Фото: Туризм және спорт министрлігі
8-13 қыркүйек аралығында өткен көшпелілер ойындарына 89 мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Көшпелілер ойындарының жабылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған қатысып, сөз сөйледі. Е.Мырзабосынов байрақты бәсеке ұлттық спортымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді дәріптеп, мәдени мұрамызды төрткүл дүниеге паш еткен бірегей оқиға ретінде тарихта қалғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қазақ топырағында ұйымдастырылған Дүниежүзілік көшпелілер ойындары – мәні терең, мазмұны бай бірегей жоба. Оның түркі әлемінің алтын бесігі – Қазақ жерінде жалауын желбіреткені – біз үшін зор мәртебе әрі шын мақтаныш. Ойындарда 30-дан астам елдің спортшылары медаль иеленді. Жүлде алған мемлекеттер қатарында мұхиттың арғы жағынан келген Канада мен Мексика спортшылары да бар. Дүбірлі додаға 90-ға жуық мемлекеттің қатысуы, 30-дан астам елдің жүлдегерлер қатарынан көрінуі – дүниежүзінде көшпелілер ойындарына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. Келесі, 6-шы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын бауырлас мемлекет – Қырғыз Республикасы қабылдайды. Қырғыз елінің алдағы бәсекені жоғары деңгейде өткізуіне тілектеспін. Көшпелілер Олимпиадасының беделі биіктей берсін!», деді Ербол Мырзабосынов.
Жабылу салтанатының соңында ойындардың ресми нышаны саналған торсықты келесі ойындарды қабылдайтын Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтовқа табыс етілді.