Сенат • 13 Қыркүйек, 2024

Сенаторлар кеден дәлізін құру туралы заңды мақұлдады

89 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің Үкіметтері арасында оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді қарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенаторлар кеден дәлізін құру туралы заңды мақұлдады

Фото:senate.parlam.kz

Айта кетейік, заң кедендік операциялар процесін жеделдетуге және тиісті рәсімдер құжаттарының санын қысқартуға арналған. Сондай-ақ құжат сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы өзара экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал етпек.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше тоқталып, нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл – тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Бүгін қаралған заң осы мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасында жеңілдетілген кедендік бақылау орнату үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Мақұлданған заң жүктерді тасымалдау көлемін арттырып, тараптар арасында сауда-экономикалық белсенділіктің өсуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Нұрлан Бекенов Сенат отырысында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы кедендік дәлізді оңайлату туралы заңды талқылау барысында 2024 жылдың 8 айында  ұйымға мүше мемлекеттермен Қазақстанның сыртқы саудасының көлемі 10,4 млрд долларды құрағанын атап өтті.

«Тұтастай алғанда, келісімді ратификациялау Қазақстан үшін Орталық Азияны әлемдік сауда орталықтарының біріне айналдыруға және Қазақстанның Халықаралық экономикалық аренадағы позициясын нығайтуға одан әрі жәрдемдесетін жаңа перспективалы сауда жолын ашады», деді Нұрлан Бекенов.