Медицина • 14 Қыркүйек, 2024

Ажалдан арашалап қалды

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының дәрігерлері босанғаннан кейін қабыну үдерісі салдарынан бүйрегі істен шығып, төрт тәулік комаға түскен ананың өмірін аман алып қалды.

Ажалдан арашалап қалды

Алматы көпсалалы кли­ни­­калық ауруханасына­ Райымбек ауданынан­ жаңа босанған әйелдің жағдайы нашарлағаны туралы шұғыл хабарлама келіп түскен бойда АККА дәрігерлері мен мамандары уақыт созбай санитарлық авиациямен Нарынқол ауылына ұшып жеткен.

Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, әйел жүктіліктің 36 аптасында бел аймағындағы және іштің төменгі бөлігіндегі қатты ауырсыну туралы шағыммен ауруханаға түскен. Дәрі­герлер шұғыл кесарь тілігі опера­ция­сын жасап, әйел салмағы 3390 грамм қызды дүниеге әкелген. Опе­ра­циядан кейін сегізінші күні науқас ба­ла­сымен қанағаттанарлық жағдайда ауру­хана­дан шығарылған. Алайда бір аптадан кейін жас ана аудан­дық ауруханаға қайта түсті. Әйел­дің күйеуінің ай­туынша, кенеттен есінен танып, үйде құлап қалған.

Нарынқол аудандық ауруханасына жедел жеткен босандыру орталығының директоры Г.Жұма­дул­лаева, реанимация және қар­қынды терапия бөлімшесінің мең­герушісі М.Балтаев, тамыр хирургі Ғ.Бақтыбаев, гемодиа­лиз бөлімшесінің меңгерушісі М.Қағаз­баева, кардиолог дәрігер А.Тұр­са­ғатова ес-түссіз жатқан науқасқа медициналық көмек көрсетеді.

«Қысқа уақыт ішінде науқастың жүрегі төрт рет тоқ­тады. Жүргізілген реа­нимациялық іс-шараның нәти­жесінде, жергілікті реанимато­лог пен­ Алматы көпсалалы кли­ни­ка­лық­ ауру­ханасының мамандары па­циент­­тің жүрек-қантамыр қыз­метін сәтті қалпына келтірді», дейді АККА кардио­­лог дәрігері Айгүл Тұрсағатова.

Науқастың жүрек қызметі қал­пына келтірілгеннен кейін республи­ка көлемінде бейінді штаттан тыс ма­­­ман­дарының қатысуымен телеме­ди­­­циналық консилиум ұйым­дас­ты­рыл­ды.

«Науқаста қабыну үдерісі тез дамып, ағзадағы көптеген мүшелердің асқынуы байқалып, соның салдарынан бүйрек жеткіліксіздігі пайда болды. Науқас бірден «prismaflex» гомео­стазды экстракорпоральды түзету аппаратына қосылды. Бұл – септикалық шоктың ауыр жағдайында бүйректің зақым­дануы бар науқастармен жұмыс істеуге арналған арнайы құрылғы. Аппа­рат бізге 72 сағат бойы терапевтік плаз­малық алмасуды және бүйректі алмас­ты­ру терапиясын ұзартуға мүмкіндік бер­ді, оның ішінде: метаболизм өнім­дерін жою, сұйықтықты шығару, ­қыш­қыл-негіз балансын ба­қы­лау, электролит балан­сын қал­пына келтіру жұмыстары жүр­гі­зіл­­ді», дейді нефролог дәрігер Майра Қа­ғаз­баева.

Мамандар аудандық ауруханада төрт тәулік бойы медициналық көмек көрсетіп, вазопрессорлардың дозаларын азайтып, желдеткіште санитарлық авиация желісі бойын­ша бесінші тәулікте гемодинамиканы тұрақтандыру үрдісі анықталғаннан кейін науқас АККА реанимациясына ауыстырылды.

«Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Л.Серікбаевадан ауыр халдегі әйел туралы ақпарат алған сәттен бастап қажетті диагностика­лық әдістермен, дәрілік заттармен және мамандармен қамтамасыз етуге қатысты шараларды бірлесіп ұйымдастырдық. Мамандардың үйлесімді жұмысы мен кәсібилігінің арқасында қазіргі уақытта науқас өзін жақсы сезініп, жалпы пала­таға ауыстырылып, хаттамаға сәй­кес емдеуді жалғастырып жатыр. Мұндай жағдайларда, әдетте, өлім-жітім қаупі өте жоғары болады. Әріптестерімізбен бірлесе біліктілік танытып, күш-жігермен науқасты құтқара алғанымызға қуаныштымыз, ол көп ұзамай ауыр зардаптарсыз балаларына оралатын болады», деді АККА директоры Эльмира Берікова.

Жалпы медициналық қыз­мет көр­се­тудің сапасы мен қол­жетім­ді­лігін қам­тамасыз етудің маңызы зор. Сол орай­да өңір дәрігерлерінің өлім аузын­да жатқан анаға тез арада көмекке ке­ліп, жан-жақты біліктілік танытуы бү­гін­гі медицинаның жетістігі екендігі сөз­сіз.

 

Алматы облысы