27 Қаңтар, 2015

Жалдаптар жазасын алды

410 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
6-бетке ок тескен 2013 жылдың 24 желтоқсанында шағын ғана Петропавл қаласында бүкіл елімізді дүр сілкіндірген қылмыстық оқиға тіркелді. Қылмыскерлер мемле­кет­тік биліктің бір тірегі болып табылатын қызметтегі биік лауа­зымда отыр­ған қызметкерді 10 жасар ұлының көзінше өз есігінің алдында атып өлтіріп, қанға бөктіріп кетті... Бұл – сүмелек қыл­мыскерлердің өздерінің құрықтал­май­тындығына көздері әбден жетіп, билік­тің өзіне дейін қол жұмсауға барған шектен шыққан дандайсуының көрінісі еді. Қылмыс құрықталса ғана билікке сенім зораяды Атақты «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген кеңестік сериалдың басты кейіпкері Жегловтың аузынан шыққан: «Елдегі тәртіп ұрылардың көптігімен емес, биліктің оларды құрық­­тай алуымен анықталады» деген сөз бар. Сол айтқандай, мына қылмысты ашу да биліктің барлық беделін таразы басына тартты. Егер осы қылмыс ашылмай қалса биліктің беделіне әбден нұқсан келетін еді. Енді ше... Қайдағы бір сүмелектер лауазымды тұлғаның өзін еш шімірікпей есігінің алдында атып кетіп жатса, және ол ашылмай қалса, ондай биліктің өз азаматтарын қорғай алады деген қауқарына сенуге бола ма? Қанішердің қолынан қаза болған Жандос Ахметов өзінің тікелей міндеті сол кездегі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (финпол) департаменті бастығының бірінші орынбасары болса да бұл уақытта демалыста жүрген бастығы Нұрлан Шабдардың қызметін уақытша атқаруда еді. Кәмелетке толмаған екі ұлы бар Жандос ар-иманы таза, бес уақыт намазын да қаза қылмайтын аза­мат болған. Тіпті, өзі ғана емес, отбасын­дағы Айтжаны мен Қалижаны, зайыбы Шолпан да имандылық жолында екен. Ешкіммен қастығы, жасаған қысастығы жоқ екендігі де белгілі болып отыр. Сол күні ол қазақ гимназиясында оқитын 10 жасар кіші ұлы Қалижанды алып, жұмыстан үйіне оралған. Әкелі-балалы екеуі кіреберістегі домофонды шұқылап тұрған орта бойлы бөгде адамды көреді. Есіктен кіре алмай тұрған жан екен ғой деп ойлаған болуы керек, екеуі де оған бәлендей мән бермейді, алайда қырағы бала оның көзі өзінікімен түйісіп қалғанда тез тайқып, теріс қарай қалғанын бақылап қалады. Бірақ қанша жерден сезімтал болса да бала бұдан секем алмайды. Әкесі полицияның майоры, үлкен бастық екенін біледі, неден қорықсын? Бөтен адам әкесі есік ашқан бойында тез кіріп, жоғарыға өрлей жөнеледі. Бірақ келесі сәтте шұғыл бұрылып, есіктен енді кірген бұларға қайрылады. Бала оның әкесіне қарай оң қолын көтергенін аңдап қалады. Келесі сәтте гүрс етіп оқ атылады. (Тапаншаның дыбыс тұншықтырғышы да болмаған). Жандос ілгері ұмсынып қалғанда екінші, үшінші оқтар да атылады. Қалижан қорық­қанынан бетін басып отыра кетеді. Қанішер болса бірнеше оқты үзіліс­сіз атқан бойда сыртқы есіктен атып шығады. Сол кезде ғана есін жиған бала қанға бөгіп жатқан әкесін көреді. Алды­мен мылтық гүрсілін, одан кейін баласы­ның «мамалап» шыңғырған дауы­сын үшін­ші қабаттағы пәтерлерінде ас қамы­мен жүріп естіген Шолпан үйінен жүгіре шығады. Алау-далау болып төмен