Медицина • 14 Қыркүйек, 2024

Аурудың алдын алған абзал

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ», деді. Сонымен бірге ол «науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», деп қадап айтты.

Аурудың алдын алған абзал

Сурет: ашық дереккөзден

Қазір инфекциялық жұқпалы нау­қас­тар белең алатын өліара шақ. Осыған орай Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр деген сауалмен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Қаныш Бижановқа қайрылған едік. «Қазіргі міндет жұқпалы аурулардың алдын алу болса, бұған қарсы біршама шара жасалып жатыр. Пре­зидент айтқандай, мем­лекеттік бюджет тарапы­нан қомақты қаражат бөлінеді. Соны тек тиімді игеріп, халықтың денсаулығын сақтау шараларын арттыруымыз керек. Биыл облыс бо­йынша инфекциялық науқастарды жатқызуға арналған 181 жаңа емдеу төсектік орны ашылды. Оның ішінде 113 орын балаларға, 68 орын ересектерге арналған. Бүгінгі таңда COVID-19 науқасына ұшыраған 4 пациент стационарлық ем алып жатыр, олардың ішінде 2 жүкті әйел, сондай-ақ ЖРВИ-мен (жіті респираторлық вирустық инфек­ция) 18 адам емделуде жатыр, олардың 7-і ере­сек адам, 11-і бала», деді ол.

Соңғы күндері облыс бойынша ЖРВИ науқасымен 689 адам тіркелген. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 427, ересектер – 234, жүкті әйелдер – 28. Бұған қарағанда, облыстағы инфекциялық науқастың таралуы жиілеп бара жатқан сияқты. Сондықтан халықты вакцинациялау жұмысына жеделдік керек. Тәуекел тобына жататын адамдарды тегін иммундау үшін тұмауға қарсы вакцинация егу жұмыстары жаппай қолға алынған. Бүгінге дейін Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасының 60000 дозасы сатып алыныпты. Вакцинация науқастың тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі. Сонымен бірге 11 жастағы қыз балаларға АПВ-ға (адам папиломасының вирусы) қарсы вакцинация жоспарланған. Солтүстік Қазақстан облысында вакцинациядан өтуге тиісті 3638 қыз бар. Бұл вакцинаның 7276 дозасын бірыңғай дистрибьютор «СК–Фармация» сатып алады. Оның мәліметі бойынша, вакцинаны Америкадан жеткізу жоспарланған.

Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның санитар­лық-эпиде­миологиялық бақылау депар­та­ментінің бас­шысы Әсет Жұматаев өңір­дегі жұқ­­палы науқас жайын то­лық­тырды. «Қазір монито­ринг көрсеткеніндей, елде рес­пи­раторлық вирустар, соның ішінде КВИ айналымы байқалады. Ағым­дағы жылдың басынан бері коро­навирустық инфекцияның 54 жағдайы тіркелді. Қайтыс бол­ғандар жоқ. Бұл ретте ЖРВИ, вирустық пневмония және КВИ-мен емдеуге жатқызудың саны былтырғымен салыс­тырғанда өскен жоқ. Бұл КВИ ағымы көп жағдайда жеңіл түрде өтіп жат­қандығын көр­се­тіп отыр. Алайда секвенирлеудің соңғы дерек­тері бойынша, елімізде бүкіл әлемдегідей, Омикрон штам­ы­ның әртүрлі нұсқасы таралып жатқандығы расталған», деді ол.

Биыл Бас мемлекеттік сани­тарлық дәрі­гердің мінде­тін атқарушы «2024-2025 жыл­дар­дың эпидемиялық маусымына арналған тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және коронавирус инфекциясы (COVID-19) бойынша санитар­лық-профилактикалық, санитарлық-эпиде­­мияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы» 2024 жылы 16 тамызда қаулыға қол қойды. Бұл қаулы ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойын­ша эпидемиялық маусым кезеңінде профилак­тикалық және эпидемияға қарсы іс-шара­ларды өткізуді көздейді, оның ішінде:

– медициналық ұйымдарда: кіре берісінде «сүз­гі­­лердің» жұмы­сын қамтамасыз ету, бет­пер­­­де­лерді пай­далану, антисептиктердің ­болуы;

– ЖРВИ, тұмау белгілерімен жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларды үйге шақыру келіп түскен жағдайда бірінші кезекте қызмет көр­сету;

– 2024 жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмау­ға қарсы вакцинация жүргізу.

Тегін негізде вакцинация тәуекел тобына жататын адамдарға: меди­цина қыз­меткерлері, меди­ци­налық ұйымда дис­пансерлік есепте тұрған балалар, сәбилер үйлерінің бөбек­тері, қарттар үйлерінің контингенті, эпиде­мио­логия­лық көрсеткіштер бойынша (2-3 три­местр­дегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адам­­дар, 65 жастан асқан адамдар және т.б.) тір­кел­­ген жері бойынша емханада жүргізілетін бо­лады.

Жалпы тегін негізде 60 мың адамды егу жос­парланған. Қазір облыстың денсаулық сақ­тау басқармасы мен санитарлық-эпиде­мио­логиялық қызметтері инфекциялық ауру­лар­ға қарсы егу жұмыстарын жасауға дайын.

 

Солтүстік Қазақстан облысы