңғолия өрені Мелс Наурызбектің еншісінде 4 ұпай болды. Бұл кезеңде Өзбекстан мықтысы Зокиржон Азизбеков те 3 ұпай алып, жүлдеден үмітті екенін байқатқан. Алайда алғашқы үштіктің қарымы екінші кезеңде де басым болды.
Финалдық бәсекеде спортшылар оң және сол қолмен үш-үш теңгеден алты теңгені ілуге талпынды. Рахат Қамбаров бұл кезеңде де 6 теңгені оңай қағып алып, жеңімпаз атанды. Ал Рахаттың басты қарсыластарынан моңғол спортшысы Мелс Наурызбек екінші орынды жеңіп алса, қырғыздың мықтысы Асхат Талайбеков үшінші орын алды. Рахат Қамбаров – Түркістан облысының тумасы. Теңге ілуден елдің бірнеше дүркін чемпионы, Азия кубогінің жеңімпазы. Көшпелілер ойындарында Рахаттың астындағы сәйгүлігі де жер тарпып, теңге ілу спортына әбден машықтанғаны көрініп тұрды.
Теңге ілуден қоржынға екінші алтынды Бекнұр Серіков салды. Бекнұр этноауылда өткен бәсекеде Теңге ілудің «Бес белес» сынында өнер көрсетіп, қарсыластарынан епті әрі шапшаң екенін дәлелдеді. Ал екінші орынды қырғыз спортшысы Әділбек Кенжебекұлы алса, үшінші орынды Румыния өкілі Бакос Ксонгор еншіледі.
Бекнұр жарыс ережесіне сай ілген теңгесі жағынан да, уақыт жағынан да үздік өнер көрсетті. Ол жарыс алаңына төрт мәрте шығып, алғашында берілген екі мүмкіндіктің бірінде 10 теңгенің сегізін, екіншіде жетеуін ілді. Финалда 14 теңгенің 12-сін, екінші мүмкіндікте 11-ін ілді. Ережеге сай, теңгелерді ілуге 35 секунд берілсе, Бекнұр теңгелерді 33 секундтан асырмай қағып отырды.