Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2024

Өңірде азық-түлік арзандады

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі тұрақтандыру қоры өңір тұрғын­да­рының алдағы қысқа қажетсінетін азық-түлік өнім­дерін қамдауға кірісті. Қазіргі уақытта қор қой­ма­ларында 13,8 мың тонна азық өнімдері сақталып тұр.

Өңірде азық-түлік арзандады

Суреттерді түсірген – Валерий БУГАЕВ

Павлодар облысында «Павлодар» әлеуметтік-кә­сіп­­керлік корпорациясы» АҚ негізінде құрылған жалғыз тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Онда жалпы көлемі 13,8 мың тонна азық-түлік өнімі жинақталған. Облыс бойынша 201 әлеу­меттік дүкен мен әлеу­меттік сауда нүктелерінде азық-түліктің 12 атаулы түрі сатылады.

«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры­ның директоры Азамат Дәндібаевтың айтуынша, күзгі ке­зең­де көптеген азық түріне тұ­тыну­шылар тарапынан сұраныстың жоқтығына немесе күрт азайып кеткеніне байланысты қорда арнайы тізімге енетін өнімдердің кейбірі жоқ. Мысалы, күнбағыс майы мен картопқа қазір мүлде сұраныс байқалмайды.

е

Өңірдің тұрақтандыру қорынан өнімдер келесідей бағада босатылып жатыр: Қарақұмық (килосы) – 130 теңге, бірінші сортты ұн (килосы)– 145 теңге, тұз (килосы) – 55 теңге, күнбағыс майы (литрі) – 630 теңге (қазір бұл өнім қорда жоқ, өндірушілер сығымдап алып жатыр, жақын арада түседі), күріш (килосы) – 350 теңге, макарон (рожки, килосы) – 250 теңге, қырыққабат (килосы) – 95 теңге, қант (килосы) – 410 теңге, картоп (килосы) – 110 теңге, сәбіз – (килосы) 110 теңге, пияз (килосы) – 102 теңге, тауық жұмыртқасы (ондығы) – 426 теңге.

«Бізде кейбір азық-түлік өнімдері, соның ішінде көкөніс пен картоп қоймаға арнайы салынбайды. Олар шаруа қожалықтарының көкөніс қоймаларында сақталып тұ­рады, қажет кезінде алдыртамыз. Облыста күріш бағасын ырықтандыру әрі көлемін көбейту мақсатында жуықта корпорация қорға 204 тонна күріш сатып алды. Алдағы уақытта тауық жұмыртқасын да қажет көлемде сатып алу жоспарда тұр. Қысқы уақытқа қажет көкөніс түрлері бо­йынша да қосымша сатып алулар жүргізілуі мүмкін. Бірақ біздің өңірде көкөніс өнімдері мол жиналатынын ескерсек, картоп және кейбір көкөністер бойынша қорға нақты сатып алулар жүргізілмейді. Себебі өнімді жергілікті нарықта арзан бағада өткізуге қызығу­шылық танытатын шаруа­шылықтар жеткілікті», дейді А.Дәндібаев.

Жоғарыда аталған 204 әлеу­­меттік сауда нүк­те­­ле­рі­нен бөлек, Павлодар қала­сын­да «Jailau» фермерлік базары жұмыс істейді. Онда сатылатын азық-түлік та­уарлары тікелей жер­гілікті өндірушілерден жеткізі­ле­тіндіктен, нарықтағы ба­ға­дан 15-20%-ға арзан. Биыл Екібастұз бен Ақсу қалаларында да осындай ба­зар­лар құрылысы қолға алынып жатыр.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы азық-түлік бағасының арзандығы жөнінен 7 позиция бойынша республикадағы өңірлер арасында ТОП-5-ке кіреді. Атап айтқанда, бірінші сортты ұн, қарақұмық жармасы, сары май, сүт (2,5%), айран (2,5%), картоп, сәбіз. Облыс бойынша жалпы сыйымдылығы 500 мың тоннадан асатын 150 көкөніс сақтау қоймасы бар. Биыл сыйымдылығы 8 мың тонна көкөніс қоймасын салу көзделген.

 

Павлодар облысы