Үкімет • 12 Қыркүйек, 2024

Алатау қаласын өркендету кеңсесі құрылады

17 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы вице-министрлерінің, Құрылыс және ТКШ істері коми­теттері, «Alatau» арнайы экономикалық аймағы басшылығының, жер­гілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ірі инвесторлардың қатысуымен Алатау қаласын дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Алатау қаласын өркендету кеңсесі құрылады

Сурет: primeminister.kz

Жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, денсаулық сақтау, білім беру және спорт нысандарын салу мәселелері талқыланды. Қала құрамына шағын аудандарға айналдырылған 12 елді мекен кірді, Алатаудың бас жоспары бекітілді. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық органдары құрылды. Жалпы ауданы 88 мың гектарды құрайды. Халық саны 54 мыңға жуықтайды.

Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов бүгінде қалада логистика, медицина және тамақ өнімдерін өндіру саласындағы жобалар іске асырылып жатқанын баяндады. 6 мыңнан аса жұмыс орнын ашатын 12 инвестициялық жоба үшін жер учаскелерін арнайы экономикалық аймақтың қарамағына беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ 5,8 мың гектар аумақта негізгі ірі жобалар орналасады. Оларды құру және инвесторларды тарту үшін бірқатар рәсімнің мерзімін қысқарту қажет.

Қ.Бозымбаев баяндамаларды тың­дап, Алатаудың дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Министрліктердің, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен Үкімет жанынан Жобалық кеңсе құруды тапсырды. Ол Алатаудың өмір-тынысы мен жұмыс үшін инвестицияларды тартуға жағдай жасау бойынша мәселелерді жүйелі негізде шешіп отырмақ.

Вице-премьер жобалау-сметалық құжат­таманы, салалық инфрақұ­рылым­дық схемаларды әзірлеуді жеделдетуді тапсырды. 10 жұмыс күні ішінде әкімдік инвесторларды тарта отырып, даму жобаларын (зауыттар, фабрикалар, әлеуметтік және объектілер) анықтап, келесі жылы оларды қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге тиіс.