Саясат • 13 Қыркүйек, 2024

Кешенді жоспар кезек күттірмейді

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Парламент де­путаттарымен кездесу өт­кізіп, онда ел Президентінің тап­сырмаларын іске асыру шең­беріндегі шараларды ұсынды. Кез­десуге Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лері, сондай-ақ жоғары оқу орын­дарының басшылары қатысты.

Кешенді жоспар кезек күттірмейді

Сурет: primeminister.kz

Вице-премьер елдегі шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарымен жұмыс істеуге назар аударды. Бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру бағдарламаларын, оқыту технология­ларын трансферттеу мәселесін көтерді. Студенттердің білім деңгейін, құзыреті мен дағдысын бағалау бөлігінде олардың жұмысына бірыңғай талаптар қабылдауды жоспарлап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру сапасын тәуелсіз бағалау ұйымдастырылады. Бұл ретте негізгі критерийлер – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдері қолданатын көрсеткіштер. Бағалау нәти­желері бойынша жоғары оқу орындары лигаларға бөлінеді.

– Жаңа ережелер білім беру гранттарын бөлуге де әсер етеді. Алдағы жылдарда грант­тар жоғары оқу орындарының кіретін лига­сына қарай және ұлттық бірыңғай тесті­леуде жоғары балл алған, бірақ конкурс ая­сында өте алмай қалған түлектерді қол­дау мақсатында сараланады, – деді Т.Дүйсенова.

Лигаларға бөлу колледждер арасында да жоспарланған. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыған байланыс­ты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары трансформациясының ке­шен­ді жоспары дайындалып жатыр. Орта білім беру сапасын арттыру мақсатында өңірлерде тірек мектептер желісін құру, шағын жинақты мектептерді трансформациялау бойынша жұмыс жалғаса­д­ы. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған мектептерді басқару жүйесінің жаңа моделі бекітіледі.

– Қаржыландыру көздері нақтылана отырып, алдағы 3 жылда 1 300 мектепті күрделі жөндеу жоспары 1 желтоқсанға дейін әзірленеді. Мемлекеттік қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін балаларды тәрбиелеу, оқыту және тамақтан­дыруға бөлінетін қаражат көлемі мобиль­ді қосымшада немесе ата-аналардың «Әлеуметтік әмиянында» қызметті нақты алу фактісіне қарай көрсетіліп отырады, – деді вице-премьер.

Тамара Дүйсенова мектепке дейінгі білім беруге қатысты жоспарланып отырған шаралар туралы да айтты. Оның сөзінше, балабақшалардың білім беру бағдарламаларын мектептердің бастауыш сыныптарымен синхрондау, бірыңғай цифрлық кезек жобасын іске асыру жұмыстары жалғасады. Бұл жұмыс заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді. Денешынықтыру және спорт саласында да жаңалықтар бар. Атап айтқанда, спортты дамытудың үш сатылы жүйесі құрылады. Жоғары жетістіктегі спорт түрлерінің тізбесі қайта қаралады. Осы салаға бөлінетін қаражатты тиімді және ұтымды пайдалану үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізіледі, спорт түрлері бойынша кадр­лар даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұл өзгерістер Мәжілісте қара­латын заң жобасы шеңберінде енгізіледі.

Денсаулық сақтау саласында да реформалар көзделген. Кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттері­нен тұратын медициналық көмектің бір­ың­ғай пакетін қалыптастыру ұсыны­лады. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін цифрландыру енгізіледі. Жыл соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру бойынша жұмыс­тар­ды аяқтау және келесі жылдың соңына қарай Бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр. Үкімет отбасының цифрлық картасының деректеріне сәйкес дағдарыстық және шұғыл санаттарға жатқызылған отбасылар санын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.