28 Сәуір, 2015

Ауыл – елдің алтын бесігі

4823 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
28-04-2015-auyl 01«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполовтың «Ауыл – алтын тамыр» атты мақаласын оқи отырып, ұлтжанды азаматтың қазақ ауылының тағдырына деген шынайы жанашырлық көзқарасына ризашылығымды білдіріп, үн қосуды жөн санадым. Тәрбие тал бесіктен бастау алады десек, сәмбі талдың иіліп тал бесікке айналар орны ауыл екені бесенеден белгілі. Халықтың игі мәдени дәс­түрлері: ізеттілік, қайырым­дылық, мейірім­ділік, қонақ­жайлылық, имандылық, барлық үлгі-өнегенің көрінісі ауылдан басталады. Демек, адами құн­ды­лықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, қателеспейміз. Бүгін­гі ғұлама да, ақын да, дана да кеше­гі ауылда асыр салып ойнап, ауыл­да өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар. Ұлттық салт-дәстүрлеріміздің қаймағы бұзылмай ауыл өмірінде біте қайнасып сақталып келеді. Аранын ашқан, жолындағының бәрін жойқын күшпен еріксіз ілестіріп келе жатқан жаhандану дәуі­рінде иманды ұл мен ибалы қыз тәрбиесінде ауылдық тәрбиенің орны ерекше. Ұлттық сана-сезім, ру­хани байлықтың қайнар көзі де ауылда. Кішіпейілділік, бауыр­малдылық сынды асыл қасиет­терді ауыл ақсақалдары мен абыз­дарының, дуалы ауыз қариялары мен ақ жаулықты аналарының тәрбиесінен аларымыз сөзсіз. Осы орайда, ауылға қолдау көрсету бағдарламасының болуы да, оның құпталуы да, өмірге енгізілуі де заңды құбылыс. «Ауыл – алтын тамыр» мақала­сының да негізгі түп-тамыры осы ауылды қолдауға, гүлдендіруге, сол арқылы егемен еліміздің жарқын келешегінің іргетасын қалауға бағыт­талған, заман талабына сай жазылған толғау деп есептеймін. Оған себеп, автордың «Қоғамдық жандандыру институттары ауыл­дың әлеуметтік мәселелерін жан- жақты зерттеулері керек. Сол себепті ауылға жаңа серпін, кең тыныс беретін кез келді. Ауылды көтеру ісі – әр қазақты қадірлеу деген ұлттық ұстанымды көрсетеді», деп жанашыр, перзенттік ақ ниетін білдіреді. Әрине, мұндай ұсынысқа қосылмауға бола ма? Барлығымыз­дың алтын тамырымыз ауыл екенін біліп қана қоймай, соны жастарға насихаттауға, ауылды дамытуға, буынаралық байланысты қалпына келтіруге бар ынта-жігерімізбен жұ­мыс жасауымыз керек. Халқының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр жұтшылығы үшін ауылды көтеру өзекті мәселе. Қазіргі таңда бұл бағытта жасалып жатқан игі істер ұшан-теңіз, тек солар тоқтап қалмай, жалғасын тауып, ауыл инфрақұрылымының дамуына өзіндік үлесін қосса деген тілек бар. «Жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделіп, кез келген өзгерісті қабылдау үшін ең алды­мен ұлттық болмыс пен рухани құн­дылықтарды сақтай отырып, терең білім мен зерделі ғылымды дамыту шарт», дейді автор. Өте орынды айтылған сөз. Біздің қоғамда терең білім мен зерделі ғылымды дамыту жолға қойылғанымен ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сақтау мәселесі ақсап жататыны ақиқат. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді Әуезов. Кез келген мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы жастар­дың қолында» деп атап айтқан болатын. Сондай-ақ, сол жастардың ел саясатына араласуына, ұлттық құндылықтарымызға ізгілікпен қарауына барлық жағдай жасап отыр. Осы бағытта «Нұр Отан» партиясының съезінде қабыл­данған Доктринада ұлттық құнды­лықтарымыз және төл мәдение­тімізге, қазақ отбасының тәлім-тәрбиесіне мән беруі баршаның көңілінен шықты. Автордың «Ғалым ретінде айтар болсам, біздің елдің азық-түлік қауіпсіздігінің төркіні ауылда екенін ұғынуға тиіспіз. Бұл ретте ауылдың жаhандық экономикалық үдеріске енгенін ескеруді бүгін­гі әлемдік экономикалық жағдай анық байқатты», деуінің өзі Мем­­лекет басшысының әлем­дік экономикадағы күрделі жағ­дай­ларды ескере келе, ел дамуының негізгі бағыты ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіру және азық-түлік өнеркәсібін өркен­дету болып есептеледі деуімен сабақтасады. Ал бұл жұмыстар атқа­рылуы үшін ең алдымен ауыл тұрғын­дарының өмір сүру деңгейі жоғары болуы тиіс, ол үшін елді мекендерді абаттандыру, тұрғындарының өмір сүруіне, кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы жағдай жасалуы қажет. Осы бағытта «Нұр Отан» пар­тия­сы «Біздің ауыл» атты партия­лық жобасын ұсынып, іске асыру үстінде. Мұндай игі шара осы­мен шектелмейтініне сеніміміз мол. Бүгінгі күні еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дең­гейі жылдан-жылға артып, өмір сүру сапасын жақсартуда Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде ауыл шаруашылығын