Қазақстан • 17 Қыркүйек, 2024

Орталық Африкадағы қазақстандық офицерлердің кезекті ротациясы болды

42 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ-ның Орталық Африка Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі көпсалалы кешенді миссиясында бір жыл қызмет еткен майор Арман Бекбаевтың орнына подполковник Айбар Ақтөреев келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орталық Африкадағы қазақстандық офицерлердің кезекті ротациясы болды

фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз орталығының айтуынша Парламенттің шешімімен биыл үшінші жыл Қазақстан бұл елге штаб офицерлері ретінде әскери қызметшілерін жіберіп келеді. Қызмет барысында қазақстандық офицерлер ішкі ахуалға талдау жүргізіп, миссияның әртүрлі компоненттерінің іс-қимылдарын үйлестіреді, қолбасшылық үшін егжей-тегжейлі есептер дайындайды.

Осы уақыт аралығында Орталық Африка Республикасында ҚР Қарулы күштерінің төрт әскери қызметшісі болғанын атап өткен жөн. Қазір онда екі қазақстандық бітімгер бар. Олардың жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесін миссия басшылығы жоғары бағалап, қойылған міндеттерді кәсіби және мінсіз орындағаны үшін қазақстандық офицерлер бірнеше рет алғыс хаттар мен медальдар алды.

Естеріңізге сала кетейік, бітімгерлік миссиясын Орталық Африка Республикасында орналастыруға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 2014 жылдың 10 сәуірінде қолайсыз гуманитарлық және саяси жағдайға байланысты рұқсат берген болатын.