Ақтөбе облысы бойынша 2014 жылғы адамдардың жарақат алу деректеріне сүйенсек, жарақат алушылық балалар арасында, әсіресе, ұл балалар арасында – 2924 жағдай тіркелсе, ал жасөспірімдер арасында 1034 жағдай орын алған.
Әрбір үшінші минутта әлем бойынша 20 адам түрлі жарақаттардан қаза болады. Оның 5 пайызы балалар болып келеді. Өлімге алып келетін ауыр жарақаттардың дені жол-көлік оқиғасы мен тұрмыстық жарақаттан болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2014 жылғы мәліметіне сүйенсек, жолда 1,3 миллионға жуық адам қаза тауып, 50 миллионы жарақаттың салдарынан мүгедек болып қалады. Өлім-жітім оқиғасының 59 пайызы 15-44 жас аралығындағы адамдар арасында орын алады екен.
Жастар мен жасөспірімдер арасында өлім-жітім көрсеткішін төмендету және жас ғұмырды мүгедектіктен сақтап қалу үшін арнайы бағдарламалар түзіліп, насихат жұмыстары барынша жүргізілуде. Бірақ «пәле аяқастында» деген. Ойламаған жерден сол пәлеге тап болып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталады. Мезгілсіз мертіккендердің көбі қауіпсіздік шарасын орындамағаны, ережені елемегені анықталуда. Мұндайда «бұл – құдайдың ісі» дейміз де қоямыз. Ал шын мәнінде қауіпсіздік ережесін мұқият сақтаған жанның апаттан да, ауыр жарақаттан да аман қалары анық.
Балалар ауруханасына ауыр жарақатпен келетіндердің қатары сиреген емес. Шұғыл отадан бөлек, ұзақ ем-домды қажет ететін жағдайлар бар. Мұндайда біздер қолдан келген барлық шараны жасаймыз. 9-14 жас аралығындағы балалар жиі келіп түседі және көбі ұл балалар. Ұлдардың қыздарға қарағанда беймаза болатыны анық. Олар экстремалды жағдайда ойнап, қауіпсіздікті елей бермейді. Биылғы жазда жол-көлік апатына ата-анасымен бірге ұшыраған балалардан бөлек, биіктен құлаған балалар көп болды. Ойнап жүріп қол-аяғын сындырып алады, шомылып жүріп сіңірі тартылып, сіреспемен келетіндер де, токқа түсіп күйіп қалғандар да болды. Ал 2-4 жас аралығындағы балалар арасында түйме, ілмек, тиын сынды ұсақ заттарды жұтып қойып, ота жасауға мәжбүр болатын жайттар да азаймай отыр. Дәрігер ретінде ата-аналарға баланы үнемі жіті бақылауда ұстаңыз деп айтқым келеді.
Мәселен, орташа жылдамдықты 5 пайызға төмендету арқылы өлімге әкелетін апаттың санын толықтай 30 пайызға азайтуға болады. Балаларға арналған орындық пен қосымша құрал (жастық) апат болған жағдайда балалар өлімін 54-80 пайызға дейін төмендетеді. Қазақстанда жыл сайын 1-30 сәуір аралығында мектеп жасындағы балалар мен жастар арасындағы жол-көлік және тұрмыстық жарақаттың алдын алу жөнінде республикалық айлық өткізіледі. Акцияның негізгі мақсаты – қоғам назарын мектеп жасындағы балалар мен жастар арасындағы жол-көлік және тұрмыстық жарақат мәселесіне аудару, жол қозғалысы тәртібі туралы білімді жетілдіру. Бұл расында да маңызды шара. Себебі, балалар арасындағы жарақаттан болатын өлім-жітім қан айналымы жүйесі мен онкологиялық аурулардан кейін үшінші орында. Акция неге сәуірде басталады? Оның себебі, мына деректермен байланысты. Қар кетіп, жер құрғаған кезде тұрмыстық жағдайда және жол-көлік апаты арқылы орын алатын жарақат ел бойынша жиілей түседі. Бұған балалардың сыртта ойнауы, тау-тасқа, ағашқа өрмелеп ойнауы, ата-аналардың қадағалауынсыз қалуы себеп. Дәрігерлердің айтуынша, кей ата-ана жарақат алған баласын 2-3 күн үйінде ұстап, дәрігерге уақытында әкелмейді екен. Дәстүрлі емес емнің соңы да сан соқтырып жатады.
Жолдағы және тұрмыстық жарақаттың жоғары болуының тағы бір себебі бар. Ол – жарақаттан сақтандыруға ересектердің жеткілікті назар аудармауы, балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырмауы, мектеп оқушыларының жол жүру мәдениетінің төмендігі, жол қозғалысы ережесін жеткілікті білмеуі, ата-аналардың теріс үлгі көрсетуі (баланың көзінше жол жүру ережесін бұзу) және мектеп жанындағы жолдарға жүргізушілердің назар аудармауы болып табылады. Сондай-ақ, елеп-ескере бермейтін тағы бір жайт, мектептер жанында ақпараттық-көрсеткіштің, тыйым салатын, ескертетін жол белгілерінің жоқтығы. Бұл арнайы рейд барысында да анықталып, айыппұл салынып жататын жағдай. Жол апатының дені қалада орын алады. Сондықтан қаладағы білім беру мекемелері бұл жағдайды барынша қадағалауы тиіс-ақ.
Тұрмыстық жарақат турасында айтар болсақ, мектеп жасындағы балалар үшін тұрмысқа тән жарақатқа велосипед тебу, әткеншек пен жоғарыдан құлау, ыстық пен токқа күю жатады. Соңғы жылдары балалардың қатысуымен топтық жарақаттың көп тіркелуі жағдайды қиындатып отыр. Бұған дәрігерлер де алаңдаулы. Мысалы, бір үйдің 2, кейде одан да көп балалары бірдей тұрмыстық жарақаттың құрбаны болып жатады. Бұл ата-ана үшін тым ауыр. Сондықтан баланы үнемі қадағалап отыру, үйде жалғыз қалдырмау, уланатын, жарақат салатын заттарды биікте немесе арнайы құлыпталатын жәшіктерде ұстау, электр құралдарын арнайы сақтандыру қалпақшаларымен бекіту ережелерін қатаң ұстаған отбасы қайғылы оқиғалардың алдын ала алады. Ата-аналар, балаларыңызды жарақат алудан сақтаңыздар!
Нұрия ҚАЛЕШОВА,
«Арасан Ақтөбе»
ЖШС дәрігері.
Ақтөбе облысы.