Әскер • 14 Қыркүйек, 2024

Әскерге шақыру басталды

293 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президенттің Жарлығына сәйкес 2 қыркүйектен бастап ел аумағында кезекті әскер қатарына жастарды алу басталды. Оған 18 бен 27 аралығындағы денсаулығы жарамды, әскерден қалдыруға заңды себебі жоқ жастар алынады. Әскери қызмет мерзімі – бір жыл.

Әскерге шақыру басталды

Сурет: ашық дереккөзден

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы қорғаныс істері депар­таментінің кезекті әскерге ша­қыру бөлімінің бастығы Әнуар Ыбыраевқа жолығып, біраз мәлі­метке қаныққан едік. Ол биыл да об­лысымыздан 500 жастың әс­керге шақырылатынын айтты. Ал бар­лық есепте тұрған 14 097 жас­тың ішінен 743 адам қазір әскерге ­барудан бас тартып, қашып жүр­ген көрінеді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647-бабына сәйкес әскерге шақырғанға себепсіз кел­меген адамдарға 5 АЕК көле­мінде айыппұл салынады. Ал 387-бап­қа сәйкес әскерге барудан бас тартқандарға 1 000 АЕК көле­мінде айыппұл немесе 400 сағат қоғамдық жұмыс немесе 1 жылға де­йін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Ал Қорғаныс министрлігі тарапынан әскердің тартымдылығы туралы көптеген шара жасалған. Министрлік Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келісу арқылы әскерге алынғандарға микронесиелер бо­йынша «кредиттік каникул» беруге қол жеткізді. Демек әскери міндетін атқару кезеңінде сарбаздар несие қарыздары мен олардың өсім пайызын төлеуден босатылады», дейді Ә.Ыбыраев.

Сондай-ақ оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі 2022 жыл­дың 22 қазанында еліміздің 70-тен аса ЖОО-сымен әскери қызме­­тін өтегендерге оқу орнының есебі­нен оқытуға орындар беру туралы келісімге қол қойған. Әскери міндетін өтеп келген азамат екі жыл көлемінде бұл жеңілдікті ала алады.

Өкініштісі, қазір әскерімізде түрлі келеңсіз оқиға көбейіп тұр. «Бір жылға қоян терісі де шы­­дайды» десек те, бұзық әре­кет­тер әскерде де жиі көрініс бе­ріп, оған барғысы келмейтіндер саны көбейіп келеді. Қазір кейінгі кел­ген­дерді тіпті басыну, ұрып-соғу ғана емес, қылмысқа итермелеу, мәж­бүр ету де жиі естіліп тұрады. Мұның басты себебі офицерлер­дің өз міндетін лайықты орындай алмайтынында сияқты. Түнгі казарманы олар бұзақылардың билігіне тастап, үйіне кетеді. Ал түнде екі иығын жұлып жеп жүрген бұзақылар еріккен әрекеттеріне кірісіп, жастарға, жуастарға әлім­жеттік көрсетеді. Егер офицерлер кезекпен казармаға жатып, кезекшілік атқарса, мұндайға жол берілмес еді. Кейде тіпті офи­­церлердің өздері сарбаздарды ұрады екен деген әңгімелер естіп қаламыз. Мұндайды, әри­не, өзінің әскери антын бұзғандық деп тану керек. Өйткені өкімет оларды елімізді қорғайтын, ебі мен тәсілі жетілген, кәсіби дайын­дығы жоғары, патриоттық сезім­дегі ­сарбаздарды тәрбиелесін деп ­бес жыл бойы тегін оқытып, дайын­дады. Ал мынадай қылық­тар өкі­меттің мақсатына мүлде ке­ре­ғар. Сарбаздарды ұрып-соққан жерде ешқандай патриотизм болмасы белгілі. Керісінше, оларда Отанға деген жеккөрушілік оянады.

Былтырғы қыркүйек айында «Батыл тойтарыс-2023» атты стратегиялық командалық-штаб­тық әскери оқу-жаттығу жиы­нын­­да Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ­стан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, аза­маттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ор­тақ қасиетті парыз!» деген еді. Офи­церлеріміздің басты бағдары осы болуы керек. Ал сарбаздарды ұрып-соғумен ешкім ешқандай жақсы нәтиже көрсете алмайды. Тәртіп бұзғандар болса, ондайларды заңды түрде жазалауға арнал­ған оқшаулайтын орындар бар, бірақ қол жұмсаумен ешкімді түзе­туге болмайды.

Көршіміздің баласы биыл әс­керге шақырылуы керек-ті. Қазір шешесі баласын әскерден алып қалудың қамымен зыр жүгіріп жүр. Баланың өзінің де әскерге барғысы жоқ. «Нұржан, әскерге барғың келмей ме?» деп сұраған едім, ат-тонын ала қашты. Не се­бепті барғың келмейді десем: «Ұрып-соғады екен, өмір бойы мүге­дек болып қалуым мүмкін ғой, ондай жерге қалай барамын», деді бала.

Міне, біздің әскер туралы қазір осындай түсінік әбден қалыптас­қан. Келеңсіз дүниенің хабары тез тарайды, жаппай тәртіпсіздік болмағанымен, әр жерде бір болып қалған сорақы оқиғалар қа­зір әскердің жалпы сипатына айналып кеткен. Сондықтан әскер басшылығының міндеті әскери қызметтің тартымдылығын, Отан­ға қызметтің бағаланатынын на­сихаттау абзал.

 

Солтүстік Қазақстан облысы