Тұлға • 17 Қыркүйек, 2024

Жүзге дейін жүрегі жыр деп соққан

237 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жүзге дейін жүрегі жыр деп соққан... «Арыстанның артында терісі қалады, ақын­­ның артында асыл сөзі қалады» демей ме дана халқымыз? Жетісудан шық­қан атақты әнші, композитор, ақын Кенен Әзірбаев кезінде белгілі жыршы да болғаны мәлім. Кененнің жыршылық репертуарында Орта Азия халықтарына ежелден әйгілі болған «Ер Төстік», қырғыздың атақты эпосы «Манас» («Көкетайдың асы») жырлары ерекше орын алып келді, оларды асқан шабытпен жырлады. Біздің дәуірімізге ақын идеялық-көркемдік мәні күшті «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» жырларын жеткізді. Өзге жыршылар секілді Кенен де бұрынғы эпостың ең тартымды, асыл нұсқаларын халыққа тарату жолында аса пайдалы еңбек етті. Қазақтың «Ұлы жүз жайында аңыз», «Жалғыз қаз», «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» секілді ондаған эпикалық жырын Кенен жыршы наси­хаттап отырды. Ал тамаша қаһармандық жыр – «Бұрынғы өткен батырлар» («Көкетайдың асы») атты қырғыздың атақты эпосы «Манастың» бір бөлімі, біздің дәуірімізге жетуі жыршылық дәстүрдің баға жетпес қызметін сипаттай алады.

Жүзге дейін жүрегі жыр деп соққан

Қасиетті Қордай өңірінде өткен, көпті көрген, көп жасаған дана қарт Байсақ дүниеден өтерінің алдында халін сұрай келген бала Кененге: «Е, Кененсің бе? Боларсың-ау, боларсың... Шырғанақтан сөз келсе, шырғаушының тап өзі боларсың түбі», деген екен. Кенен ақынның болашағынан үлкен үміт күттіртсе керек. Ақынның өнердегі бағын ашқан қырғыз манабы Шабданның асы деуге толық негіз бар. Асқа Петербургтен бергі жерден қырық мың кісі шақырылып, қырғыз, қазақтан даңқы шыққан талай ақын-жыраулар келеді. Бұл жиынға Қастектен жалғыз атын сабалап, домбырасын жебелеп Жамбыл да жетеді.

Бұрын мұндай жиынды көрмеген әрі Жамбыл, Тоқтағұл, Қалмырза, Арқа­байдай атақты, төкпе ақындардан кейін кезек алған жас ақынның жүрегі дауаламай, топ алдында екі рет айқайлағанда да даусы шықпай қалыпты. Сол кезде көп­­шілік: «Ер кезегі үшке дейін деген, жас бала ғой, тағы бір көрсін!» деп шулапты.

Сарбасша құлағын бұрап, домбырасын көкке бұлғап үшінші рет айқайлағанда барып кеудесінен жыр шығады:

«Мен өзім жол көрмеген ақын едім,

Атақты ақын Сарбастың жақыны едім.­

Өнерім өр қияға алып ұшты,

Астында алты уықтың жатыр едім».

Бірте-бірте өр дауысы жалпақ даланы жаңғыртып, айналасы атшаптырым жиналған жұртты таңдай қақтырады. Осы жолы «Көпшілік көрсін әнімді» деген келісті ән-жыры үшін бас жүлденің бірін, Жамбылдай даңғылдың ақ батасын алып қайтады. Әніне соншалықты риза болған Жамбыл дауылпаз әншінің бетінен сүйіп, көңілін көкке көтереді.

Енді Кенен өмірінің жаңа кезеңі бас­талады. Ол туған елінің сыйлы қона­ғы болып, көп жерді аралап, халық өмі­рімен тереңірек танысады, оның мұң-мұқтажына, қайғысы мен қуанышына ортақтасады. Ел кезіп жүрген шақ­та­рында халық өнерпаздарымен танысып, өзінің музыкалық, поэтикалық қабілетін дамытып, өрістете береді.

Міне, Шабданның сол асынан бас­тап Кененнің әншілігі мен ақындығы, жыршылығы қырғыз, қазаққа бірдей тарайды. Жамбылдан бата алып тұсауы кесілген Кененнің жолы да, бағы да ашылады. Қойдан құтылып, халық жыршысы деген атқа ие болады. Ол енді ән мен жырдың дүкенін қыздырады.