түскен келіншек бірінші қабаттың алаңында қанға боялып, шалқасынан жатқан күйеуін, жанында ес-түссіз болып отырған ұлын көреді. Күйеуінің аузынан қара қан ағып жатыр екен, бірақ әлі жаны бар екені білінеді. Осыдан арғы оқиғаның бәрі оған қалың тұманның ішінде жүргендей сезіледі. Баласын орнынан тұрғызып, жиналып қалған көршілердің бірінен үйіне жібергенін, өзі күйеуінің басын ұстап отырып, «жедел жәрдем шақырыңдар» деп айғайлағанын, асыл жарының көз алдында өмірден ғайып болғанын ол еміс-еміс қана біледі... Өзі асқар таудай пана тұтып келген әкенің қанға боялып жатқанын көрген 10 жасар Қалижанның қайғысын, алған психологиялық соққысын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол етбетінен жатып алып, әлі біткенше «папамайлап» жылағанды ғана біледі. Асыл әкенің қанға боялып жатқан суреті құлдыраңдаған ұлдың есінен мәңгілік кетер ме?.. Жандостың өлімі тек бұл үйдің жеке қайғысы ғана емес, осы күні өте сирек кездесетін қолы таза, жүрегі жылы, ар-иманы нұрлы, оның үстіне кәсіби біліктілігі жоғары жаннан көз жазған себепті бүкіл құқық қорғау саласының, қала берді осындай азаматынан айырылған бүкіл елдің қайғысы еді. Жазықсыз жанға шімірікпестен бес рет оқ атқан қанішер қылмыс орнында бес гильзаны ғана қалдырып, ізім-қайым болады. Оның ізіне түскен тергеушілердің қолындағы барлық дерек те осы ғана еді. Көп уақыт бойы өзіне өзі келе алмаған Қалижан оның тек еуро­палық өңді екенін, үстінде қоңыр куртка, басында тоқыма шәпке болғанын ғана айта алады. Оның сөздерінен жасалған фотороботтың да дерегі соншалықты кедей болатын. Міне, осындай, дерегі мүлде аз, кәнігі қарақшылардың қолымен жасалған қылмыс ұзақ уақытқа созылмай ашылып, қылмыскерлер шетелдерге кетсе де бір-ақ айдың ішінде сәтімен құрықталып, тиісті жазаларын алды. Бұл қылмыстың ашылуы күндіз-түні тыным алмай еңбектенген Қазақстан Республикасы полициясы мен прокуратурасының ғана емес, бүкіл елдің құқық тәртібін сақтаудағы зор табысы болды. Сондықтан да біз осынау резонанстық қылмыстың қалай ашылғаны жөнінде төменде толығырақ баяндап бергелі отырмыз. Қарақшылардың ақыры Қылмыскерлерді іздестіру тобын басқару Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуовке жүктелді. Ал құқық тәртібін сақтау ісін қадағалау Солтүстік Қазақстан облыстық прокуроры Степан Зайтлер мекемесінің мойнында болды. Қаланың барлық аудандарындағы тас және теміржолдармен шығаберістегі күдікті адамдарды жазып алу, әсіресе, қоңыр курткалы, қара шәпкелі адамдарды тіркеу жаппай жүріп жатты. Полиция қызметкерлері қылмыс жасалған маңдағы әрбір ауланың әрбір үйіне дейін кіріп, тұрғындардан көргендерін сұрады. Бөтен адамдардың, қонақтардың қашан келіп, қашан, қайда кеткені анықталды. Әсіресе, 24 желтоқсан күні аулаға тоқтаған барлық мәшинелер, олардан түскен бөгде адамдар тегіс есепке алынды. Бұл іске еліміздің ең білікті деген ізшілдері жұмылдырылды. Қоғамдық резонанс тудырған бұл қыл­мысқа көңіл бөлмеген, айтпаған, жаз­баған БАҚ та жоқ. Халық арасындағы гу-гу әңгіменің де басы осы. Финполды ұнат­пайтындар арасынан «сауап болған екен» деп табалаушылар да табылмай қал­ған жоқ. Тек Жандостың финполға келг­еніне көп уақыт болмағаны, бұ­рын про­­ку­ратурада істегені белгілі бол­ған соң ғана ондайлар тыныштық тапты.­ Ал бұл кезде іздестіру тобы күндіз-түні тыным алмай із кесіп жатқан. Қылмыс жасалған ауданнан радиусы 1-1,5 шақырым жерге биллинг жүргізілді. Бұл осы аумақта қалтафон арқылы сөйлескен адамдарды анықтау деген сөз еді. Тек 1-2 нөмірмен сөйлескен адамдар ғана табылмайды. Бұл нөмірлер еш­кімге тіркелмеген және тексерілген уақытта өшірілген болып шығады. Осы телефон­дардың бірі қылмыскерлердікі болуы керек деген күдік қоюлана түсіп, олар қатаң бақылауға алынады. Кенет... олардың бірі іске қосылып, сайрап қоя береді. Бұл тергеушілерді қатты қуантып, оның қай жерден қосылғанын тез анықтайды. Алайда, онымен сөйлесуші Т.Шлегель есімді кәрі кемпір болғанда ізшілдер сандарын бір-ақ соғады. Бірақ осы кейуана арқылы күрмеуі қиын түйіннің ұшы табылады. Ол үшін осы күнгі озық ком­муникациялық техникаға рахмет айту керек. Әрине, ол үшін кәсіби шебер­лер және арнаулы техникалар керек. Олар­дың қыр-сырын да арнайы осы мамандар болмаса қалың көпшілік біле бермейді. Т.Шлегельге бұл телефонды күйеу баласы В.Синько сыйға тартқан екен. Жедел тергеу қызметкерлері алдымен оның өзінің алибиін тексеріп, сонсоң телефонды қайдан алғанын анықтайды. Күйеу бала жап-жаңа ақ «самсунг» телефонын қай жердегі аялдамадан және қашан тауып алғанын көрсетіп береді. Тек ішінде батарейкасы мен симкартасы жоқ екен, сондықтан жігіт оны қайын енесіне сыйға тартыпты. Телефонды тауып алған күн мен автобус аялдамасы қылмыс болған уақыт пен аумаққа дәл келіп тұр. Енді мамандар осы телефонға салынған барлық симкарталар мен олар бойынша хабарласқан нөмірлерді анық­тауға кіріседі. Соның ішінде күдік Алматы тұрғыны Бинали Хукиевке және Расул Наниевке түседі. Прокуратураның рұқсатымен олардың жүріс-тұрысына аңду қойылып, сөйлескен сөздерінің тыңдалуы барысында екеуінің де мәскеулік Жамалдиевпен таныстығы анықталады. Үшеуара әңгімелерден, сөз саптау­ларынан соңғының қылмыстық іске қатыстылығы хабар беріп қалады. Өйт­кені, сөз арасында оның Петропавлда бол­­ғаны және нақ қылмыс жасалған уа­қытта сонда жүргені және т.б. детальдар оған деген күдікті қоюлата түседі. Абдулэдир Жа­мал­диевтің өзі Мәскеуде тұр­ғанымен Чешенстанда туып-өскен екен. Бір кезде ол Алматыда да тұрып, есірт­кіге байланысты істі болып, үш жыл­­­ға сотталғаны да бар. «Конкурент рем­с­трой» деген ЖК жұмысшы болып тір­кел­генімен нақты айналысатын ісі жоқ, қыдырма, кезбе жолдарда алып­са­тар­­лықпен, делдалдықпен ақша тауып,­ та­мақ асырап жүрген бір қу болып шығады. Қазақстандық ізшілдердің кәсіби шеберлігінің осал еместігін содан білі­ңіз, олар Хукиевті тұтқындаған бойда оның аузына Жамалдиевті Алматыға келтіретін бұлтартпас себептер салып, телефон соқтырады. Сөйтіп, тағы бір ол­жаға қарық болмақ болып келген қан­ішерді қолға түсіреді. Қылмысты іске асырған Павел Ковалевтің есімін Жамал­диев айтып береді. Оны да ізшіл­дер Жа­мал­диевті келтірген жолмен Алма­тыға шақыртып, келген бойында тұтқындайды. Екеуі де қолдарына кісен, аяқтарына бұғау салынған қалпы айрықша этаппен Петропавлға жеткізіледі. Өзінің анық тұтылғанын сонда білген А.