Суретте: Лиана Байсеит, «Central Asia Energy Fellowship» бағдарламасының қатысушысы
NU еліміздегі «SDSN» – БҰҰ Тұрақты даму ұлттық кеңсесі ретінде оған 25 отандық университет пен ғылыми-зерттеу институты бірігеді. NU провосты Илесанми Адесида аталған жоғары оқу орны тұрақты даму мен климаттың өзгеруіне қарсы күрес қағидатын ұстанатынын айтты.
«Климат өзгеруіне қарсы күресте білім мен инновацияның маңызы зор. Біз қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге білімді көшбасшыларды даярлауды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан біздің студенттер мен зерттеушілер жаңашыл тың идеяларды дүниеге әкеліп, басқаларға үлгі болып отыр», деді ол.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі, доктор Рашед Мұстафа Сарвардың айтуынша, еліміздегі 6 миллионнан аса бала климаттың өзгеруі салдарынан зардап шегеді екен. Мәселен, соның ішінде табиғаттың тосын апаттары бала денсаулығы мен оқуына кері әсер етеді. ЮНИСЕФ-тің өкілінің пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы жергілікті деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар әлемді алаңдатып отырған мәселені шешуге айтарлықтай үлес қоспақ.
«Климаттың өзгеруіне қарсы ЮНИСЕФ үкімет пен жастарды, академиялық ортаны, серіктестеріміз бен қауымдастықтарды толық қолдайды. Біз жастардың осы бағыттағы белсенділігіне жол ашсақ дейміз. Индустрияға дейінгі дәуірден бергі жаһандық температура Цельсий бойынша шамамен 1,1 градусқа көтерілді. Ал 2030 жылға қарай тағы да 1,5 градусқа көтерілмек. Бірқатар аймақта температура 35 градустан жоғары қалыптан тыс ыстық болғанын байқадық», дейді доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
Конференция барысында қатысушылар климаттың өзгеру аспектілерін қозғап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе елімізге өзекті мәселенің бірі – Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі тақырыбы да талқыланды. Сессия қорытындысында жастар алдағы қараша айында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-конференциясында (COP 29) бірлескен мәлімдеме жасайтын болды.
«Ecostep» атты әлеуметтік жобаның негізін қалаған. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Мадина Әсетқызы қазір жастарды алдымен қайта өңделмейтін ресурстарды ұтымсыз басқару мәселесі де толғандыратынын айтты. «Біздің міндетіміз – табиғатты және оның байлығын бізден кейінгі ұрпаққа аман сақтау», дейді ол.
Сондай-ақ жиында климат өзгеру келіссөзі барысында жас көшбасшылардың рөлі мен олардың бастамаларды дайындауға қалай үлес қосатыны да сөз болды.