Кенен ақын Жетісуда туып, Жамбыл­дың қайнар бұлағынан сусындаған, сол қалың ақын, шешен, күйшілерден, сал-серілерден үйреніп өскен. Әсіресе Жам­был­дан көп тәлім алған. Кенен ақын ұстазы туралы: «Мен Жәкеңді ең алғаш қырғыздың манабы Шабданның асында көрдім. Сол асқа небір ақын, айтулы әнші-күйші келді, домбыраға, қияққа, сырнайға, сыбызғыға қосып айтады; таңның атысы, күннің батысы ақынға да, әншіге де, күйшіге де дамыл болған жоқ. Солардың ішінен ең даңқы асқандары: Жамбыл, Қалмырза, Тоқтағұл, Өмірзақ, Кенжеқара, Арқабай еді. Арқабай Майкөттің баласы, мен сол жолы «Көпшілік көрсін әнімді» деген өлең айтып, әншілігім мен ақындығым қырғыз, қазаққа бірдей тарады. Тоқтағұл, Қалмырзадай қырғыздың әйгілі ақындары, Сағымбайдай әруақты манасшы арнайы шақырып, жас бұл­бұл деп қолпаштап, үнімді тыңдады, Жамбылдың оң батасын алып, тұсауым кесіліп, жолым да, бағым да ашылды. Содан бастап өле-өлгенше Жамбылдың соңына еріп, қолтығынан демеп жүрдім, жақын шәкірті, үзеңгілес серігі болдым», деп толғанады.

«Жамбылдың бірге жүріп сырын алдым,

Үлгісін, өнегесін жиып алдым.

Болсақ та Шапырашты, Дулат екеу...

 Бір сөзден әділ айтқан танбайтұғын,

Өмірде адалдықты таңдайтұғын.

Жақпаған, жақтырмаған адамына,

Сараңнан да сараң боп тамбайтұғын».

Бұл Кенекеңнің ұстазына арнаған ескерткіші – парыз жыры, «Жамбыл – жыры» екен.

Кененнің тікелей ұстазы – Жамбыл. Әйтсе де, халық поэзиясы тарихында екеуі­нің де өз орындары айрықша. Қатар жан­ған екі жұлдыздың өз жарықтары бар, өз тарихтары бар. Сондықтан да халық поэзиясында Жамбыл – Жамбыл, Кенен – Кенен болып аталады. Ешкім Жам­­был бола алмайтыны сияқты, ешкім Кенен де бола бермейді. Өйткені Кенен ақын­­­­ның өзі көтерер жүк оның бір ба­сын­­­да аз емес. Кенен талай жыр төк­кен, сыр төккен жүйрік ақын. Десе де, Кенен шы­ғар­машылығының арналары мен та­рихи тамыр­лары ғасырлар құрды­мын­­дағы эпос­тар мен әңгіме-хикаяларда жатыр.

Кененнің ақындығы туралы әңгімені оның өзі нәр алған екі арнадан – ақындық және шешендік орта мен дәстүрден бөліп қарауға болмайды. Сонда Кененнің үлгі тұтқан, өнеге алған мектебі бір ғана Жамбыл емес, өзі­міз жақсы білетін өзге де бір­қа­тар ақын­дар болып шығады.

Ендігі бір мәселе – жырау­лық, жыршылық дәс­түрге тікелей қатысы бар ақындық мектебі ха­қында. Ақын да, жыршы да ғайыптан пайда болған емес, олардың өскен ортасы, үйренген ұстаздары және кейін жолын қуған шәкірттері бол­ған. Ұстаздық, мұрагерлік дәстүр келе-келе ұлғайып, белгілі ақындық немесе жыршылық мектепке айналған. Мәсе­лен, Жамбылдың мектебі Сүйін­бай тәрізді ақындар саналса, Үмбетәлі, Кенен, Есдәулет, Саяділ тәрізді ақындардың үлгі алған, өнеге тұтқан мектебі де – Жамбыл мұрасы. «Жамбылдың ізінше Шашубай, Нұр­пейіс, Кенен, Нартай, Саяділ секілді көктем­гі нөсерден соңғы қырдың көгін­­дей қаулаған қалың ақынның аз уақыт ішінде лап қоюы әдебиетіміздің тарихындағы аса бір елеулі құбылыс еді», деп жазады М.Жолдасбеков.

