Байқау • 17 Қыркүйек, 2024

Ардагерлердің өнер бәйгесі мәресіне жетті

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғаты тамылжыған Талғар қаласындағы мәдениет үйінде ардагер спортшылар мен өнерпаздардың қатысуымен «Сала­матты өмір салты» атты өнер фестивалі өтті. Іс-шараның ашылу салтанатында Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облыстық филиалы төраға­сының орынбасары Ілияс Сүгіров өнерді өміріне өзек еткен ардагерлерді құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарды.

Ардагерлердің өнер бәйгесі мәресіне жетті

«Ел іші – өнер кеніші» деген. Халқымыздың ұлттық бай мұрасын, өшпес өнерін ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп, насихаттап жүрген ақсамайлы ардагерлердің ел мәдениетінің дамуына қосар үлестері орасан. Осы себепті, ардагерлер мен зейнеткерлердің қо­­ғамдық белсенділігін ны­ғай­тып, оларды мәдени-бұқа­ра­лық іс-шаралармен қамту, шы­ғар­машылыққа құлшынысын арт­ты­ру – «Ардагерлер ұйымы­ның» басты мақсаты.

Бұған дейін ауыл, ауданаралық байқаулардан топ жарған ардагерлер облыстық бәсекеде де жүзден жүйрік танылуға тырысты. Өңірдің барлық ауданы қамтылған өнер додасында ардагер өнерпаздар вокалды ансамбль, трио, дуэт, жеке орындаушы, мәнерлеп оқудан сынға түсті.

Халық композиторлары Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтің әндерін нақышына келтіре орындаған «Қос жұлдыз» байқауында облысқа қарасты 9 аудан, 1 қаладан 10 команда қа­тысып, сахнада барлығы 60 қария өнер көрсетті. Өнер­паз­дардың әрқайсысы түрлі са­лада қызмет атқарған ардагерлер. Бірі ұстаз, енді бірі дәрігер, келесісі тәрбие­ші, басқа да сан салада табанды еңбек етіп, бүгінгі таңда құр­метті демалысқа шыққан ар­дақты ата-әжелер.

Байқауға қатысқан қазыналы қариялар музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен табиғи дауыс­та тамылжыта ән шырқап қана қоймай, көркемсөз оқудағы ше­берліктерімен көрермендерді тәнті етті. Іс-шара жеңімпаздары «Үздік вокалдық ансамбль», «Үз­дік трио», «Үздік дуэт», «Үздік жеке орындаушы», «Мәнерлеп оқу» аталымдары бойынша мара­патталды. Барлық жеңімпаз ақ­шалай сыйлықтарға ие болды.

Халықтық ән шашумен бас­талған өнер фестивалі ардагерлер арасында спорттық ойын­дарға ұласты. Онда облыстық шах­мат және үстел ойындарынан мамандандырылған спорт мектебінің әдіскері Мерей Айнеков ойын ережесімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Шахмат жарысы – терең ақыл мен епті стратегияға құрылған ойын, сонымен қатар ой-өрісті машықтандыратын, жылдам әрі дұрыс шешім қа­былдауға бау­литын, есте сақ­тау қабілетін жақсартуға үлес қосатын спорт түрі болған­дық­тан, ардагерлердің бұқа­ра­лық спорттың бұл түріне қызы­ғушылықтары ерекше екендігін аңғардық.

«Өмір бойы еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқан ақсамайлы қариялардың қоғам назарында болуы орынды. Олардың шы­ғармашылықпен айналысып, өнерлерін көрсетуде мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, қолдау білдіріліп тұруын қа­лаймыз. Жасы 80-ге жетсе де спорттан қол үзбеген қария­ларымыз бар. Олардың өмірлік ұс­­танымдары мен ойын ше­берліктері өскелең ұрпаққа өнеге болары сөзсіз», дейді жарысқа қатысушы ардагер журналист Тұр­сынбек Жалғасбаев.

Ардагерлер арасындағы шахмат, дойбы турнирінің қоры­тын­дысы бойынша шахматтан Қа­расай ауданы бойынша Аман­дулла Абдимуратов I орын иеленсе, Қонаев қаласынан қатыс­­қан Жақсылық Ахметжанов II орынды қанжығалады. Өз ке­зегінде Иемберді Тастанов, Осман Гаппаров III орынға табан тіреді.

Дойбы жарысы бойынша Бал­қаш ауданынан Марат Қаш­қынбаев I орын, Қонаев қала­сынан Е.Қабылов II орын­ды иеленсе, Талғар ауданынан Қ.Ахметов пен Іле ауданының ардагері Р.Са­да­баев III орын жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарға ақшалай сый­лықтармен қоса, диплом, алғысхаттар табысталды.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар