Экономика • 17 Қыркүйек, 2024

«Салықтың артуы компания табысының өскенін айғақтайды»

90 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өндіріс үдерісіне үлес қосып жатқан компанияның бірі – өнер­кә­сіп­тік сүз­гі­лер­ді шығарумен айналысатын «Asiafilter». Бас дирек­­тор Индира Нұрланның ай­туынша, компания сапа, сервис тұр­ғы­сынан шетелдік бәсекелестерден еш кем түспейді. Осы орай­да кәсіпорын басшысымен сұхбат құрып, компанияның ғана емес, осы кәсіптің нарықтағы қазіргі ахуалын зерделеп көр­дік.

«Салықтың артуы компания табысының өскенін айғақтайды»

– Біз негізінен ірі зауыт, фабри­ка­лардың ауыстырылатын бөлшектерін қойып береміз. Көпшілік әлі де болса шетелдік өнімге иек артады. Шетелдік жеткізушілер де бар клиентін сақтап қалуға барынша тырысады. Сол үшін тұтынушыларға техміндеттемені, пас­портты бермейді. Әрине, бұл алып­са­тарлықты өрістетті және ол алыпсатар­лар – отандық компаниялар емес. Көп жағдайда бізге құрылғы әкелетін еуро­па­лық компания өкілдері Ресейде орна­лас­қан. Сонда алыпсатарлықтың да жемісін шетелдік компания­лар көреді. Бұл жағдай валю­таның сыртқы кетуіне жол ашады. Қазіргі сәтте ауа тазалайтын фильтрмен қамту бойынша отандық нарық­тың 10-20%-ын еншілеп тұрмыз. 70-80%-дық межеге жеткіміз келеді. Негізгі тұтыну­шы­ларымыз – өндіруші компаниялар.

– 2022 жылғы геосаяси ахуалдың күрделенуі кәсіпке әсерін тигізді ме?

– Сол уақытта транспорт бағасы қымбаттады және жет­кізу уақыты ұзарды. Сонымен қатар Еуропадағы өнім бағасы көтеріліп кетті. Өйткені олар негізінен газға қатты тәуелді ғой. Осы тұрғыдан теріс ықпалын сездік. Ал өндіруші компаниялар тарапынан сұраныс азайған жоқ. Өйткені ауа тазалайтын фильтрді ауыстырмаса өндіріс тоқтап қалады.

– Компания жетістігінің сыры неде? Қандай құндылық сіздерді алға жетелейді?

– Бәрі де үлкен мақсаттан басталады. Біз шағын және орта бизнес ретінде экономи­ка­лық қауіпсіздікті қамтама­сыз етуіміз керек. Оны «елдің қамы үшін істеп жатырмын» деп популизмге салынып айтсам да болады. Бірақ бизнесте патриоттық сезімге соншалықты орын жоқ. Бизнесте нарықтағы үлес пен ақша деген түсінік қана бар. Біз, яғни шағын және орта бизнес қаншалықты табыс­ты, қаншалықты өміршең болған сайын өзіміз орналасқан өңір­дің экономикалық қауіпсіздігін соншалықты қамтамасыз ете аламыз. 20-30 адамға жұмыс беріп отырсам, олардың әрбірі табыс табу арқылы кемі 4 адамға ықпал ете алады. Сонда мен кемі 80-100 адамның өміріне оң әсер тигізіп отырмын деген сөз.

– Қыз-келіншектер, әдетте, кәсіпте сән саласын, қоғамдық тамақтану саласын таңдап жатады. Сіздікі – өндіріс саласы. Қалайша дәл осы сүзгі өндіру сегментіне кеп қалдыңыз?

– Расында, неге осы салаға түсіп қалдым екен деп өзім де күнде ойланамын. Бәрі де мақ­саттың масштабына байланыс­ты сияқты. Ойлап қарасам, бала кезімнен-ақ ауқым­ды дүние істесем екен деп армандаппын. Егер мен сән салонын ашсам, сол үйде немесе сол ауданда тұратын санаулы әйелді ғана әдемі қыла аламын. Бәлкім, сол нәрсе себеп болған шығар – осын­дай ауқымды бизнеске келдім. Бұл – алып­са­тар­лық емес, үлкен өндіріс. Қаншама адамды жұмыспен қамтимын. Салық­ты адал әрі ашық төлеймін. Ол салық мемлекет, ел қаже­тіне жұмсалып жатыр. Төлеп жатқан салы­ғым­ның артуы компа­ния табысының да өсіп жатқанын айғақтайды.

– Мемлекеттің бизнеске қатысты саясаты көңіліңізден шыға ма?

– Шығады деп толық сеніммен айта аламын. Бірақ осы ретте аздап шегініс жасауға мәжбүрмін. Осы уақытқа дейін мемлекеттен несие де, жеңілдік те алмай, өз-өзімізбен дамыдық. Түсінгенім – мемлекет әрқашан көп жеңілдік жасаған. Бірақ оның ешбірі бізге жетпеген. Неге? Өйткені ақпараттандыру жүйесі әлсіз жұмыс істеген. Тағы бір айта кетерлік жайт – мемлекеттен бөлінген ақшаны біз естімейміз, соның есесіне оны пысық адамдар орта жолдан іліп кетіп жатты. Ол пысықайлар елдің адамы болып, ақша өзімізде қалып жатса ештеңе емес, мәселе олардың шетелдік компаниялар екенінде.

Ал қазір отандық өнімге ден қоя бастады. Бұрын ірі зауыттардың есігін мың рет қақсақ та, қарамайтын. Ресей бар, Германия бар, сен кімсің деген менсінбеушілік менмұндалайтын. Не әсер еткенін қайдам, қазір өзгеріс байқалады. «Сен отандық өндірушісің бе, келе ғой» деп құшақ жая қарсы алады. Себебі жылдың соңында олар жергілікті қамту үлесі туралы есеп өткізеді. Көбі осы күнге дейін қызметтер көрсетуді осы «қамту үлесі» санатына кіргізіп келді. Олар қандай да бір жөндеу жұмыстарын, қар тазалау жұмыстарын «жергілікті қамту үлесіне» кіргізіп жібереді де, тауар санатын елемей қоятын. Сөйтіп, тауар көлеңкеде қала беретін. Олар қызмет көрсету ұйымдарын сырттан шақыра алмай­ды ғой, сондықтан жер­гілікті компаниялар қыз­метін тұты­нады. Ал тауарды сырттан алдыр­ғанға үйре­ніп алған. Отандық тауарға мойын бұрып та қарамайтын. Енді сол сең бұзыл­ды. Биыл естідім, енді екі санатты – «қыз­мет көрсету» мен «тауар тұтынуды» екіге бөліп қарастырады дегенді. Бәлкім, осы тәр­тіп себеп болып жатқан шығар.

– Сіздің өнімдер шетелдік өнім­дер­ден несімен ерекше­ленеді?

– Сапа тұрғысынан неміс фильтр­лерінен кем түспейміз. Біз де сол еуропалық технологиямен істейміз. Бұл жерде тағы бір қызық нәрсе бар. Негізі, біз Еуропаға, еуропалық өнімге «уау» деп қараймыз. Ал шын мәнінде таңырқайтын түгі де жоқ. Бізге өзімізге деген сенім жетіспейтін секілді көрінеді. Дәл сондай инженер, дәл сондай талантты кадр, дәл сондай технология бізде де бар. Тіпті кей кезде бір-екі қадам алдамыз деп айта аламын. Бұл сөзді мен еуропалық азаматтармен жұмыс істеген тәжірибемнен кейін айтып тұрмын. Артықшылығымыз неде? Біріншіден, біз – отандық өнімміз. Дайындау және жеткізу мерзімі өте жедел. Сонымен қатар эксперттік көмек ұсынамыз. Егер зауыттағы фильтр жұмыс істемей қалса, қандай да бір ақау шықса, эксперттеріміз барып, шұғыл ретке келтіреді. Германиялық фильтрді алып, кейін соны жөндеуге шақыратын болсаңыз – германиялық компания өкілдері келгенше, ақауды анықтағанша, оны жөндеуге келіс­кенше, барлық қажетті құжатты әзірлегенше, қанша уақыт өтіп кетеді, тиісінше, зауыт бір ай бойы жұмыс істей алмай тұрып қалады.