Жамалдиев бар шындықты алғашқы жауаптарында-ақ айта бастайды. П.Ковалев те сұрақ­тан жалтармай, өзінің кісі өлтіруге жал­данғанын бірден мойындайды және қылмысты іске асырған тапаншаны қалай бөлшектеп, қайда лақтырғанын көрсетіп береді. Ол көрсеткен жерлерден тапаншаның қаңқалары да табылып, Жандосты атқан оқтың нақ осы қарудан шыққанын дәлелдеген баллистикалық сарап оның сөздерін тірілте түседі. Үш адамның ортасында отырған Ковалевті Қалижан да шынының ар жағынан көріп, куәгерлердің көзінше дәл таниды. Жамалдиев 2013 жылдың басында, Мәскеуде Витта Махмаханов деген қан­дасымен кездеседі. Бұл Витта 2007 жылдың 17-19 наурызында Алматы облы­сының Маловодное ауылында болған қанды оқиғаға қатысқан отбасы­ның өкілі еді. Міне, осы Махмахановтардың бірі Витта Қазақстандағы басқа да қылмысқа қатыстылығы үшін қашып, қазір Ресейде бой тасалап жүреді екен. Жамалдиевтің алғашқы жауабына қарағанда Витта оны 100 мың долларға Петропавл қаласында финполдың бастығы болып жүрген Нұрлан Шабдарды өлтіруге жұмсайды. Оның себебін Жамалдиев Виттаның Маловодное оқиғасында қаза болған туыстарының кегін Шабдардан алуды көздегенінен екенін айтады. Алғашқы жауабында осыны айтқан Жамалдиев қылмысты істі тергеу және сот процесі барысында алғашқы жауабын өзгертіп, неше түрлі бұлтаққа салып бақты. Соның ішінде тапсырыс­ты Камал Жамалдиев есімді ағайым нақ Ж.Ахметовті өлтіруге берді деп бір соққан. Сөйтсе, ондай адам Ресей Федерациясында жоқ болып шықты. Одан Жамалдиев Камал емес, Хусейн Жамалдиев деген ағам тапсырыс берді дейді. Ал уақыты туралы айтқанда тапсырыс жаз айында болды деген. Ставрополь өлкесінің Андропов ауданында тұратын бұл адамның Ж.Ахме­товпен ешқандай мүдде қайшылығы жоқ екендігі дәлелденді. Сонымен қатар, Жамалдиевтің жаз емес, көктемнен бері Петропавлға бірнеше келіп, барлау жасағандығы анықталған. Сондықтан А.Жамалдиевтің қылмыстың ізін қиындатып, уақытты созбақ болған әрекеттері іске аспады. Айта кететін жайт, Жамалдиевтің В.Махмахановтың тапсырмасын орындадым деген ең алғашқы мәлімдемесі де қылмыстық істің материалдарымен дәлелденген жоқ. Бірақ оны жоққа шығаратын да дәлел жоқ. Әйтеуір Маловодное оқиғасы кезінде Нұрлан Шабдар сол облыс финполының бастығы болғаны ғана анық. Н.Шабдарды өлтіруге Жамалдиев мұқият дайындалады. Алдымен ол кісі өлтіретін қанішер іздейді. Осы мақ­сатпен алғаш Заур есімді адамды табады. Басында келіскенімен артынан ол бұл істен айнып кетеді. Одан, 2013 жылдың қараша айында өзімен Ставрополь өлкесіндегі Сұлтан ауылында бірге оқыған, жоғарыда айтылған, П.Ковалев дегенді табады. Ол Ресейдің құқық қорғау саласында істеп, бір кездері бейбіт тұрғындарға, кәрі-жасқа, бала-шағаға қарсы оқ атуға машықтанған қанішер екен. Мерзімінен бұрын қызметтен тайдырылған ол қазір жұмыссыз жүрген көрінеді. Мұндайларға тек ішерге ас, жұтарға арақ, киерге киім болса болды. Жамалдиевтің 50 мың долларлық жұмыс бар дегеніне ол жанып кетеді. Сөйтіп, Н.