Көрме • 14 Қыркүйек, 2024

Өркениетаралық диалог

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының XXII отырысына орайластырылған «Бейбітшілік жолындағы діндер диалогі қазақстандық суретшілердің көзімен» атты көрме ашылды. Оны Конфес­сияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөнінде Н.Назарбаев орталығы мен Көркемсурет академиясы бірлесіп ұйымдастырды.

Өркениетаралық диалог

Көрмеге Көркемсурет академиясы суретшілерінің 40-тан аса жұмысы қойылған. Картина, мүсін, гобелен, графика, кесте тү­ріндегі қолөнер туындылары­ның барлығы еліміздің бай мәдени мұрасын, қоғамдағы дінара­лық және ұлтаралық келісім мен дос­тықты көрсетеді.

Іс-шараға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Диана Есенова, Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасы орынбасары Әнуар Хатиев, Көр­­кем сурет академиясының вице-прези­­денті Жүнісхан Ермахан, «FICAC» Дүниежүзілік құрметті консулдар федерациясының президенті Николаос Маргаропулос, діни бірлестіктер, халықаралық ұйым­дардың, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Дін істері комитеті төрағасы­­ның орынбасары Ә.Хатиев бұл көр­ме түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өнер өзара тү­сіністік пен серіктестіктің көпірі бола алатынының жарқын үлгісі екенін атап өтті.

«Біз өнердің діни дәстүрлердің тереңдігін айқындап, түрлі конфессиялар арасындағы түсіністік­ті нығайтып, қазіргі замандағы дін­аралық диалогтің маңызын арттыратынын көріп отырмыз. Қазақстан секілді конконфессиялы әрі көпұлтты елде достық пен ынтымақты арттыруға бағытталған әрбір іс құнды», деді Ә.Хатиев.

«FICAC» Дүниежүзілік – құр­метті консулдар федерациясы­ның президенті Николаос Марга­ропулостың айтуынша, бұл іс-шара Қазақ еліндегі өркениетаралық диалог пен бейбіт өмірдің нақты көрінісі.

«Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің XXII Хатшылығы отырысының қарсаңында кездесіп отырмыз. Бұл көрмеде көрініс тауып отырған тақырыптар да съезд миссиясымен үндесіп жатыр. Біздің сенімдері­міз бен салт-дәстүріміз әртүрлі бол­ғанымен, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа бағытталған ниетіміз бір», деді ол.

«Өнер – адамның әртүрлі мекенде, әртүрлі жағдайда өз ойы ­мен әсерін бере алатын тұтас ғылым. Бұл көрмеде түрлі стильде, түрлі жанрда салынған, Қазақстан­ның бай табиғатын бейнелей­тін көп­­теген еңбек қойылған. Біз­дің бүгінгі қонақтарымыз, оның ішінде құрметті консулдар кар­тиналар арқылы Ұлы дала­ның әр­алуандығын көріп, өз мем­лекет­терінде Қазақстан туралы баяндап береді деп сене­міз», деп пікірін біл­дірді Бель­гия Корольдігінің Құр­метті кон­сулы, құрметті кон­сул­­дар бас­қармасының бас­шысы Денис Ван ден Вейх. Көр­менің ашылуында Италия кон­сул­ды­ғының қызметкерлері Алматы об­лы­­сының әсем таулары бей­не­ленген картинаны сатып алды. Іс-шара соңында қаты­су­шылар әлем халықтарының дін­дері мен мә­дениетіне деген құр­­метті қа­лып­тастыру, конфес­сияара­лық диа­логті жалғастыру және халық­ара­лық бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайту жолында тізе қо­сып еңбек етудің маңызын атап өтті.