дамытуға өте үлкен көңіл бөлініп отыр. Экономикалық зерттеулер қоры­тындысы бойынша Қа­зақстанның ішкі экономикасы құлдырап кетпес үшін ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен мән берілуі тиіс екен. Осы ба­ғытта облысымызда біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Мысалы, қой шаруашылығын дамыту үшін «Алтын асық», жылқы шаруашылығы үшін «Құлан» бағдарламалары қабылданып, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру жұмыстары қолға алынуда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың аймақ халқы алдында берген есебінде «Аймақ экономикасының негізгі тірегінің бірі – ауыл шаруашылығы» деді. Өткен жылы аталған саланы қолдауға бюджеттен 8 миллиард теңге қаражат бөлінді. Ол 2013 жылмен салыстырғанда 50 пайыздай артық. Қазіргі таңда Жалағаш элеваторындағы зауытты монтаждау жұмыстары аяқталды. Бұл күріш өңдеу көлемін 3 есеге арттырады. Асыл тұқымды мал басын көбейту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ветеринариялық бақылау қыз­меті өз алдына бөлек облыстық басқарма болып құрылды. Ветери­нариялық бекеттер үшін 133 ғимарат, автокөлік пен керекті жаб­дықтар сатып алуға 425 миллион теңге бөлінді. Былтыр 6,7 мың тонна балық ауланды. Балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс істейді, олар жылына 11 мың тонна балық өңдей алады. Автордың «ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін білім мен ғы­лым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ауылдың темір­қазығына айналуы тиіс» деген уәжімен де толық келісемін. Осы орайда И.Әбдікәрімов атын­дағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжі туралы айтып өткім келеді. Бастауын сонау 1930 жылы Қазалы малдәрігерлік-зоотех­никалық техникумынан алған, бүгінде 85 жылдық тарихы бар біздің колледж ұжымы да ауылдың дамуына өз үлесін қосып келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы бойынша аграрлық маман­дықтар тізімі кеңейтілген. Осыған енген мамандықтардың дені біз­дің колледжімізде оқытылады. Аталған бағдарлама бойынша өткен жылы облысымызда 585 маманға үстемақы төленіп, 442 адамға же­ңілдетілген несиелер берілді. Осы­лардың ішінде біздің колледж түлек­тері де бар. «Дипломмен – ауылға!» жоба­сының тиімділігі объективті тұр­ғыдан дәлелденіп отыр. Осы уақыт ішінде ауылға келіп, жұмысқа орналасқан педагогтардың саны 1,8 есе, дәрігерлердің саны 2,7 есе өскен. Жалпы, бес жылдың ішінде ауылдық жерлерге 30617 маман, оның ішінде білім беру саласына 22436, денсаулық сақтау саласына 6200, мәдениет саласына 446 адам тартылыпты. Мұның өзі ауылдың дамуына, ілгерілеуіне үлкен ықпал болары анық. Автордың «бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең елге қызмет ететін басшы болады. Ол болашақ тірегі – зиялы қауым өкілі болып қалыптасады. Жастардың ауылға деген көзқарасын өзгерту шараларын батыл іске асырсақ мәні зор үлкен іс болмақ. Жастарды осы бағытта тәрбиелеуіміз ел үшін, қоғам үшін кезек күттірмейтін керекті шаруа», деуінің өзі өмірлік маңызды көзқарас. Сыр өңірі – алты Алаштың басын қосқан, қаймағы бұзылмаған қасиетті мекен. Осындай өңірдегі Н.Ілиясов ауылы бүгінгі заманның «заманауи ауылы» атанған елді мекен. Кеңес Одағының Батыры Н.Ілиясов, қазақ әйелдерінің ішінен шыққан тұңғыш Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдіраманова, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов және бүгінгі күннің еңбек майталманы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сынды азаматтар түлеген ауылдың даңқы қазір Қазақстанның қай түкпіріне де танымал. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сыр бойына жасаған ресми сапарында берекелі ауылға өз бағасын берді. Келешекке қол созған ауыл бейнесіне көңілі толған Мемлекет басшысы өз бағасын: «Барлық ауыл Нағидай болсын» деген тілекпен түйіндеді. Мемлекет қолдауы және кәсіп­керлер мен ауыл тұрғын­дарының бірлесе жұмыс жасауының арқа­сында ауылды абаттандыру мен гүлдендірудің, әлеуметтік-эконо­микалық дамуының негізі қаланды. Автордың «Ауылым – алтын бесі­гім» бағдарламасы болады деген сенімі орынды, қолдауға лайық. Әрбір жан ауылдың тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен ғылымы, хал-жағдайының жақса­руына қолдарынан келгенше үлес қосуы керек. Себебі, ауыл күйзелсе, халық өмірі жақсармайды. Алдағы уақытта барлық адамзат көрікті ауыл, келбетті қалада тұрмыс кешуге тиіс. Жасампаз ауылдың тұтқасы – білімді де өнегелі жастардың қолында деп білемін. Сұлтанбек ТӘУІПБАЕВ, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор. ҚЫЗЫЛОРДА.