Кенен Әзірбаев – Қабан, Сүйінбай, Шөже, Майкөт, Бақтыбай, Құлмамбет, Жамбыл, Сарбас, Қуандық, Кебекбай, Ноғайбай, Бөлтірік тәрізді іргелі ақын­­дар мен жыршылардың, айтулы шешен­дердің мектебінен өткен, солардың жыр дәстүрінде тәрбиеленген өнер иесі. Бұл аталғандардың үстіне Тоқтағұл, Қалмырза, Сағымбай, Төкпе сияқты қырғыз ақындарын қоссақ, екі елді тел емген Кененнің өнер мектебі тереңдей әрі кеңейе түседі. Сөйтіп, жыр алыбы Жамбыл Кенен тәрізді шәкірттерін өзі өнеге алған ақындық ортаның озық дәстүрінде баулыған.

Шынында да, Кененнің өзі тамсанып, табынып әңгімелейтін соншама жайсаңның, тулап тұрған отты сөз ошақ­та­рының албырт талантқа мектеп болмауы мүмкін емес еді. Кенен өзінің түтеп келе жатқан әншілігі мен ақындығына қажетті нәрді осыншама өнер­паз, өңшең жақсының өнегесінен, халық­тың байтақ қазынасынан алған. Сөйтіп барып ол бірте-бірте өз үнімен, өз тұлға­сымен даралана түсіп, қазақ даласына ғана емес, Қазақстан, Қырғызстан рес­пуб­ликаларына танымал ақынға айнал­ған.

Кененнің халықтық үлгіні пайдалану тұрғысынан қарағанда құнды шығармасының бірі – «Жамбыл – жыр» дастаны. Дастанда аты әлемге әйгілі ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың бізге беймәлім мінез ерекшеліктері, адамгершілік, аза­маттық асыл қасиеттері образды түр­де шынайы бейнеленген.

«Ақтауға парызымды домбыра алдым,

Ойланып шырмауықтай он бұралдым», деген жолдардан қарт ақынның дас­тан­ды жазарда үлкен тебіреніске түс­ке­нін, сүйікті ұстазы – Жамбыл образын жасауға зор жауапкершілікпен кіріс­кенін, сол жолда іздене еңбектенгенін көреміз. Дастан сюжеті тартысқа толы әрі жинақы, ондаған жыл оқиғасы шағын дастанға еркін сыйып кеткен. Оқиға «Жам­былдың бала кезінде» деген бөлім­нен басталады.

«Жабайдан туған баланың,

Жамбыл екен кенжесі.

Көп болыпты еркенің,

Айтқаныңа көнбесі.

Шаруаға қыры жоқ,

Малға қарар түрі жоқ.

Балалармен ойнаса,

Ұрыспай қалған күні жоқ».

Немесе:

«Жылғадан ұшқан торғайды,

Жыр қылып Жамбыл толғайды», деген секілді сәтті табылған жолдар Жамбыл мінезін даралап, өзіндік ерекшелігімен таныстырады. Ақындардың өз талантын жүйрік атқа, тұлпарға баламағаны кемде-кем болар. Кененде де:

«Күліктей топтан озып аршындаған,

Өмірде өлең қуып жүрмін дедім».

Немесе:

«Желген аттай дүрсілдеп», сияқты жүйрік ат, тұлпар бәрі де үнемі ақындық талантты байқататын метафора ретінде алынады.

 «Жамбыл – жыр» дастанындағы тағы бір ерекшелік – негізгі қаһарман бей­несі лири­калық кейіпкердің көңіл күйі арқылы жырланады. Бұл да шығар­маға кең тыныс беріп, көркемдік жаңа сипат дары­та түскен. Мұны, әсіресе «Жамбылды бірін­­ші көргенім», «Жам­был­дың желдір­месі» деген бөлімдерден мол кездестіреміз.