Шабдарға қастандық жасау ісіне Жамалдиев 2013 жылдың ерте көктемінен бастап кіріседі. Бірнеше рет Омбы және Алматы қалалары арқылы Петропавлға келіп кетеді және жүрген ізін барынша жасырып, үй жалдау, мәшине сатып алу және т.б. істерге алма­тылық танысы Расул Наниевті жал­дап, бәрін соның қолымен істейді. Сөй­лес­кен жұрттың бәріне де өзінің шын есімін айтпай, «Тимурмын» деп танысып, қолынан келгенінше жасырынады. Тіпті, Алматыдан «Тальго» пойызымен келгенде де ешқашан билет алмай, суық қолды жолсеріктерге ақша қыстырып, жасырын жүрген екен. Алайда, өзінің артын осылай, мұқият жауып жүрген сұм Н.Шабдарды анықтауға келгенде шу дегеннен адасады. Өйткені, оның ешқандай жерде суреті болмай шығады, қызмет орнындағы «жеке мәселемен қабылдайды» деген тақтада да аты-жөні ғана бар. Біреуден сұрауға артын тия­нақтап жүрген сұм именеді. Сондықтан оның жалғыз белгісі – қыз­мет­тік мәшине болған. Финполдан шыға­тын қызметтік мәшинелердің ішін­дегі ең бағалысы «Тойота камри-40» екен. Демек бастық осыны мінетін шығар деп түйеді ол. Шын мәнінде бас­тық оны бұрын мініп, өзіне жаңа «Киа Маха­ва» (джип) берілген соң ескісін ақпан айын­да өзінің бірінші орынбасары Ж.Ахме­товке босатқан екен... Сөйтіп, қызмет­тік мәшине Жамалдиевті шу дегеннен адастырады. Жамалдиевтің «объектіні» шатастырып алғандығы басқа да материалдармен дәлелденеді. Соның ішінде прокурордың рұқсатымен оның камераластарына айт­­қан әңгімелері тыңдалғанда да ол жа­нын­­дағыларға өзінің шатасқанын айтқан. Кісі өлтіретін қаруды Жамалдиев Алматыда тұратын танысы Бинали Хукиевтен алады. Қорғану үшін денеге жарақат салатын, ешқайда тіркелмеген және қылмыстық жолмен ату құралына айналдырылған (травматикалық) тапаншаны ол Жамалдиевке 1500 долларға сатқан. Артынан Жамалдиев осы Ху­киевті де қорғаштап, одан тек адамға жарақат салатын тапанша алдым, ал оны оқ атуға айналдырған Петропавлда тұратын басқа, белгісіз адам деп соғады. Мұнысы – қандасының қылмысқа қатыстылығын төмендетудің амалы екендігі белгілі болып тұр. Өйткені, Петропавлда атуға дайын тапаншаны тыққан орнынан ол тек қылмыс жасайтын мезгілде ғана бір-ақ шығарған. Сонымен қатар, ол Хукиевті қылмыс жасалғанын білмейді деп қорғаштап бағады. Алайда, бұрын сөйлескен сөзде­рін тыңдау кезінде Хукиевтің барлық істен хабары бар екендігі анықталған. Сонымен бірге, ол осы оқиғадан кейін жасырынып, Түркияға, одан Ташкентте бой тасалаған. 2014 жылдың 17 қазанында судья Б.Баймұрзиннің төрағалығымен болған Солтүстік Қазақстан облысының ауданаралық мамандандырылған соты Б.Хукиевті аса ауыр қылмысты біле тұра жасырғандығы, суық қаруды сақтағаны және сатқаны үшін 5 жылға, ал А.Жамалдиевті 24 жылға бас еркінен айырды және оның алғашқы үш жылын түрмеде өтеуге шешті. Ковалевке берілген жаза бұдан гөрі жеңілдеу болып, ол 22 жылды арқалады. Оның үстіне бұған берілген жаза Жамалдиевтікі секілді айрықша режімдегі емес, қатаң­датылған режімдегі колонияда өтелетін болды (прокурор да дәл осы мерзім­дерді сұраған еді). Әрине, судьяның шешімімен таласа алмайсың, бірақ алты аласы, бес берісі жоқ адамды аң құрлы көрмей ата салатын мұндай