Пікір • 17 Қыркүйек, 2024

Ел ертеңі – өз қолымызда

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы халықтың көкейінде жүрген мәселелері көтерілген маңызды құжат болды. Біз бұдан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымының жарқын үлгісін көре аламыз.

Ел ертеңі –  өз қолымызда

Сурет: ашық дереккөзден

Мен құқық саласының маманы ретінде Жолдаудағы бірқатар мәселеге назар аудардым. Соның бірі – Президент айтқандай, тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекіту мәселесі. Мемлекет басшысы мұны шын мәнінде маңызды қадам деп атап өтті. Дегенмен ол кәсіпкерлерге ескертпесін де жасырып қалмады.

«Кәсіпкерлер қаржыны рес­публикалық бюджетке ауда­ру мәселесіне келгенде Үкі­­­метпен және Бас про­куратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кә­сіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», деп қатаң талап қойды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Бас прокуратура мен Үкімет арасындағы осыған қатысты мәселені, қарым-қатынасты заңды түрде реттеуді тапсырды. Бұл бұған дейін толық реттелмеген еді. Мысалы, кәсіпкерлерден қайтарылған мүлік құпия ре­тінде сақ­талатын. Алайда біреу­­дің қонақүйі қайтарылған бол­са, оны елдің бәрі біледі. Сондықтан Президент енді құпия емес, ашықтық керек екенін айтып отыр.

Жолдауда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – атом электр стансасының құрылысы. Бұл бұған дейін де талай мәр­те қоғамдық талқылауға салын­ған тақырып. Міне, жыл өткен сайын елімізде электр энергиясының тапшылығы сезілгендіктен, Президент АЭС салу қажеттілігіне қайта айналып келіп отыр.

Қазіргі таңда еліміздің оң­түстік өңірі энергияны ең көп тұтынады. Атом электр стансасының сол жақтан салынуы бекер емес. Біздің мамандар қазір ең заманауи технологиялары бар, жаңа буындағы АЭС құрылысын қарастырып жатыр. Егер осы жоспарымыз сәтті жүзеге асатын болса, халқы күн санап өсіп бара жатқан оңтүстік өңірі ғана емес, еліміздің барлық аймағын тиімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз.

«Қазір әлемде энергия тап­­шылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр», деп атап өтті Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, әлемнің көптеген елі электр энергиясына қол жеткізу үшін АЭС-ке жүгініп отыр. Ол өз кезегінде өнеркәсіп пен инфрақұрылымның дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына оң ықпал етеді. Өйткені жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сарапшылардың айтуынша, көрші Өзбекстан жаһандық трендтерді бізден ерте бастап отыр. Олар өзінің аймақтарын дамытуға АЭС салып жатыр. Атом электр стан­­­сасының керек екенін бәрі түсі­неді.

«Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәсе­ле бойынша өз пікірімді айт­тым, яғни референдум тақы­ры­бының қоғам талқысына түс­кеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қол­даймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын», деді Мемлекет басшысы.

Еліміздің азаматтары осы күні барлығы бір кісідей жал­пы­­ұлт­тық референдумға қа­ты­сып, мемлекетіміздің ертеңі үшін маңызы зор іс-ша­ра­дан қалыс қалмауға тиіс. Әрқай­сымыздың дауысымыз ма­ңыз­ды. Біз ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін дұрыс таңдау жасауымыз керек.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауы сүбелі мәселелерді көтерген, елдің үмітін оятқан маңызды жаңалыққа толы болды. Оны жүзеге асыру тек биліктің қолындағы іс емес, оған бәріміз жаппай атсалысуымыз керек. Президент ұйытқы болған Әділетті Қазақ­станды құру – өзіміздің қолы­мызда.

 

Марат БӘШІМОВ,

Мәжіліс депутаты