Кенен өзінің «Жамбыл жырында» ұйқастың сан алуан түрін берді. Сонымен бірге ол жырдың көркемдік жағын да дамытып отырды. Жырда кезекті ұйқас, ал «Жамбылдың бала кезі» деген бөлімінде үлкен шеберлікті керек ететін шұбыртпалы ұйқас та кездеседі. Мәселен:

«Ал Жамбылға келейін,

Ақбөкендей желейін,

Домбырамды бұрайын,

Неге қарап тұрайын,

Ұстаздығы бар еді,

Сый-құрметін қылайын.

Жападан туған баланың,

Жамбыл екен кенжесі».

Мұндай шұбыртпалы ұйқас өлеңге интонациялық өткірлік, әуезділік береді. Ақын айтайын деген әсерлі ойын сөз тасқынымен, дем алмас­тан, мүдірместен, бір-ақ айтып шыққысы келетін сияқты. Кенен жырларының осындай ерекшелік қасиеттері өлеңді әрлі, құнды ете түседі.

Өнер иесінің өзіндік бетін, тұлға-бейнесін танытатын сипаттау­лар­дың небір нәрлі, әдемілерін де Кенен шығармаларынан табамыз. Олар бір жағынан мейлінше қарапайым, жатық болса, екінші жағынан аса терең мағыналы келеді, ақын рухын, даралық сипатын, заман келбетін жақсы аңғартады, сонымен бірге олардан ақын­ның қолтаңбасы айқын көрінеді.

«Тай ақын, тарланбоздай кәрі ақын». Осы жолдағы бейнелі сөздердің қай-қайсысын алсақ та, ақынға тән зор мағы­налы, көркемдік қасиетімен көзге түседі. Мұндағы тай, тарлан деген сипаттаулар қарапайым ғана сөздер екені рас. Ал бірақ осы сөздерде үлкен мағына жатыр.

Кенен өз өлеңдерін суырып-сал­малық өнердің қай жанрында болса да шығар­ған, әсіресе көп қолданған өлеңдік қалы­бы – жыр. Ақынның жырлары – көлемі жағынан мол, халық мақалдары мен мәтелдері кең қолданылып, тарихи оқиға­ларды қамтып отыратын, белгілі бір тақырыпты толық жеткізіп бере алатын ұзақ өлең. Жырдың өзі қазақтың батырлық эпосына тән өлеңдік үлгі. Кенен де өз шығармашылығында осы дәстүрді, халыққа түсінікті үлгіні қолданған, оған жаңа мазмұн, жаңа мағына берген. Жырдың тағы бір қасиеті, ол бас-аяғы жинақы, төгілтіп айтуға ыңғайлы болып келеді. Жыр сондықтан да халық шығармашылығында көп тараған форма болуы керек.

Кенен жырларында аллитерация, ассонанстар, біркелкі дыбыстық қайта­лау­лар жиі кездеседі және олар маңызды рөл атқарады. «Жамбылды бірінші көр­генім» деген бөлімде:

«Ауызда айтар сөзі іркілмеген,

Ақынның дер шағы екен бұл күн деген.

Ақырып домбыраны сабағанда,

Адамдай езу тартып бір күлмеген».

Ақынның шабыты, албырт шағы, мінезі төрт жолда терең мағынасымен ғана емес, соған сай түр, көрінісімен де тартады. Жамбылдың бейнесін сурет­тейтін сөздер ылғи «а» дыбыстарынан құ­рал­ған. Төрт жолда «а» дыбысын бес рет қайталайды. Ассонанс негізінде жасал­­ған дауыс ырғақтары анық көрініп тұр. Кенен анафораны – бір сөзбен бастау әдісін де жиі қолданады.

«Біреуге бұл өлеңім көне сарын,

Біреуге бұл өлеңім бал-шырындай!

Немесе:

Жолшыбай «Тік шырқауға» салып жүр­дік,­

Жолшыбай шалдың көзін алып жүрдік».

Анафора суырыпсалмалық үдерісті жеңілдетеді және сонымен бірге мұндай әдісте автордың айтайын деген ойы әсер­лі, айқын болып шығады. Кенен өлең­­нің дыбыстық үндестіктеріне, оның әуез­ді, әсерлі болып шығуына көп көңіл бөл­ген. Сондықтан да Кенен өлеңдерінің бәрі ұйқас, үндестік жағынан құлаққа жа­ғым­ды, дыбыс ырғақтары аса ұнамды келеді.