Біздің зауыт төрт бағытта жұмыс істейді. Әкімшілік ғима­раттар, бизнес-кеңселер, мек­теп, аурухана, сауда орта­лық­тары, барлығында фильтр тұр. Оның міндеті – ауаны ішке тазалап кіргізу. Салынып жатқан көпқабатты үйлерде де желдету жүйесі қарастырылған. Бұл бойынша бір цех жұмыс істейді. Фармацевтикада қолда­ны­латын фильтр­лер бар. Дәрі жасау барысында ауа абсолютті таза болуға тиіс. Ең жоғарғы сападағы, ең керемет тазаланған ауа операциялық залдарда болады.

Екінші фильтр түрлері зауыт, фабри­ка­ларға жөнелтіледі. Негізгі тұты­ну­шы­ла­ры­мыз – алпауыт метал­лур­гия, це­мент зауыттары.

Үшінші сала – сұйық фильтр­лендіру деп аталады. Мысалы, тағам өндірісінде. Онда қант сұйықтығын фильтрден өткі­зеді. Яғни ауа емес, сұйықтықты сүзгі­лей­ді.

Төртінші бағыт – фильтрленген салфеткалар. Ол негізінен, өндіруші компанияларда қол­данылады. Мәселен, кен өнді­ріл­ген кезде ол сүзгі арқылы өтеді. Сол жерде пайдалы, пайдасызы айырылып, жіктеледі. Төрт цех та Щучинск қала­сында орналасқан. 25 қызметкеріміз бар. Соған қарамастан өндіріске әрдайым білікті маман іздейміз. 25 қызметкер осын­ша үлкен кәсіпорын үшін аз көрі­нетін шығар. Алайда жұмыстың бәрі авто­маттандырылған, көп адамның қажеті де шамалы. Бұрын кәсіпорынның дең­гейін жұмысшы санымен өлшейтін. Қазір «көп адамы бар компания – ірі ком­па­ния» деген ұғымның күші жойылып келе жатыр.

– Дәл қазір өндіріс қуаты қай дең­гей­де?

– Орташа есептеумен алғанда, айына 7 000-8 000 сүзгі жасап шығарамыз. Жа­­­қында тағы бір автоматтық желіні іске қосамыз, демек өнім көлемі де арта түспек.

– Компанияның экспорттық әлеуеті қандай?

– Қырғызстан мен Өзбекстан­ға тауар жеткізіп отырмыз. Жа­қында Өзбекстанда филиал аштық. Қырғызстан да – дамушы нарық. Ол жаққа да белсенді тауар жеткізіп отырғымыз келеді. Ішкі на­рыққа қа­тысты айтар болсам, жақын перс­пек­ти­ва­да Шымкентте бір өндіріс нүк­тесін ашуды жоспарлаймыз. Шымкент – мегаполис және ірі өндіріс ошақтарына жақын орна­ласқан. Ауа райы да қолайлы. Басты экспорт­тық тұтынушымыз болып отырған Өзбек­стан мен Қырғызстанға да жақын өңір. Осы факторларды ескере келе сол жақтан өндіріс орнын ашқан тиімді болмақ.

– Рахмет.

 

Әңгімелескен –

Абай Аймағамбет,

«Egemen Qazaqstan»