санасыз азғындар қайғырып, жүйкесін жұқартуды білмейтіндіктен еш шаршамай, 22 жылды да оп-оңай атқарып шыға келері сөзсіз екені ескерілмей тұрған сияқты. Сот процесінде айыптау тарабын қолдаған облыстық прокуратураның басқарма бастығы Салтанат Дәрібаева оның жәбірленушілерге аяныш білдіріп, өз ісіне өкінгенін көре алмағанын айтты. Сондықтан да мұндайлар үшін 22 жыл деген мерзім де түк емес, ең бастысы ондайлар түрмеден келген соң бұрын 50 мың долларға кісі өлтірген болса, енді 5 мың теңгеге де адамды өлтіре салудан тайынбайтыны өмірде көрініп жүр... Осы істердің маңында болып, үй жалдау, мәшине сатып алу сияқты жұмыстарды атқарған Р.Наниевті тергеу орындары да, прокуратура да, сот та қылмысқа қатысы жоқ, тек түпкі мақсатын білмей, Жамалдиевтің тапсырмаларын бейбіт орындаушы болды деп оны жауапкершілікке тартқан жоқ. Әділетті сот болмай, біржақты қаралайтын сталиндік сот болса оны да ату жазасына кесері сөзсіз еді. Енді ондайдың бетін әрі қылсын, әрине. Сөз соңы... Барлық күрделі істің қарапайым шешімі болады. Ол көбіне адамдардың оңай байып, оңайдан мол олжа табуды көздеген ашкөздігінен туады. Негізгі тапсырыс берушінің (ол әлі ұстала қойған жоқ) көздеген мақсаты кек болса, мына орындаушылардың бәрінің көздегені қу құлқынның қамы, көп ақшаны оңай жолмен табудың амалы ғана. Сол үшін сүттей ұйып отырған шаңырақты ортасына түсірді. Орнында бар оңалар-ақ, жетімдік көрсе де екі бозбала аман жетер-ау, бірақ жүректеріне байланған шер тарқар ма? Айдың-күннің аманында сүйікті жарынан айырылған жас келіншектің, сүйкімді ұлдарынан айырылған әке мен шешенің қайғысы ортаяр ма? Тез баюды көздеген қанішерлер болса өз мақсаттарына жету жолында жазықсыз адамның өмірі қиылатынын, бүкіл бір отбасына орны толмас трагедияның туатынын ақыл-естері дұрыс болғанымен санасы саңырау болғандықтан керек те қылмаған... Сондықтан да, мұндай адам кейпіндегі аңдар бүкіл қоғам үшін, әділетті адамзат үшін жеккөрінішті. Адам қоғамында өмір сүруге қақы жоқ ондайларды ұзақ уақыт бойы атып отыр­ған, әттең қазір ізгілік принципі алға тартылып, өмір сүруіне мұрсат береміз. Кейбір басылымдар қылмыстың оңай ашылып, қылмыскерлердің тез жазаланғанына «қанағаттанбай» қалыпты. Қазір неше түрлі версиялар ойлап тауып, жалаулатып-ақ жатыр. Соның ішінде Жандос өлтірілген уақытта түрмеде отырған Шиманский деген біреудің тапсырыс бергенін айтады. Алайда, оның кісілерінің мәскеулік Жамалдиев пен Ковалевке қатыстылығын таба алмай әлек... Өткен жылдың 11 желтоқсанында Сол­түстік Қазақстан облыстық қылмыс­тық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырып, оны заң күшіне енгізді. Енді шаңымызды ғана көрсетіп, Жердің екінші шетінен бір-ақ шығармыз деп ойлаған қанішер­лер лайықты жазасын өтеуге кірісті. Бұл, әрине, қазақстандық құқық қорғау­­­­шы­лар мен заң қадағалаушылар ісінің жоғары біліктілігінің арқасында қол жет­кізілген зор табыс екенін тағы да атап өтуге тиіспіз. Шындап кіріссе олар­дың ашпайтын қылмысы жоқ сияқты, тек бар­лық қылмысты ашуға да осындай­ ыж­даһаттылық көрсетсе ғой деп тілейсің. АСТАНА – ПЕТРОПАВЛ – АСТАНА.