Ел басына күн туып, дүниені өрт шарпыған Ұлы Отан соғысында Жамбыл ауданынан әскерге 5806 адам аттанса, еңбек майданына 9 мыңнан астам ер-азамат шақырылыпты. Олардың 3,5 мыңға жуығы оқ пен оттың арасынан оралмаған. Қарасаңыз, осыншама шаңырақ күйреген, қаншама ана жесір, қаншама бала жетімдіктің қамытын киген... Есептеудің өзі қорқынышты...
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Жамбыл аудандық ардагерлер ұйымын соғыс және еңбек ардагері Оралбай Талысбаев басқарды. Ол жауапкершілікті жете сезінетін азамат еді. Марқұм ағаны бүгін үлкенге де, кішіге де үлгі-өнеге етуге әбден лайық. Аталған ұйым сол кезде игі істерге ұйытқы болды. Оралбай ағаның ұсынысымен елді мекендердегі ардагерлердің тізімі жинақталды. Әскери комиссариаттың мұрағаты ақтарылды. Майдан даласынан хабарсыз кеткендердің аты-жөні нақтыланса, аман қалып, бейбіт өмірге араласқандарының дәйегіне жіті назар аударылды. Бары түгенделді, жоғының дерегі жинақталды.
Міне, осы кезде Оралбай Талысбаев аса қайырымды істі қолға алған еді. Бұл Жеңістің 50 жылдығы қарсаңымен тұспа-
тұс келді. Сол «Естелік кітаптың» алғы сөзін жазып, алғаш әр ауылдан алынған және әскери комиссариаттағы тізімдер салыстырылып, аудандық «Атамекен» газетінде жарияланды. Осылайша «Естелік кітап» жарыққа шықты. Осы кітаптың әр үйде сақталуының өзі жас ұрпаққа өнеге десек, бір жағынан қыршын кеткен ата-баба аруағын дәріптеп, ұлттық рухымызды асқақтатуға, ерлігімізді паш етудегі баға жетпес құндылық ретінде қабылданды.
Сол кітапты қолға алып, оқып отырмын. Себебі, мамандығыма байланысты кең-байтақ республикамыздың біраз жерін араладым. Жетісу жеріндегі жақсылар мен жайсаңдар жайлы жаздым. Алайда, «Шамның жарығы түбіне түспейді», демеуші ме еді. Сұм соғыс тағдырларын басқа арнаға бұрған үш арысым мен туыстарымның басынан өткен қиындыққа назар аудармаған екенмін. Олар басқыншы жау әкелген сол қырғыннан жапа шекті олар. Байжанның арыстай үш ұлы – Алдаберген, Құдайберген, Жақыпбай Ұлы Отан соғысына қатысып, ерліктің үлгісін танытқанын айту да менің тікелей парызым. Мәскеуді қорғаудағы қиян-кескі ұрыста хабар-ошарсыз кеткен атам Алдаберген жайлы жетпіс жылдан кейін айтуым бір жағынан өкінішті.
Неге деген заңды сұрақ тумай ма мұндайда. Әкем Құдайберген екі жасымда өмірден өтті...
Жаужүрек жауынгер маршал К.Рокоссовский басқарған ІІ Беларусь майданындағы көптеген айқастарға қатысады. Кезекті бір ұрыста жараланады. Емделген соң қайтадан қолына қару алып, қар төсеніп, мұз жастана жүріп, ауыр күндерді басынан өткізіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосады. Туған жерге келісімен екі қолға бір жұмыс деп, шаруаға бел шеше араласады. Аяулы жанды өкпе тұсынан тиген жау снарядының зардабы жиі мазалаған соң анам Рысбала ауруханаға жатқызып, ертесіне келсе, дүние салыпты. Жесірліктің қамытын киген анам марқұмның көрген қиындығын айтып тауыса алмаспын. Әкем Құдайберген жоғары білім алуына қамқор болған Жақыпбай ағатайым елге оралған соң бейбіт өмірде ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.
Ардагер әкем өте ұстамды, кәсібіне адал болды. Қазақ тілі мен әдебиетінен, неміс тілінен шәкірттерге дәріс берді. Осы үйден менің кішкентай кезімде көзіме Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің шығармалары, журналдар мен газеттер түсетін. Әдиша анам мен ағатайым жастана жатып оқитын. Қазір ойласам, балаларының есімдерін Ғабит, Сәбит деп қойғаны ұлыларға ұқсасын, деген тілектерінен туған екен-ау. Сұрапыл соғыстың белгісіндей ағаның омырауында «Ұлы Отан соғысы» және басқа медальдары жарқырайтын. Үңгіртас ауылындағы орта мектепте білім алған шәкірттері оның есімін әлі күнге құрметпен атайды. Анамыз Әдиша да еңбектен қол үзген емес.
Шаңырақтарын шаттыққа бөлеген тұңғышы Төлепберген өмірден ерте озса, Амангелді, Маржан, Сәбит, Ғабит әкелері мен аналарының үмітін ақтап, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүргеніне шүкір деймін. Олардан өрбіген ұрпақ шетінен елжандылық қасиеттерді бойларына сіңірген келешегі кемел жастар.
Ардагер әкемнің соңындағы соңғы үміті мен болсам, майданнан оралмаған Алдабергеннен ұрпақ қалмады. Ол 1940 жылдың соңында Қызыл Армияға шақырылады. Алғашқыда хат келіп тұрыпты. Кейін арнайы дайындықтан өтіп, соғысқа аттанады. «Ұрысқа кіруге дайындалып жатырмыз. Зеңбірекші болдым. Жақсы меңгердім. Уақыт тар. Кейін бәрін айтып жазамын» деген мазмұнда болса керек. Бұл атамның соңғы хаты. Басқа хабар-ошар жоқ. Жан-жаққа жіберген іздестіруімізден әзірге нәтиже болмай тұр.Үмітіміз үзілмейді, бір дерек болар...
Жинақты парақтаған сайын өзім білетін, танитын ардагерлердің есімдері алдымнан шығады. Тасқа басылған тарих деген осы.
«Естелік кітап» тарау-тарауға бөлінген. Мәселен, «Жеңіспен елге оралып, ауылда қайтыс болғандар» деген бөліміндегі Үңгіртас ауылынан әкем Құдайберген мен Жақыпбай ағаның, ал «Майданда отқа оранып, боздақ боп кеткен армандар» тарауында Алдаберген атамның дерегін тауып отырмын. Мен сияқты қаншама адам Жеңістің бүгінгі мерейлі шағында өз жақындары мен туыстарының есімін кітаптан оқып, рухына тағзым етуде десек, шындықтан алыстамағанымыз.
Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарсаңында қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін танытқан әкем жатқан қорымға ескерткіш орнаттық. Марқұм қайтқан жылы көктем ерте шығыпты. Соғыс әкелген қиындық салдарынан сол тұста халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен екені белгілі. Содан болар қорым қоршалмаған. Бейіттерді шаруашылықтың күш көлігіне пайдаланылған түйелері аунап, топырағын жайып кетеді. «Қорымды жаңарту жаман ырым» деген діни ұғым ұстанған көпшілік сол күйінде қалдырыпты. Мұны үлкендер «Түлік төресі ұлықтап кетті, арты жақсы болады» деп болжаған екен. Халқымыздың ырым-наным, сенімінде негіз бар ма деймін. Майдангер қос арысымның, ерте өмірден озған асыл анамның үмітін жалғап жүргенім содан ба екен?! Осылайша күре жол бойындағы төбешікке жерленген марқұмдардың бейіті қай жерде екенін анықтау мүмкін болмады. Солардың арасында әкемнің де қабірі бар.
Ұлы Отан соғысына бірге аттанған марқұм Мерген Игенбаев ата қанды көйлек досының жаназасына қатысып, топырақ салғанын айтатын. Бірақ, томпиған үйінділердің дәл қайсысы кімдікі екеніне күмәнданды. Келісе келе, қорым шетіне ағалы-інілі жауынгер, қос бауырдың рухтары ақыретте бас қоссын деген ниетпен ескерткіш белгі орнаттым. Ұрпақтары жиналып ас бердік.
Әкем соғыс салған жарадан айықпаса да ат баптап, бапкерлігімен танылған. Әкемнің көзін көрген ұзынағаштық шаруа қожалығының жетекшісі, көпті көрген қария Дүйсебек Малдыбаев «ісіне ұқыпты, ақкөңіл, көпшіл жан» болғанын айтады. Анамның «Әкеңнен аумайсың. Ол өте ұқыпты, үстіне қылау түсірмейтін. Әрі бауырмал, уәдесінен айнымайтын, еңбекқор еді» деген сөздері жадымда жатталып қалды.
Сұрапыл соғыс Байжановтар әулетіне осындай қайғы, қасірет әкелді. Майданнан қайтпаған жауынгер Алдаберген атамның қабірі қай жерде екені әлі күнге белгісіз. Тек атамыздай мыңдаған жауынгердің қасық қаны қалғанша күрескенінің арқасында бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізілгеніне тәубе етеміз. Ал біз соғыстан кейін дүниеге келген, майданнан аман қайтқан жауынгердің ұрпағымыз. Сол қырғынның қорлығын да, зорлығын да көрмедік. Тек әкем үлкен шайқастың зардабынан ерте бақилық болды. От пен оқтың ортасынан оралмаған боздақтар қаншама!
Міне, 70 жыл бойы көгілдір аспан астында, тыныштықта өмір сүріп келеміз. Ол үшін бүкіл саналы ғұмыры, денсаулығы, жастық шағы өртке шалынған әке-аналарымыздың алдында иіліп тағзым етуге тиіспіз. Жылдар өтетіні, ұрпақ алмасатыны заңдылық. Ал Алдаберген атамдай соғыстан оралмай, боздақтар қатарында белгісіз кеткен жауынгерлер рухы Жеңіс күні сайын жаңғыратынына, асқақтайтынына сенемін. Өйткені, соңында оны іздейтін, рухы алдында бас иетін туыс-туғаны бар.
Күмісжан БАЙЖАН,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы.
Суретте: соғыс және еңбек ардагері, бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Жақыпбай Байжанов.