«Өз әулетімнен шыққан тұңғыш садақшымын»
Испаниядан келген 68 жастағы Марисоль Каррион Джименестің айтуынша, күйеуі Феликс Галлего Гуэрреро екеуі осы турнирге қатысып жатқан садақшылардың ішіндегі ең жасы үлкендері. Өзінің садақ атумен шұғылданып жүргеніне 10 жылдан асыпты.
«Испанияда «Дәстүрлі садақ ату қоғамы» деп аталатын ұйым бар. Оның жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдай болды. Біз зайыбым екеуміз осы қоғамның мүшелеріміз. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына бірінші рет қатысып жатырмыз», дейді ол.
Ерлі-зайыпты Феликс ағай мен Марисоль апай бұған дейін Испаниядан бөлек, Португалия, Франция, тағы бірқатар елде өткен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Әсіресе Португалиядағы халықаралық турнирде алған 2-орынын ерекше мақтан тұтады. Ал қазақ еліне олар тұңғыш келіп отыр.
«Маған бұл ойындардың ұйымдастырылуы өте ұнады. Көп елде болдық. Сондықтан салыстыра аламыз. Дүниежүзілік көшпелілер ойындары Олимпия ойындары секілді жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өз атымнан бізге қажет кезде қол ұшын созып, бағыт-бағдар беріп, көмектесіп жүрген волонтер жастарға алғыс айтқым келеді», деді Марисоль Джименес.
Ерлі-зайыптылар бұл ойындарда әзірге жүлделі орынға іліккен жоқ. Себебін сұрағанымызда: «Біз Испанияда негізінен басқа қашықтықта атудан дайындаламыз. Бұл жақтың талабы өзгешелеу екен. Қарсыластарымыз шетінен «сен тұр, мен атайын» екен», деп жауап қатты.
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бір ерекшелігі – бұған тек өткен тарихында көшпелі ғұмыр кешкен елдер ғана емес, отырықшы халықтардың да өкілдерінің қатысып жатқандығы. Испаниядан келген кейіпкерлеріміздің де ата-бабалары көшпелі болмаған. Тіпті «көшпелі өмір сүру салты» деген түсінік жоқ екенін айтады.
«Мен өз әулетімнің ішінде дәстүрлі садақ ату спортымен шұғылдана бастаған бірінші адаммын. Біздің елде олимпиадалық садақ ату түрімен айналысатындар көп. Ал бүгінгідей дәстүрлі садақ ату спорты енді ғана танымал болып келеді», дейді М.Джименес.
«Әйелім – әлемнің 12 дүркін чемпионы»
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары барысында біз әңгімелескен тағы бір ерлі-зайыпты жұп – Мажарстаннан келген садақшылар Томас Һуней мен Эмоке Домокос. Олар – Будапешт қаласының тұрғындары. Т.Һуней өзінің дәстүрлі садақ атумен шұғылданып келе жатқанына 14 жыл болғанын айтады.
«Біз әйелім екеуміз де осы спорт түрімен көптен айналысып келеміз әрі мұны қатты жақсы көреміз. Жарыстарға да үнемі бірге барамыз. Осы жылдар ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде өткен талай турнирде бақ сынадық. Ал Қазақстанға бірінші рет табан тіредік. Маған сіздердің елдеріңіз де, астаналарыңыз да ұнады. Жарыстың өзі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Тыңғылықты дайындық болғаны байқалады. Ал жергілікті тұрғындар – мүлдем бөлек тақырып. Біз мұнда тек күліп жүретін көңілді адамдарды ғана көріп жатырмыз», деп ағынан жарылды ол.
Томас Һуней – дәстүрлі садақ атудан әлемнің 3 дүркін чемпионы. Соңғы рет Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен біріншілікте топ жарған. Ал оның жұбайы Эмоке Домокос әйелдер арасында әлемнің 12 дүркін чемпионы! Сондай-ақ ол осы ойындарда да 11 қыркүйек күні өткен «Жамбы» стиліндегі дәстүрлі садақ атудан күміс медальды мойнына тақты.
Біз мажар халқы Еуропаның қақ төрінде отырған ұлт болса да, бұрынғы көшпелілердің ұрпағы екенін жақсы білеміз. Ерлі-зайыптыдан ата-бабаларынан дарыған қандай да бір көшпелілік қасиет туралы сұрадық. «Мен – мажармын. Бойымда көшпеліліктің қаны бар екенін сеземін. Тіпті менің арғы тегім – қыпшақ. Қазақ-мажар – бір туған», деді Т.Һуней.
Қазіргі таңда мажарлық садақшылар әлемдегі алдыңғы қатарлы құрамалардың бірі саналады. Бұған түрлі турнирде осы ел өкіл-дерінің үнемі топ жарып жүргені жақсы дәлел. Мысалы, Астанадағы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келген садақшының бірі Ласло Коцка – әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол осы турнирдің өзінде 10-11 қыркүйек күндері дәстүрлі садақ атудан бір алтын, бір күміс медаль еншілеп үлгерді.