Биофактан басталған бизнес
Мерей мамандығы биолог болғандықтан, әу баста болашағын ғылыммен байланыстырды. ҚазМу-дың биология факультетінің магистратурасында білім алған. Дәрі-дәрмек нарығына қызығатын болған соң осы тақырыпты зерттеу нысанасына да айналдырды. Арлы-берлі жосылған ала дорба дәуірі ретінде тарихта қашалып қалған 90-жылдар кезеңі Мерейді де бизнес әлеміне қарай жетеледі. Ол әуелден қызыққан фармацевтика нарығын бағдар етті.
Кеңес дәуірінде өндіріс атаулының көбі ауыр өнеркәсіпке бейімделді де, дәрі-дәрмек секілді нарықтың бар екені де ескерілген жоқ. Қазақ даласында емдік қасиеті бар шөптің барлық түрі өссе де, жыл сайын миллиардтаған доллар дәрі-дәрмек импортына жұмсалады. Еліміз тек қатерлі ісікті емдейтін бір ғана таблетканы 32 млн долларға сатып алады екен. Жалғыз онкологиялық дәрі-дәрмектің әрбір ампуласын АҚШ-тан 1 000 долларға импорттаймыз. Егер сол дәріні өзімізде өндірсек, оның әрбір ампуласы 150 мың теңгеден айналады. Жиынтығында 28 млн долларды үнемдеуге болады екен.
Мүдделестер тауып, мүмкіндігін кеңейтті
Жан-жағына қараса саланы меншіктеп алған монополия жетіп артылады. Олар шетелдік алпауыт фармацевтикалық компаниялармен келісімшартқа отырып, нарыққа қажетті дәріні вагондап тасып жатыр. Саланы меншіктеп алған мұндай көлеңкедегі қожайындармен бәсекеге түсе алмасы анық еді. Айналымда миллиардтаған доллар қаржысы бар алпауыттар жас кәсіпкерді алғашқы жылдары сапамен болмаса да, бағамен тұншықтырып тастайтын. Мұндай нарықтың есігін ашпақ түгілі, терезесінен сығалап қарауға да мүмкіндік аз. Солай екен деп екі қолды бос қоюдың тағы қисыны жоқ.
Жас кәсіпкер жоспарын өзгертіп, халықаралық құқықтық нормалармен қорғалған бірлескен кәсіпорын құру қажет деп тапты. Қытай мен Гонконгтан инвесторлар алып келіп, елімізді түгел аралатып көрсетті. Бұрын жинастырып, басын құрап үлгерген қолда барын өзі бастаған жобаға инвестиция ретінде құйды. Қалғанын қытайлық инвесторлар қаржыландыратын болып шешілді. Өндірілетін дәрілердің тізімі жасалып, кәсіпорынның нарықтық құны анықталды. Біздің жобалау институттарымыз бір зауытты салуға 5 жыл уақыт белгілейді екен. Бірақ мұндай талап инвесторларды шалқасынан түсіреді. Олар «құны 50 млн тұратын жобаны 5 жыл күтесіңдер» деген бәтуамен келісе алмады. Ақыры халықаралық заңдарға сүйеніп жүріп жобалау институтының да келісімін алды.
Сөйтіп, 2014 жылы Алматы іргесіндегі «Kelun-Kazpharm» зауыты пайдалануға берілді. Өндіріс құрылысына жалпы сомасы 7,5 млрд теңгеден астам (шамамен 37 500 000 еуро) қаражат салынды, ауданы 40 000 шаршы метр жер телімі сатып алынды. Зауыттың өндірістік қуаттылығының жалпы ауданы – 19 000 шаршы метр. Құрылыс жобалары еуропалық GMP стандарттарына және ел заңнамасына сәйкес әзірленді.
Пандемия кезінде пайдасы тиді
Бірінші желі – полипропиленді (PP) орау бөтелкелеріндегі инфузиялық ерітінділерді өндіруге арналса, екінші желі – шыны, полипропилен (ПР) ампулалардағы инъекциялық ерітінділерді шығару, сонымен қатар лиофилденген ұнтақты жоғары технологиялық өндіруге бағытталды. Қазір үшінші және төртінші желілерді іске қосуға дайындық жұмысы жүріп жатыр. Бұл желілер іске қосылса тек сұйықтықтарды емес, препарат өнімдерін де шығаруға мүмкіндік туады.
«Бір жылдың ішінде фармацевтикалық өнім өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс станоктары елге жеткізіліп, жұмыс қызу басталып кетті. 500 адам жұмысқа орналасты. Қазір зауыт 20 шақты түрлі дәрі өндіреді. Оның 70%-ы ТМД елдеріне экспортталады. Басым бөлігі Ресейдің үлесінде, өзгесі Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстанға жіберіледі», дейді Мерей Сламұлы.