«Жамбыл тойы» деген бөлімде ақын тоқсанға толған Жамбылдың тойын ғана емес, бақытқа кенелген бүкіл қазақ халқының шат өмірін шабыттана жырлайды. Қырғыз ақындарына сөз беріп, достықты, туысқандықты мақтайды.

«Толқи топқа түскенде,

Тайпалмаға пар еді.

Жолда жүгін қалдырмас,

Жалғыз өркеш нар еді.

Жамбыл аты – жыр еді,

Аш-арықтың ары еді».

Ақын Жамбыл бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген. Жамбыл ақын­ды тайпалма, нар, жыр, ар деу де – халықтық үлгі­дегі мета­ф­оралар. Тай­палмаға теңе­генде даусы зор, айбынды дегенді аңғарт­са, жалғыз өркеш нар еді деп, әрине, ауыс­­палы мағынада, даралық, айбат­тылық, қаһарлылық дегенді білдірсе, «Жам­был аты – жыр еді» дегенде ән мен жырдың дүлдүлі дегенді айтады, «аш-арықтың ары еді» деп қамқоршы, жан­ашыр секілді сипатты таныту үшін айтыл­ған. Дас­танның «Жамбылдың түсі», «Көр­кем­жан туғанда», «Жамбыл жатып қал­ғанда» деген бөлімдерінде көркем­дік, поэ­­зиялық бояу құлпырып көз тартады. Өлең жолдары 11 буынды, бірде 7-8 буын­ды болып, ақынның айтпақ ойының маз­мұ­нына сай түрленіп, өзгеріп отырады.

Дастан оқиғасының шарықтау ­шегі – «Жамбыл жатып қалғанда» де­­ген бөлімде сүйікті ұлы Алғадайдан айы­рыл­ған Жамбылдың тамақ ішпей төсек тартып жатып қалған кезі суреттеледі. Мұхтар, Сәбит, Ғалилар өзара ақылдаса кеп, Жам­­былды жұбатуға Кененді ­алдыртады.

«Алғадай Отан қорғап құрбан болды,

Отанның көңілі үшін орныңнан тұр», деген Кенен үнін естіп Жамбыл басын көтеріп, тілге келеді. Жырда қайғы-азаның қаншалықты ауыр екендігі бір­неше тұспал сурет арқылы да айқын елес береді. Бұлт басып, шұбарланып, мұнартып тұрған күн – осындай символдық бейне. «Бір жемісің жел соғып, жерге түсті» деуі иілмейтін, сүрінбейтін, қайсар ерлердің мүлт басып, жазым болғанын тұспалдап көрсетеді.

Жалпы алғанда, әдебиеттің қандай кезеңде болсын, даму деңгейінде айқындайтын нәрселерге қоғамдық ақыл-ойдың қозғалысын, көркемдік құрал-тәсілдер жүйесін, суреткер­дің талант даралығын жатқыз­сақ, «Бұрын­ғы өткен батырлар», «Қырғызбай», «Әли батыр», «Кенебай – Кербез», «Жамбыл – жыр» дастандары Кенен шы­ғармашылығындағы ерекше құбы­лыс, едәуір көркемдік сипаттар әкелген туынды дей аламыз. Сонымен бір­ге ол ақындық таланты ғана емес, тұтас­тай алғанда, ұлтымыздың белгілі бір дәре­жедегі қоғамдық сана биіктігін көр­сетсе керек.

Ақынның өлең тіліндегі батыл, тың ізденістерді тудыратын оның ақындық ой-өрісінің өлшеусіз кеңдігі, қоғамдық мақсат-нысанасының, көр­кемдік дүниетануының мүлде сонылығы ешбір талас туғызбаса керек. Ақын шығармаларындағы сөз кестесінің, өлең тілінің табиғилығы мен қарапайымдылығы, олардағы қолданылатын бейнелі сөздердің құ­рылыс-бітімі, жасалу ерекшеліктері жағынан мейлінше ұтымды және терең мағыналы болып келуі – осының бәрі ақынның суреткерлігін, шеберлігін, эстетикалық көркемдік сезімінің өзгеше, биік сапасын танытады.

 

Айгүл ӨТЕН,

филология ғылымдарының кандидаты