Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2024

Ұлттық құрылтай мүшелері қоғам белсенділерімен пікір алмасты

58 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің және Ұлттық құрыл­тайдың бір топ мүшесінің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысында кездесулер өтті.

Ұлттық құрылтай мүшелері қоғам белсенділерімен пікір алмасты

Сурет: akorda.kz

Атап айтқанда, Мемлекеттік кеңесші облыс әкімі Ермек Көшербаевтың, қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуы­мен ішкі саясат мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Жиында азаматтық қоғамды дамыту, ел бірлігін нығайту, ономастикалық жұмысты үйлес­тіру, жастарды қолдау салаларындағы Президент бастамаларын жүзеге асыру барысы және идеологиялық жұмыстың басқа да маңызды бағыттары талқыланды.

Сондай-ақ Ұлттық құрылтай мүшелері жергілікті сарапшылармен жүздесіп, Шығыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан талдау және зерттеу жұмыстарына қатысты өзекті мәселелерді қозғады. Басқосуға қатысушылар өзара бірлескен іс-қимылдың форматын талқылап, өңірдегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуал жөнінде пікір алмасты.

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтайдың мүшелерімен бірге Шығыс Қазақстан облысының Қоғамдық кеңес өкілдерімен жүз­десті. Іс-шарада ол Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында мемлекеттік саясат жүргізу ісінде экономикалық реформаларға басымдық берілгенін атап өтті.

Ерлан Қарин еліміздің өсіп-өр­кендеуі үшін өндірістік әлеуетімізді толық пайдалануға ықпал ететін жүйелі шаралар қажет екенін айтты. Сондық­тан энергия қуатының жаңа көздерін дамыту, атап айтқанда, атом электр стансасын салу өте өзекті мәселе екеніне назар аударды. Мемлекеттік кеңесші атом электр стансасы экономикалық өсімнің маңызды шарты ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның энергетикалық дербестігін қамтамасыз етуге жол ашатын тамаша мүмкіндік екенін айрықша атап өтті.

Өңірлерде кездесу өткізу жергілікті жұртшылықпен диалогті нығайту­ға, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында бірлесіп бастамалар мен ұсыныстар әзірлеуге септігін тигізеді.