Мерей бізбен әңгімесінде зауыт құрылысы дер кезінде басталғанын айтты.
«Коронавирус пандемиясы басталған 2020 жылы фармацевтикалық зауыт дәрі-дәрмекке ең қажетті дәрі сұйықтығын дайындайтын. Бұл сұйықтық «медицинаның наны» ретінде қарастырылады. Пандемия кезінде осы сұйықтыққа деген сұраныс үш есе өсті. Бір жыл бойы 400 жұмысшы күндіз-түні жұмыс істеді. Бұған дейін бір жылда 45 млн шөлмек сұйықтық өндірсе, одан кейін өндіріс қуатын 110 млн флакон сұйықтыққа жеткіздік. Ең бастысы – сұйықтыққа сұраныс үш есе артып тұрғанда бағаны өзгертуге жол берген жоқпыз. Қазақ елінің ғана сұранысын қамтамасыз етіп қоймай, Ресейдің оңтүстігіндегі облыстар мен Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің де қажеттілігін өтеп, алғысын алдық», дейді.
Үшінші және төртінші желі іске қосылса зауыт ассортименті тағы оншақты өнім түрімен толығайын деп тұр. Бірақ дәрі-дәрмек өнімдерінің «наны» – дәрі шикізаты Қытай мен Үндістаннан жеткізіледі. Тіпті сұйық дәрілерді құятын флакон шикізаты пропилен де шетелден әкелінеді. Медициналық флакондардың ерекшелігі – қайта өңделуге жатпайды. Сол себепті, бағасы қымбаттау. ЕО, АҚШ, Батыс елдерінің біразы кейбір өнім түрінің шикізатын сол елдерден сатып алады.
«Күнделікті басылымдардан «біздің елде дәрілік өсімдіктердің барлық түрі өседі, бірақ импортқа тәуелдіміз» деген ақпаратты көп оқимын. Нарықтың осы сегментінде біздің үлесіміз аз. Фармацевтика өнеркәсібі үшін химиялық шикізатқа деген талап дұрыс жүргізілген техникалық параметрлердің нәтижесіне қарап анықталады. Халықаралық медицина тәжірибесінде 1 дәріні дайындауға кемі 20 жыл кетеді. Қытай мен Үндістан бұл ретте дәрі шикізатының экспорттаушылары ретінде танылған. Сондықтан біз уақыт ұттырмай дәрі шикізатын өзімізде өндірсек, нарықтағы баға кемі үш есе арзандайтын еді», дейді кейіпкеріміз.
АҚШ импортын алмастырды
Кәсіп иесі экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екенін де айтады. Жеке инвестиция тарту арқылы іскерлік белсенділіктің өсіміне қолайлы жағдай жасау қажеттігін Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында да қамтыды. Бұл тұста Мерей тәрізді шетелдік инвесторды тартып, бірлескен өндіріс орнын ашып отырған жергілікті бизнесмендердің экономикалық белсенділігі шешуші рөл атқарады.
Қазіргі уақыт – ішкі нарықтың күре тамырына қан жүгіртетін мүмкіндіктер көзін әртараптандыратын сәт. Тек біз емес, әлемдік экономиканың көшбасшы елдеріндегі компаниялардың біразы шетелдіктермен біріккен кәсіпорын ашуға, мүмкіндік болса, әлемдік бренд компаниялардың еншілес ұжымдарын елге алып келуге тырысады. Фармацевтика зауытын ашып, 500 адамға жұмыс тауып берген кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – кейбір өнім түріне қажетті шикізатты өзімізде дайындау және әлемдік логистикалық тізбектен енші алу. Бұл үшін өндіріс, ғылым және бизнес арасында берік байланыс орнауы керек. Мерей Сламұлы айтып өткендей, қазақ балаларының таланты талай елде мойындалды. Енді Үкімет жастарды елге шақырып, олардың жаңалығын ғылыми айналымға қосса талай түйін тарқатылар еді.
Қазіргі жетістігі – бұрын АҚШ-тан импорттап келген онкологиялық сұйықтықтарды «Kelun-Kazpharm»-да өндіруге қол жеткізді. Ішкі нарықтағы бағасы импорттан үш есе арзан. Елдегі онкологиялық клиникалар осы зауыттың өнімдеріне тапсырыс береді. Дамыған елдердің ең беделді компанияларында «Kelun-Kazpharm» дайындаған дәрі сұйықтықтары қолданылып жүр.
АЛМАТЫ